Деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың тұлғалық ерекшеліктері

0 71

Еліміз өз алдына дербес мемлекет болып, тәуелсіздік алғаннан кейін экономикалық, саяси және әлеуметтік жағдайдан гөрі, ішкі рухани қажеттіліктерге деген сұраныс адамдардың бойынан орын ала бастады. Психологиялық тұрғыдан адамдар арасындағы әлеуметтік дәрменсіздік пен негативті эмоциялардан арылудың жолын іздеудің нәтижесінде деструктивті діни ағымдардың жолына түсуге септігін тигізді. Бұл деструктивті діни ағымдардың діни канондарын саясиландырудағы сәтті кезеңі болып табылды.Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, түрлі дәстүрлі діни ағымдар мен дәстүрлі емес діни ағымдар көптеп кездеседі. Әр түрлі діни идеялар мен ағымдардың белсенді тарауына рухани «вакуум», яғни өткен кеңестік уақыттан қалған азаматтардың рухани қажеттіліктері, сонымен қатар шетелдік түрлі діни ұйымдардың белсенді әрекеттері әсер етті. Қазақстан халқы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кез-келген рухани құндылықтар мен идеологияны қабылдауға дайын болды. Осы тұста, Қазақстан аумағында ислам бағытын жамылған діни ағымдардың таралуына қатты әсер етті. Бірақ, Қазақстанның тарихына үңілетін болсақ, Накшбанди мен Яссауи мұрасынан келе жатқан суфизм басым болып келеді.
Қазіргі таңда Қазақстан халқының діни сауатсыздығы жалпыға ортақ екенін айтып өтуге болады. Сондықтан түрлі исламдық бағыттағы діни ағымдар Қазақстан халқын діни сауаттылыққа үйретуді басты мақсат етіп қойды. Қоғамдық діни ұйымдар және Қазақстанның араб мемлекеттерімен экономикалық байланыстарының дамуы Қазақстандағы діншілдіктің дамуына түрткі болды. Қазақстанның көптеген жас азаматтары Сауд Арабиясы, Египет, Пәкістанда түрлі діни оқу орындарын аяқтады. Қазақстан азаматтарын оқыту үшін түрлі имамдарды, шейхтарды белсенді түрде шақыра бастады. Алайда, бұл миссионерлердің басты міндеті діни-саяси экстремизмді түрлі нұсқада тарату, Қазақстанды таза діни мемлекетке айналдыру болды. Басқа да өз идеяларын таратудың маңызды факторлардың бірі Ресейде өткен түрлі соғыстар барысында, әсіресе Шешенстан мен Дағыстан азаматтары арасында уахабизмді ұстанушылардың белсенділігі артты. Сондай-ақ, Ресейдегі түрлі «шейхтар» Қазақстандағы деструктивті діни ағымдардың дамуына өз ықпалын тигізді. Қазіргі таңда олар адамдардың санасына психология­лық әсер ету мен ақпараттарды заманауи технология (әлеуметтік желілер) арқылы таратып келуде. Сондықтан, деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды оңалту барысында психологиясына, тұлғалық ерекшеліктері мен рухани дүниетанымына көңіл бөлген жөн. Қазақстанда діни ахуалдың ерекшелігі, оның үздіксіз жаңарып отыруында. Діннің таралуы әр қоғамда әртүрлі болады. Сондықтан да, бұл мәселені толассыз зерттеуді қажет етеді.
Психология ғылымында дінді ұстанушылардың тұлғалық ерекшеліктері мен діни психологияның негіздерін З. Фрейд, К. Юнг, Э. Фромм, А. Маслоу, К. Роджерс, В. Франкл, В. Вундт, Т. Рибо, Т. Флурнуа, У. Джеймс, Е. Старбек, Дж. А. Леубаның еңбектерінен көруге болады. Сонымен қатар, бұл еңбектерде дін психологиясындағы психоанализ, гештальт психология, бихевиоризм, гуманистік психология, діндегі жасерекшелік психологиясы, дінге сенім психологиялық феномен ретінде, діни тәжірибе, діни ұйымдар мен ондағы индивид психологиясы, діни медитация және діндар тұлғалар мен олардың типтері жайлы талдаулар көрсетілген.
