Дидағаңның дидары

0 134

Бала күнімнен кітаппен сырлас, дос болғандықтан, оны жазған ақын-жазушыларды ерекше пір тұтып, оларды жай жұмыр басты пенде емес, басқа ғажайып әлемнен жаратылған жандар деп ойлаушы едім. Төртінші сыныпта жүргенде белгілі жазушы, марқұм Қоғабай Сәрсекеев елу жасқа толып, мерейтойын туған жерінде жерлестерімен бірге атап өтті. Соған ұстазымыз бізді де алып барды. Ауылдағы биік ғимарат саналатын клубта өткен сол кездесу көңілімде әлі сайрап тұр. Кеш өте қызықты болды. Онда мерейтой иесімен еріп келген екі-үш досы өлең оқып, салиқалы сөз сөйледі. Одан кейін сахнаға Қоғабай ағаның өзі көтеріліп, сый-құрмет көрсеткен ауылдастарына алғысын айтып, баспадан енді шыққан кітабын сыйлады. Сонда алғаш кітап деген құдіретті дүниені тудырған тірі ақын-жазушыны көріп аузым ашылып қалды. Олар да біз секілді кәдімгі қарапайым адам екен деп ойладым. Сөйтіп, менде де қаламгер болсам деген арман бүршік жарып, өлең жазып, «сөз дертімен» ауыра бастадым. Кейін мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түстік. Азды-көпті әдебиеттің маңайында жүрген қаламгерлермен таныс болдық. Бірақ солардың ішінде жаныма жақын көріп, ағалы-інілідей ұғынысып, сыйласқан жазушым – Дидахмет Әшімханұлы. Биыл талантты тұлғаның туғанына жетпіс жыл толып отыр. Осыдан бес жыл бұрын дүниеден озған ардақты ағаны есіме алсам, өткен күндер елесі көз алдыма келеді.Дидахмет аға 1999 жылдың ақпан айында Алматыдан қазіргі «Ас­тана ақшамы» газетіне бас редактордың бірінші орынбасары болып келді. Мен онда студент едім, ара-тұра осы газетте жазғандарым жарық көріп тұрады. Бірде редакция­ға бір топ өлеңімді алып келсем, мәдениет бөлімінің меңгерушісі Бекен аға бас-көз жоқ, қолымнан жетектеп, жаңа келген басшының кабинетіне кіргізіп жіберді. Дидахмет аға ақ параққа үңіліп, ойланып отыр екен. Есікті қақпай кіргеніме ыңғайсызданып, қысылып қалдым. Соны сезді ме: «Айналайын, кел, кел, отыр» деп жылышырай білдіріп, қасындағы бос орындықты нұсқады. Сосын менің қай жерден, қайда оқитынымды сұрады. Сол жерде екі-үш өлеңімді оқытты. «Жақсы екен» деді де: «Азамат, әдебиетке келген адам өз топырағынан алыстамаған жөн. Саған Сырбай, Ғафу, Кеңшіліктің табиғаты жақын, соларды көбірек оқы» деп ақылын айтты. Сол жылдары жас ақындар арасында Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдері «модный» болды да, соны жастанып оқып жүргем. Дидағаң соны байқаған болуы керек. Содан соң суырмасынан су жаңа «Жер аңсаған Сарыатан» деген прозалық жинағын алып, қолтаңба жазып берді. Кетерімде «Жиірек хабарласып тұр» деп өлеңдерімді алып қалды. Көп ұзамай газетте жазушының алғысөзімен бір топ өлеңім басылды. Дидағамен таныстығым осылай басталып, арамызда бір жылылық пайда болды. Ара-тұра редакцияға барғанда сәлем беріп, әңгімесін тыңдап жүрдім. Кеңшілік Мырзабековтің поэзиясын жақсы көріп, ақынның көп өлеңдерін жатқа айтушы еді. «Кеңшілік – шалт қимылды, билеп жүретін адам. Өлеңдерінде ешқандай жасандылық жоқ, шынайы ақын» деп жоғары бағалайтын.
Жалпы, Дидахмет ағаның бо­йында бір бекзаттық бар еді. Таулы өңірде туғандықтан ба, асқақ тауды айрықша ұнататын. Әсіресе, кіндік қаны тамған Алтайды аузынан тас­тамайды. Бірде ол маған: «Мен тауда өскен адаммын. Шынымды айтсам, астанада тау жоқ, жан-жағы тұттай жалаңаш. Біртүрлі жатырқаймын» деп жаны жүдеп жүрді. Даланың баласы болғандықтан мен оны соншалықты сезінген жоқпын. Бірақ ол кісі астаналық басылымда 3-4 ай ғана істеп, Алатаудың етегіндегі әсем қалаға қайтадан тартып отырды. Бұл да болмысы еркін жазушыға жарасатын мінез. Басқамыз олай істей алмайтын секілдіміз. Алматыға кетіп бара жатқанда ол кісіні редакция журналистері салтанатпен шығарып салды. Сол отырыста маған сары түсті әдемі галстугі мен Асқар Сүлейменов туралы «Парасат падишасы» атты естеліктер жинағын сыйлап, «Асқарға ептеп мұрның келеді екен» деп әзілдеді.
Содан бері де арада жөңкіліп біраз жылдар өтті. Сонда да ол кісімен өмірден өткенше байланысым үзілген жоқ. Ара-тұра телефонмен сөйлесіп, астанаға келгенде кездесіп жүрдік. Қаламгердің «Бәкең» деген әңгімесіндегі бір кейіпкерінің: «Адамдарды ел мен жер, ру мен жүз, ағайын-туыстық табыстырмайды, ең алдымен оларды мінез сәйкестігі, сосын мақсат-бірлігі қосады» деп айтатыны бар. Дидағамен мені осындай рухани жақындық табыстырды деп ойлаймын.
Әшімханұлы – әдебиет есігін ашқаннан өз жолы мен қолтаңбасын бірден даралаған қаламгер. Оның шығармаларында бір топырақта туған ағалары – Қалихан Ысқақ пен Оралхан Бөкей туындыларымен табиғи үндестік болғанмен, оларға жазу мәнері мүлде ұқсамайды. Талғампаз суреткер қаламды мығып ұстап, тартынып жазады. Оралхан секілді ағыл-тегіл ақтарылмайды. Әрбір әңгімесінде артық сөз, бөгде кейіпкер жоқ, образды, бояуды, детальді өз мөлшерімен дәл қолданады. Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай «Тұспалды тұлға» деген мақаласында: «Дидахметтің өмірлік-өнерлік мақсатына адалдығының арқасында ол өзінің көркем жүйесін толық қалыптас­тырып, тіршілігінің мағынасын – өнерінен, өнерінің мағынасын тіршілігінен табатын тұтастыққа жетіпті» деп айтқаны оның болмысы мен шығармашылығы тұтасып кеткендігін көрсетеді.
Жазушының қаламынан туған шоқтығы биік «Аққабаның толқыны», «Жұлдызды белбеу», «Тон», «Сары самауыр», «Тасқала», «Аға­йындар», «Жолдас генерал», «Медаль», «Тас монша», «Ақ ниет», «Бәкең», «Дәме» деген әңгімелерін қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған көркем дүниелер деп бағалаймын. Бұлардың бәрі тар құрсаулы кеңестік дәуірде жазылса да, ешқашан мән мен мазмұнын жоғалтпайды. Қаламгер сол заманда ұлттың тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен ажырап бара жатқандығына жаны ауырып, соны бейнелі тілмен астарлап жеткізе білген. Мәселен, өзім классика деп бағалайтын «Сары самауыр» атты әңгімеде ауылдағы апасының бауырында өскен құйтақандай Айжанның көзқарасы арқылы халқымыздың салт-дәстүрінен алыстап бара жатқандығын шынайы бедерлесе, «Тасқалада» ауылдан қалаға қыдырып келіп, адасып кеткен баланың бір ауыз қазақша жөн сұрасар адам таба алмай сарсылған бейнесін шебер суреттейді. «Ағайындар» деген әңгімеде бірге туған бауырлар арасындағы қайырымсыздықты сөз етсе, «Медальда» демография мәселесін көркемдеген. Ал «Тон» деген әңгімеде кеңестік әкімшіл-әміршілдікті ашына ашып жазған. Осы ретте автордың «Самырсыз сазы» атты кітабындағы оқырманмен сырласуында: «Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұратын төрт қазық бар: тілі, жері, саны, салт-дәстүрі. Бұлар – қай ұлтқа болмасын аса қымбат та қастерлі дүние. Дегенмен қазақ үшін жөні тіптен бөлек. Неге екені белгілі. Ал осы төрт қасиетіміздің қай-қайсысына болмасын, басқа кезеңді былай қойғанда, соңғы ширек ғасырда ғана қаншама рет қауіп төнгенін ұлтым деген ұрпақтың бәрі біледі. Сондай сын сағаттарда кез келген арлы азамат үнсіз, қимылсыз қалуға тиіс емес-ті. Біз де үнсіз қала алмадық. Уақыттың психологиялық көрінісін көркем тілмен, ойлантарлық оқиғамен, астарлы емеурінмен жеткізуді де парыз деп білдік» деп ағынан жарылыпты.
Дидағаның «Он бірінші күз» және «Жер аңсаған Сарыатан» деген екі көлемді хикаятын да қызығып оқисыз. Мұнда да оның ә дегеннен еліктіріп әкетер ырғақты көркем тілі, айшықты қолтаңбасы шебер өрілген. Жазушы өмірінің соңғы жылдарында «Ақшоқы», «Құдайсыздар», «Жынды жел» деген бірінен-бірі өтетін шұрайлы үш әңгіме жазды. Оны әдебиет сыншылары мен оқыр­мандар жоғары бағалады. Осы үш туынды қаламгер қаламының соны ізденісін көрсетті. Сондай-ақ сыршыл суреткер аударма саласында да өнімді еңбек етіп, әлем әдебиетінің классиктері Джек Лондон мен Джон Голсуорсидің шығармаларын тәржімалап, қазақ көркем сөз өнерін ба­йытты. Бұл жазушылардың туындылары оған қанат бітіріп, шеберлігін шыңдағаны да анық.
Оның көркем дүниелерінде ғана емес, публицистикалық мақалаларында ұлттық рух, елдік мұрат айқын аңғарылып тұрды. Ұзақ жылдар республикалық «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттерінде еңбек етіп, қазақ журналистикасының дамуына үлес қосты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Дидағаның «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Жалғыз ұл», «Көкектің күнәсі», «Алтынсарин көшесінің ұзындығы 100 метр» деген әлеу­меттік очерктері сол уақыттың таңбасын айқындаған бедерлі туындылар болды.
Қарымды қаламгер 1991 жылы жарияланған «Саны аз халықтың саналы азаматтарына» деген мақаласында:
«Егер сіз болмағанда бір айда бір қазақ кітабын сатып алсаңыз – ұлт алдындағы бір парыздан құтылғаныңыз;
егер сіз келесі жылдың болмағанда бір баспасөзіне жазылсаңыз – ұлттық намысыңыздың сәл де болса оянғаны;
егер сіз өз тіліңіздегі сол кітап пен баспасөзді ыждағатпен оқып отырсаңыз – күн сайын рухыңыздың өсе түскені;
егер сіз оқығаныңызды насихаттай жүрсеңіз – онда ұлттық санаңыз­дың самғау биікке ұмтылғаны. Қысқасы, саны аз халықтың саналы азаматтары, бізге қазір ақыл да, намыс та, ерлік те, бәрі-бәрі керек» деп жазғаны отыз жыл өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес.
Екі ғасыр тоғысында елордаға келіп, астаналық газетте аз уақыт қызмет істегенде де өз қолтаңбасы мен ізін қалдырды. Сол кезде «Ақмола ақшамында» оқырманның назарын аударған «Баған басында жанған жігіт», «Гүлжанға сенсек, Тұран биден түңілесіз», «Отыз үйдің ойбайы…» деген мақалаларды ешкімнен жасқанбай жариялап, өз ұстанымынан таймады. Өзі бас болып, «Тазша баланың тамашасы» деген айдарды енгізіп, қала өміріндегі қалтарыста қалған проблемаларды қаламымен түйреді.
Бірде «Түркістан» газетінде жазушының жары Лиза апайдың сұхбаты жарық көріпті. Сонда ол кісі Дидахмет ағаның ұқыптылығы мен таза киініп жүретінін айта келіп: «Қай жерге барса да өзіне әдемі галстук сатып алатын. Оның осы қасиетін жақсы білетіндер оған ­галстук сыйлап жатушы еді. Ал өзі аса қимайтын, аралас-сыйлас жігеттері болмаса, ешкімге галстук сыйлап көрмеді-ау деймін» деп айтыпты. Сол кезде ойыма Дидағаның сары галстугі түсті. Қазір мен оны жақсы ағаның көзіндей сақтап жүрмін. Ілуде бір айтулы шара болмаса, көп жерге таға қоймаймын. Ертең ұлым ержеткенде мойнына әдемілеп тақса деймін…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 14 =