«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дешті Қыпшақ құдіретін осы қалаға сіңіру керек

0 567

Күлтегін бабамыз Сарыарқа  даласына дейін келген

Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Cіз қазақтың кем дегенде екі жарым мыңдық тарихы бар дейсіз. Сол екі жарым мың жылдағы қазақтың астаналары туралы не білеміз? «Астана» деген ұғым қа­шан қалыптасты?
– Қазақ халқының тарихы ұзақ. Бірақ сенімді жазба деректеріне негіздегенде ол екі жарым мың жылға барады. Оның арғысы жайлы бірдеме деу қиын. Бірақ қытайдың «Шы жи» және «Хан» кітабына, сонымен бірге Геродоттың тарихи кітаптарына негіздегенде біздің жерімізде бұдан екі жарым мың жыл бұрын көне көшпенді тайпалар, атап айтқанда, сақтар, үйсіндер, ұлы юзилер өмір сүрген. Олардың тарихы жоғарыда аталған жазба деректерінде нақты жазылған. Көне көшпелі тайпалар мұнда өздерінің саяси билігін құрған. Яғни мемлекет құрған. Қытай деректері аталған көне этностарды жазған кезде оларды мемлекет деп атайды.

Ал астана деген ұғымға келетін болсақ, көне түркілер өздерінің мемлекетін тұрақты жер аумағымен қамтамасыз ете отырып, жазғы және қысқы ордаларын құрған. Әдетте, көшпенді халықтардың елордасы – орда кенті жазғы және қысқы болып бөлінеді. Сондай орда кенттердің бірі кәдімгі Астана қаласы деп аталған.

– Сонда тарихта Астана деген қала болған ба?
– Иә. Астана көне шаһары – көне Идохо мемлекетінің елордасы болған. Ол – біздің заманымыздың VІІІ ғасырынан бастап гүлденген қала. Көне түр­кілердің қыстық елордасы. Көне түркілердің ана отаны, туып-өскен жері – Боғда Алатауының оңтүстігіндегі теңіз деңгейінен төмен ойпатта орналасқан. Ол жер қазір Тұрфан ойпаты деп аталады. Теңіз деңгейінен төмен болғандықтан, онда бүгінде жүзім шаруашылығы жолға қо­йылған, жүзімнің жүзден астам түрі өсіріледі. Ал Астана қаласы сол көне түркілердің қыстық ордасы бола тұрып, жаздық ордасы көне Бесбалық қаласы болған. Қытайлар оны Бейтиң деп атаған. Ол Боғда тауының солтүстігінде орналасқан. Ондағы түріктердің көпшілігі қыс­тыгүні киіз үймен шығатын болған. Сол үшін олар климаты жайлы, жылы жерлерді таңдаған. Жалпы, тарихта Тұрфан, Хуаңқы алқабы, Хаши дәлізі, Сырдарияның бойы, Бал­қаш бойы, Қаратау ал­қа­п­­тары – көшпенді халықтардың қысқы ордасы болған жерлер. Ал жазда олар Сарыарқа сияқты салқын, сауырлы алқаптарды таңдаған. Ежелгі заманда қазақ жері бүкіл түркі этномәдени кеңістігі бір-бірінен бөлінбеген еді. Бұл – шығыста Хинган тау­ларынан, яғни көне түркі ескерткіштерінде көп айтылатын Қыдыр­хан тауынан, батыста Еділ-Жайыққа дейінгі кең жатқан алқап. Ол біртұтас көне түркілердің этномәдени кеңістігі болған.
– Біз түркілердің алып мемлекет құрған жерін мекендеп отырмыз. Ал Астана болса Қазақстанның дәл ортасында орналасқан. Астанаға көне дәуірлерден мұраға не қалды?
– Астананың өзінің тұрған жері – көне Бозоқ қаласының жаны. Қаламыздан 17 шақырым жерде көне Бозоқ қаласының орны табылып отыр. Бірақ бір Бозоқ емес, бұл жерде – Есіл мен Нұра бойында, Қорғалжын көлі маңайындағы «тоғанастың тоқсан екі көлінің» айналасында көптеген шағын кенттер болған. Олар жайлы Әлкей Марғұлан өзінің «Ежелгі жыр-аңыздар» деген кітабында жақсы айтқан. Өкінішке қарай, біз сол қалаларды әлі толық аша алмай жатырмыз. Қала дегеннен шығады, ол кезде қалалар қазіргідей емес, шағын еді. Кейбірі тіпті бекініс, ал енді біреу­лері керуен жолдары бойындағы бекет сипатында болған. Адамдар жыл он екі ай тұратын оңтүстікте ғана үлкен қалалар болуы мүмкін, Сауран, Тараз, Исфиджаб, Шаш сияқты қалалар. Өйткені онда климат қолайлы. Ал Сарыарқаның табиғаты оған келмейді. Бұл жерді жаз кезінде мекендеп, қыс­та бірлі-жарым адамды күзетке қалдырып, ел жылы жаққа кетіп қалып отырған. Бозоқ қаласы да сондай еді.
Астананың маңайы тарихи жәдігерлерге толы. Мысалы, Ерейментауда түркілерден қалған балбал тастар, көне қорымдар бар, қазіргі кезде археологиялық ашулар жасалып жатыр. Бурабайды айтатын болсақ, ол тіпті Қазақ хандығымен тығыз байланысты, Абылай ханның ордасы тұрған жер. Оның бір шетінде ерте заман мәдениетінің белгілері – Ботай мәдениетінің іздері жатыр. «Тоғанастың тоқсан екі көлі» бойындағы шағын қалалардың іздері де тарихи мұраларымыз деуге болады. Бір шетімізде Ұлытау мәдени массиві бар. Ол жерде Домбауыл, Жошы хан кесенелері тұр. Ерте замандағы көне қола, мыс кендерінің орны бар. Біз оны әлі ашып көрсете алмай отырмыз.
– Демек, Жезқазған біздің дәуірімізде ғана емес, ерте заманда да кен орны болған ба?
– Иә, қазір де олардың орны сақтаулы. Осындай қадау-қадау мәдени ескерткіштеріміз бар. Өкі­нішке қарай, олардың біразы тың игеру кезінде жойылған, ірі құрылыс­тардың іргетасы ретінде қаланып кеткен. Біз осылай көп ескерткіштен айы­рылып қалып отырмыз.