Ал, қазіргі кезде дін ұстанушылар арасындағы психологиялық мәселелерді И.С. Кон, В.И. Носович, Ю.М. Орлов, К.К. Платонов, Л.И. Пилипенко, М.Г. Писманик, Д.М. Угринович, И.Н. Яблоков зерттеуде. Зерттеу пәніне сенім, діни мінез-құлық, салт-дәстүрлері және діни сана секілді мәселелер енгізіліп, кең ауқымда қолданыла бастады. Соңғы жылдары деструктивті діни ағымдардың қоғамға адамзат баласына қаупі жоғарылаудың әсерінен бұл мәселеге басты назар аударуды қажет етті. Өткен ғасырда (XX ғасыр) ғалымдар деструктивті діни ағымдардың шығу тегі, тарихы, ерекшелігі, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлерін зерттеумен шектелді (В.Р. Букин, А.И. Клибанов, И.А. Крывелев, Д.М. Угринович). Мысалы, 1960-80 жылдары деструктивті діни ұйымдар қоғамда қазіргі күндегідей отбасының, қоғамдық және мемлекеттік институттардың бұзылуына алып келетіндей мәселе тудырған жоқ.
Дәстүрлі емес діни ұйымдар, оладың іс-әрекеті, қоғамға және адамға әсерін зерттеу ғалымдардың назарында қала береді. Әсіресе, деструктивті діни ағымды ұстанушылардың психологиялық ерекшеліктерін зерттеу әлі күнге дейін жеткіліксіз деңгейде. Кез-келген деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды оңалту және профилактикалық жұмыстарын жүргізерден бұрын, олардың тұлғалық ерекшеліктерін зерттеу маңызды. Онсыз оңалту жұмыстары тиімді емес. Мақалаға сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда көп таралған деструктивті діни ағымдардың бірі – дәстүрлі емес ислам бағыты (салафизм) іріктеліп алынды.
Мақсаты: деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың психологиялық ерекшеліктерін анықтау.
Зерттеудің пәні болып дәстүрлі емес ислам бағытын (салафизм) ұстанушылардың психология­лық-тұлғалық ерекшеліктері болып табылады. Зерттеуге 21-50 жас аралығындағы 32 дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанатын Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары қатысты, оның ішінде 17 ер адам және 15 әйел.
Зерттеудің әдісі ретінде: Р.Б. Кеттелдің 16 факторлық тұлғалық сауалнамасы және Л.Н. Собчик бойынша «Индивидуалды типологиялық сауалнамасы» таңдап алынды.
№ 1 тест. Р.Б. Кеттелдің 16 факторлық тұлғалық сауалнамасы (С формасы)
Тест алғашқы рет 1949 жылы Тұлғалық қабілеттерді тексеру институтында (JPAT) жарияланды. 1956-57 ж.ж. жаңадан өңделген нұсқасы екінші рет жарық көрді. 1961-62 жж. дербес әрбір тұлға қолдануға болатын тесттің нұсқасы қолданылып келуде. Кеттел әдісінің С формасы (бейімделген) 1972 жылы ЛГУ әлеуметтік психология кафедрасының Э.С. Чугунова зерттеу тобының бастамасымен жүргізілген. Тесттің теориялық және әдіснамалық негізі – тұлғаға факторлық талдау жүргізу болып табылады. Тесттегі әр фактордың құрылымы тұлғаның индивидуал­ды-психологиялық ерекшеліктерінің моделін сипаттаумен қатар, оның белгілі-бір өмірлік жағдайдағы шынайы жүріс-тұрысына болжам жасауға мүмкіндік береді.
Кеттел сауалнамасының C формасы 105 сұрақтан құралған. Са­уалнаманың нәтижесіне қарай, 16 факторлық тұлғаның ерекшеліктерін анықтаумен қатар, қосымша 17 факторда тұлғаның өзін-өзі бағалау деңгейін анықтауға болады. Р.Б. Кеттел сауалнамасына қатысқан 32 респонденттің интерпретациясы гендерлік ерекшеліктеріне қарай бөлініп, салыстырмалы түрде талдау жасалынды.
А) Дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанатын ер адамдар бойынша интерпретация:
Сауалнаманың нәтижесіне қарай, дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанушы 17 ер адамның тұлғалық ерекшеліктерінде жоғары деңгейде мынадай факторлар: күмәнданушылық (L факторы) – 15 адам, мазасыздық (О факторы) – 14 адам, эмоционалдылық (Q4 факторы) – 14 адам және доминанттылық (Е факторы) көрсетті.
Сауалнаманың нәтижесі бойынша төмен деңгейді көрсеткен факторлар: эмоционалды тұрақтылық (С факторы) – 3 адам, эмоционалды сезімталдылық (І факторы) – 3 адам, арманшылдық (мечтательность) (М факторы) – 3 адам, дипломаттық (N факторы) – 4 адам моральды қалыптылық (G факторы) – 4 адам, коммуникативті қабілет (А факторы) – 5 адам және немқұрайлылық (F факторы) – 5 адам.
Ә) Дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанатын әйел адамдар бойынша интерпретация:
Сауалнаманың нәтижесіне қарай, дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанушы 15 әйелдің тұлғалық ерекшеліктерінде жоғары деңгейдегі факторлар: күмәнданушылық (L факторы) – 13 адам, арманшылдық (мечтательность) (М факторы) – 12 адам, мазасыздық (О факторы) – 12 адам және эмоционалдылық (Q4 факторы) – 12 адам көрсеткіштерін көрсетті.
Сауалнаманың нәтижесі бойынша төмен деңгейді көрсеткен факторлар: өзін-өзі дамыту, өзіндік тәртіп (самодисциплина) (Q3 факторы) – 2 адам, дербестік (самостоятельность) (Q2 факторы) – 3 адам, әлеуметтік қарым-қатынасқа түсе білу қабілеті (Н факторы) – 4 адам, интеллектуалдылық (В факторы) – 4 адам, доминанттылық (Е факторы) – 5 адам және жаңашылдықты қабылдау қабілеті (Q1 факторы) – 5 адам.
Салыстыра келе, дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанатын ер адамдар әйелдерге қарағанда доминант, яғни басқару және билік басым, ал әйелдер ерлерге қарағанда арманшыл келетінін көруге болады.
Жалпы, ерлердің де, әйелдердің де тұлғалық ерекшеліктерінен күмәнданушылық, мазасыздық және эмоционалдылық қасиеттерінің басым екені анықталды. Қалған тұлғалық ерекшеліктеріне сәйкес қысым (Q4 факторы) жағдайы қалыпты деңгейлік көрсеткішті көрсетті.

№ 2 тест. Л.Н. Собчик бойынша «Индивидуалды типология­лық сауалнама»
Л.Н. Собчик бойынша «Индивидуалды типологиялық сауалнама» (ИТС) 91 сұрақ, 8 түрлі шкаладан (олар: экстраверт, интроверт, көшбасшылық қабілет, сензитивтілік, агрессия, мазасыздық, ригидтілік және лабильділік, яғни эмоция­ның ауыспалылығы) құралған. Бұл сауалнаманың ерекшелігі «шынайылық» деңгейін бағалау қарастырылған. Яғни адамның қаншалықты деңгейде шын немесе жалған жауап бергенін де анықтауға болады. Сауалнама арқылы адамның мінез-құлқының ерекшеліктерін, сонымен қатар бейімделе алмау (дезадаптация) мен қосымша акцентуациялық белгілерді анықтауға болады.
ИТС сауалнамасына қатысқан 32 респонденттің интерпретациясы гендерлік ерекшеліктеріне қарай бөлініп, салыстырмалы түрде талдау жасалынды.
А) Дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанатын ер адамдар бойынша интерпретация:
Сауалнаманың нәтижесіне қарай, дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанушы 17 ер адамның тұлғалық ерекшеліктерінде жоғары деңгейлік көрсеткішті көрсеткен қасиеттер:
1. Көшбасшылық қабілеті (спонтанность) – 13 адам;
2. Агрессия – 12 адам;
3. Лабильділік (эмоцияның ауыспалылығы) – 11 адам.
Сауалнаманың нәтижесі бойынша ер адамдарда ең төмен деңгейді көрсеткен тұлғалық қасиет ол сензитивтілік – 4 адам.
Ә) Дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанатын әйел адамдар бойынша интерпретация:
Сауалнаманың нәтижесіне қарай, дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанушы 15 әйелдің тұлғалық ерекшеліктеріне сәйкес ең жоғары деңгейлік көрсеткішті көрсеткен қасиеттер:
1. Мазасыздық – 12 адам;
2. Лабильділік (көңіл-күйдің ауыспалылығы) – 11 адам;
3. Интроверт – 10 адам.
