«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дикторлар неге тістеніп сөйлейді?

0 948

Жуырда фейсбук әлеуметтік желісінде белгілі журналист Тоқтар Жақаш елімізге тарайтын телеарналарға байланысты мынадай сын пікір жазды:

«Бір күнімді теледидар көруге арнамақ болғам. Онда да алдымен жаңалықтарды, сосын «не айтып жатыр екен» деп, бағдарламаларды қарағам.
Құдай-ау! Диктор шіркіндер не болып кеткен? 31-арнадағы Информбюро, «Еуразиядағы» «Заң сөйлесін», «Басты жаңалықтардағы» Айгүл деген қыз, «Хабардағы» «Біздің назарда», ұлттық арнадағы «Дабыл» дегендерді көріп біткенше, жүйкемнің мыңдаған талшықтары өліп қалды-ау деймін! Жүрек ауыртар хабарды түнеріп, әлдекімге тістеніп, зілдене отырып хабарлағанда, жаныңды қоярға жер таппай кетеді екенсің! Әлдекімге ұрсып жатқан сияқты. Көкелер-ау! Дикторлықтың да жөні бар емес пе? Неменеге тістене бересіңдер? Кімге зілденесіңдер? Кадр сыртында әлдебіреуден ала алмай қалған өштерің бар ма еді? Көрерменді аясаңдаршы! Қатты айтсам, айыпқа бұйырмаңдар. Қыз баласына шап-шап етіп, ақпаратты беттен алып, бетке салып, зілдене хабарлаған тіпті жараспайды екен. Тура бір тісін ақситып, өткен-кеткеннің балтырын тістеп қалғысы келетін көршінің қандені секілді.
Түсінемін. Кейбір ақпаратты мәтінге сай екпінмен, көңіл-күймен жеткізгілерің келеді. Бірақ сендер екпін мен тістеніп хабарлаудың арасын ажыратсаңдаршы!»

Осы пікірді белгілі тележурналист, талай жыл қазақ телеарналарында диктор болып қызмет істеп, көрермен көзайымына айналған әріптесіміз Зейін Әліпбекке жолдадық.
– Зейін мырза, сіз ұзақ жылдар бойы телеарнада диктор болып істеген, өз кәсібіне келгенде шашасына шаң жұқтырмаған, сынға ілікпеген адамсыз. Әлеуметтік желідегі мына пікірмен келісесіз бе? Сіздер қызмет еткен кезде дикторларға қандай талап қойылды? Бүгін сол талап өзгерді ме?

Зейін ӘЛІПБЕК:

– Дикторларға ежелден бір-ақ негізгі талап бар. Ол – ақпаратты көрерменге ұғынықты етіп жеткізу. Бұл талап ешқашан өзгермейді.
Меніңше, негізгі талаптардың бірі – шынайы болу секілді. Сонда бәрі де жақсы болады.
Қазір, расы, әлемдік телевизияда жаңалықты екпіндетіп оқу үрдісі қалыптасқан. Еліміздегі телеарналар да соған ілесіп жатыр. Ол дұрыс та шығар. Бірақ, меніңше, біз бәрібір қайтып шынайылықты бағалап, шынайылықты талап ететін жағдайға ораламыз.

 Дайындаған Нәзира Байырбек

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды