Деструктивті діни ағымдардың адамдарды арбау тәсілдері

0 74

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыз­дағы №124 қаулысы бойынша Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Бағдарламаның 8-бөлімі, 5-тармағына сәйкес, деструктивті діни ұйымдардан зардап шеккен тұлғалар мен оны ұстанушылардың оңалту жүйесіне күшейту енгізілген.

Деструктивті діни ұйымдардан зардап шеккендер мен оны ұстанушыларын оңалту жұмысында оларды жат діни ағымдар өздеріне қалай арбайды, қандай әдіс-тәсілдер арқылы өздеріне тартып жатыр? Осы мәселелерге басты назар аударуды қажет етеді. Ресейлік психологтар мен дін саласының мамандарының зерттеулеріне сәйкес, бұл мақалада теріс пиғылды діни ағымдардың адамдарды өздеріне тарту әдістерінің кезеңдері, психологиялық техникалары мен ерекшеліктері қарастырылған.
Жалпы, тұлғаны деструктивті діни ағымға тарту үш түрлі кезеңнен өтеді:
Бірінші кезең – индоктринация фазасы. Деструктивті діни ағымға адамды «құтқару» түрінде ешқандай қиындықсыз жүзеге асады. Көптеген адамдар деструктивті діни ағымға өмірлік дағдарыстық кезеңінде, дағдарыстық жағдайларында түседі. Индоктринация жеке тұлғаға және де сол топ мүшелеріне пікір, идея, көзқарастары болып жатқан жағдайларға байланысты енгізу және т. б. мақсатта әсер ету бойынша психологиялық тәсілі, құралы болып келеді. Индоктринация нәтижесінде деструктивті діни ағымның адепттері сол ұйымға тәуелді бола бастайды. Деструктивті діни ағым көшбасшылары және белсенді мүшелері жасаған арбау техникаларын саналы түрде байқамайды және олардың қауіпті ұйым екендігін де саналай алмайды. Деструктивті діни ұйым мүшелері индоктринацияны зорлықпен, күштеп көрсетуін келесідей бірнеше фазаларға бөліп қарастыруға болады:
1. Деструктивті діни ағымның мүшелерімен жүзеге асады. Бұл фазада адамдар эмоционалдылық тұрақтылықты жоғалтады немесе өз эмоция, сезімдерінен шатаса бастайды.
2. Деструктивті діни ұйымның негізгі доктриналарын үйретуге бағытталады. Бұл фазаның негізгі міндеті болып, өздерінің құпиялары мен идеологияларымен тұлғаны сол ұйымға психологиялық тәуелді ету болып табылады. Бұл фазада психологиялық арбау техникалары әртүрлі көріністе болады, олар: арнайы курстар, семинарлар, дәрістер, Құдайға құлшылық ету, кітаптарды зерттеу және оқу, видео көрсетілімдер және т. б. технологиялары пропорцияланған түрде арқылы жүзеге асырады.
3. Тұлғаның бұрынғы тобымен, жақын адамдарымен, отбасы мүшелерімен, достарымен және т. б. қарым-қатынасы үзіле бастайды, жаңа топ, яғни деструктивті діни ұйыммен қарым-қатынасы жақындай түседі.
4. Деструктивті діни ұйым­мен көп уақытты өткізе бас­тайды, әлемнен, өз еркіндігінен оқшаулана бастайды.
5. Деструктивті діни ағымның ілімдеріне бағытын нығайтады, тұлғаның санасы мен діни ағыммен сәйкестілік сезімін бақылауға алады.
Екінші кезең – сананы бақылауға алу. Сананы бақылауға алу – ғылыми психологияның зерттелген эксперименттері мен деректеріне сәйкес, адамның мінез-құлқының, ойлау жүйесінің сезімдері мен эмоциясының тез әрі күрт өзгеруіне алып келеді. Бұл көбінесе әлеуметтік-психологиялық арбау техникасы (манипулятивті техникалар) және қысымы жоғары деңгейдегі топтарда жиі қолданылады. Сананы бақылау – адамды діни сенімге қысым көрсетіп итермелеу немесе адамды ешқандай нақтыланған дерексіз сендіру. Сананы бақылау келесідей техникалар арқылы жүзеге асады:
1. Топтық қысым және «махаббатпен бомбалау» (бомбардировка любовью) ойындар, балалар секілді ойын­дармен, ән айту арқылы, құшақтасу арқылы өздеріне деген күмәнді өлтіреді. Бұл әдістің негізгі мақсаты әдептің адамдарға қажет екендігін сезіндіру, олармен қарым-қатынастың жағымды екенін ұғындыру болып табылады.
2. Адамның ойлау өрісін, ойлау жүйесін тоқтататын техникаларды қолданады. Ол техникалар: медитативті техникалар, монотонды ән айтқызу, белгілі бір іс-әрекеттерді қайталап жасатады. Бұл әрекеттердің барлығы адамның бойында өзін-өзі сезіну (внушаемость) деңгейін жоғарылатады.
3. Адепттерге жазалау және марапаттау, мадақтау тәсілдерін кезек-кезек жасайды, ол адамның бойында өзін-өзі кінәлау және қорқыныш сезімдерін тудыра бастайды.
4. Деструктивті діни ағымның рухани жаттығулары, қажетті тренингтерін, шұғыл арада орындау қажет жобаларын толыққанды орындаған адамдарға мадақтау, марапаттау жүреді. Көп жағдайда олардың тренингтері ақылы және өте қымбат бағада болып жатады.
5. Денсаулықты жақсарту мен рухани жетістікке жетуге бағытталған арнайы диеталар мен адекватты емес тамақтану режимдерін, тәртіптерін орнатады. Оның өзі адамды сол деструктивті діни ұйымға одан әрі тәуелді ете бастайды.
6. Сенсорлы тұрғыдағы артық жүктеме қысқа уақыттың ішінде өздерінің діни доктриналарын қабылдатады, жаттатады, өзгеріске енгізеді. Бұл әдістің негізгі мақсаты – алдыңғы іс-әрекеттері мен әдеттерінен мүлдем өзгеріске енгізу, яғни ұмыттыру.
Үшінші кезең – консолодиция. Консолодиция – сананы толықтай бақылауға алғаннан кейін жүзеге асатын таңдалынған кезең болып табылады. Бұл кезеңде адепт жаңа мінез-құлықты өздерінің бойына шоғырландырып алған соң, деструктивті діни ағым мен оның мүшелерімен қатаң байланыстар орнатып алған соң, қайтадан бұрынғы өміріне орала алмайтындығына көз жеткізеді. Мұнда қатаң бақылау орнату, ұйымда топпен бірге өтетін уағыздар, сол деструктивті діни ағымды қолдамайтын адамдармен әлеуметтік байланысты үзу, сол деструктивті діни ағымға жан-тәнімен берілгендік талаптары қойылады. Адептінің ол діни ағымға жан-тәнімен берілуі үшін ұзақ уақыт пен үлкен күш-жігерді қажет етеді және төмендегідей ретте орындалады:
1. Адептінің діни ағымның қатаң талаптарын ұстану және табыну, діни ағым үшін бар жанын беруге, адалдығын күшейтуге бағытталады;
2. Транстық жағдай тудыратын әдіс-тәсілдер: медитативті техникалар, дұғалар оқу, монотонды ән шырқау, өздерінің арнайы тілдерінде сөйлеу, өз-өзіне гипноз жасау секілді қолданады;
3. Адепт өзінің осы деструктивті діни ағымға адал екендігін жар салып, публикада айтуына ықпал жасайды;
4. Адептілерді қайта-қайта қорқыта береді: «Егер сен кетсең, сенің отбасың және жақын адамдарың қысым көреді немесе зардабын шегеді», «Егер сен кетсең, сенің өміріңнің астан-кестеңі шығады», «Егер сен кетсең, жаның құриды» деген сияқты сөз тіркестерін қайталап айта береді;
5. Адептіге деструктивті діни ағымның талаптарын одан да жақсы орындасаң, саған өзің қалаған сыйақыны береміз деп талпындырады, егер топ ішіндегі басқа адепт оған жетіп жатса, басқа адепттер өздерін кінәлай бастайды;
6. Тек өздерінің діни кітаптарын оқуға бағыттайды, басқа жақтан ақпарат алуға шектеу қояды. Егер басқа жақтан ақпарат алатын болса, адептте салыстырмалы түрде деструктивті діни ағымға сыни көзқарастар туындауы мүмкін;
7. Деструктивті діни ағымды ұстанбайтын адамдардан эмоционалды қолдау мен байланыс болуына шектеу қоя бастайды;
8. Адепт деструктивті діни ағымның мүшелеріне эмоционалды түрде тәуелді бола бастайды, ал діни топта жоқ басқа адамдармен қарым-қатынаста паранойя сезімі күшейеді.

Гүлжан МЫРЗАҚҰЛОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + eight =