Сауалнаманың нәтижесі бойынша әйелдерде ең төмен деңгейді көрсеткен тұлғалық қасиет ол экстраверсия – 5 адам және көшбасшылық қабілет – 6 адамды құрады.
Салыстыра келе, дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанатын ер адамдар әйелдерге қарағанда көшбасшылық қабілеті мен агрессиялық деңгейі жоғары болса, әйелдерде мазасыздық деңгейі мен интроверсия жоғары деңгейді көрсетті. Ал, лабильділік яғни көңіл-күйдің ауыспалылығы ерлер мен әйелдерге де ортақ жоғары деңгейді құрады.
Екі сауалнаманың нәтижесін қорытындылай келе, дәстүрлі емес ислам бағытын ұстанушы (салафизм) ер адамдар доминант болып келеді, яғни әйелдердің басқа діни бағытқа кіруіне де әсерін тигізуі мүмкін. Себебі, әйелдердің өзін-өзі бағалау деңгейлері төмен және интроверсия жоғары көрсеткішті көрсетті. Олар көбінесе бағынышты типке жатады, яғни ер адамдарға (күйеуі, әкесі, ағасы және т.б) тәуелді болудың нәтижесінде дәстүрлі емес ислам бағытына бет бұрады. Дәстүрлі емес ислам бағытын (салафизм) барлық ұстанушыларының тұлғалық ерекшеліктеріне бірдей психологиялық талдау жасардан бұрын олардың діни деңгейлеріне де көңіл бөлген жөн.

Қорытынды
Деструктивті діни ұйымдардың таралуы және олардың қоғамға тигізіп жатқан кері әсерлері діни экстремизм мен терроризм мәселесі күннен күнге күшейіп барады және оларды оңалту жұмыстарының тиімділігін біршама жақсартуды қажет етеді. Осыған орай, діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу және оларды оңалту жұмысын жүйелендіру қажет. Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендер мен ұстанушыларды оңалту жұмысын жүйелендіру мен дискурсын өзгертуде ең тиімді әдіс­тердің бірі ДДА ұстанушыларын қоғамға психологиялық бейімдеу және әлеуметтендіру болып табылады. Дін мамандары мен психологтардың ДДА ұстанушыларымен индивидуалды жұмысының эффективтілігі оны әлеуметтендірумен тығыз байланысты. Олардың қоғамға психологиялық бейімделуі үшін психологиялық тренингтерді күшейтумен қатар, зайырлы қоғамдық іс-шараларға көбірек қатысуына ықпал жасау қажет. Қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуына ықпал жасалуы тұлғаның әлеуметтену процесі үшін де тиімді болып табылады. Қазіргі таңда оларды әлеуметтендіру және психологиялық бейімдеу жұмыстарын Дін орталықтары қолға алып, жүзеге асыруда. Мысалы, «Астана қаласы әкімдігінің Дін мәселелерін зерттеу орталығы» соңғы жылдары аталмыш іс-шараларды белсенді жүргізуде. Атап айтатын болсақ, қайырымдылық жәрмеңкелері мен акциялары: «Астана – мейірімді қала», «Мектепке жол» және т.б., сонымен қатар, жұмыссыз әйелдердің жеке кәсібін ашып, кәсіби қабілеттерін арттыру мақсатында тігін машиналарымен қамтамасыз етумен қатар, тегін тіл, тоқыма және кондитерлік курстарын жиі өткізеді.
Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендер мен ұстанушыларды оңалту жұмысын жүйелендірудің тағы да бір тиімді әдісі – кешенді мамандардан құралған кешенді оңалту. Оларды оңалту барысында міндетті тек психологтар мен теологтарға жүктемей, жеке бас мәселелеріне көңіл аударған жөн. Мысалы, кейбір деструктивті діни ағымды ұстанушылары табиғатынан тәуелді (зависимый) тұлға немесе тәуелдіге тәуелді (созависимый) болып келеді, кейбір ұстанушыларда күйзелістің жоғары формалары және психикалық ауытқулар кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда, психотерапевт және психиатр мамандарын да кешенді жұмысқа қосуды қажет етеді.

Г. МЫРЗАҚҰЛОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы дін
мәселелері бойынша зерттеу
орталығының психолог-

маманы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 11 =