Осы жерде «Ақсақ құлан» аңызы пайда болған

– Археологиялық, яғни материалдық тұрғыдағы мұраларға тоқталдыңыз. Ал рухани жағынан Ас­танаға не қалды?
– Біздің Астана тұрған жер – көне Сарыарқа көп­теген аңыз-жырларға арқау болған. Дүние жүзіне әйгілі саяхатшылардың еңбектерінде, мысалы, Плано Карпинидің жазбаларында, «Тарихи Рашидиде», «Тарихи жаһан күші» еңбектерінде бар. Жошыға байланысты көбірек жазылған, әсіресе. Жошы ханның осы Сарыарқада орда тіккені, кейін кетіп қалғаны, қалай дүниеден өткені, осы жерде «Ақсақ құлан» аңызы пайда болғаны – бәрі белгілі. Ал біз сол аңызды іліп алып, соның негізінде Астана маңынан Жошы ханның ордасын неге жасақтамаймыз? Оған толық құқымыз бар ғой.
– Бозоқты ше? Біз таяуда барып көрдік, Бозоқтың орны да дәл қазір елеусіз жатыр. Тарихты білмейтін адам «Бозоқ» деген жазуы бар тақтайшаны көрмесе, ол жердің археологиялық қалашық екенін де білмейді. Бірақ сол жерден археология­лық музей ашамыз деп отырмыз. Ол музей кісі қызығатын орын болуы үшін қандай ұсыныс қосар едіңіз?
– Бозоққа алдымен жақсылап жол салу керек. Жолдың бойын, кешеннің маңын абаттандыру қажет. Ол жерді мағыналы, қызықты нысанға айналдыру үшін тек Бозоқты көрсету аздық етеді. Рес­таврациялап, Бозоқтың макетін жасап, соның жанына Бозоқпен қанаттас ортағасырлық қалаларды, мысалы, жаңағы Жошы ханның ескерткішін де тігуге болады. Сосын сол жерге қосымша көне түркі ескерткіштерінің аллеясын жасаса жарасады. Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштерін жасатып қою керек. Бар­ғандар тарихты сезінуі керек. Ол үшін керемет суретшілерді, сәулетшілерді тауып, бұл бас­тамаға шы­ғармашылық тұрғыда келу керек. Солай Бозоқты әрі ел барып көріп, әрі дем алып, әрі тарихты біліп қайтатын орталық жасау­ға болады. Әрине, жанында жатқан көлді де тазартып, маңына ағаш егіп, демалыс орнына айналдыру қажет. Көлде кемемен, қайықпен жүретін мүмкіндік жасау керек. Тамақ ішетін орындар, балалар ойнайтын алаңқай жасалса да артық етпейді. Бірақ бәрі де тарихи мазмұнда бе­зендірілсе жақсы болар еді. Мүмкін жан-жағына киіз үйлер шоғырын тігіп, этноауыл құруға, атқа мініп жүретін экзотикалық демалыс орнын ашуға да болатын шығар. Жалпы, бұған кешенді түрде қарау керек деп ойлаймын.
– Безендіру демекші, бізде кеңестік кездегі атаулармен аталатын дәмханалар бар. Кірсең, кеңес дәуіріне тап болғандай күй кешесің. Ал ұйғыр, өзбек дәмханаларына барсаң, сол елдердің салт-санасын сезінесің. Сол секілді «Отырар», «Алаша», «Түркістан» деген секілді дәмхана-мейрамханалар бар. Онда кірсең, тарихи қалалардың тым болмаса сынық ыдыстарының суретін де көре алмайсың.
– Менің ойымша, осындай тарихи атауларды иеленген мейрамхана, қонақүйлердің, туристік бизнес нысандарының бәріне «тарихи атауды алдың ба, соның мазмұнын көрсетуге тиіссің» деп міндеттеу қажет.

Жалпы, біздің Астанамыз тек заманауи ғимараттардан ғана тұрмауы керек. Мұнда терең ма­ғыналы тарихи мән жат­қаны жөн. Бұл жерде көгалдандыру, абаттан­дыру, тарихи-мәдени кешендерді сіңіру қатар жүрген кезде ғана Астананың мән-маңызы артады. Әйтпесе, басқа елдердің адамдары ғимарат көрмей жүрген жоқ.

Оларға биік ғимараттар онша қызық емес. Біз тарихи деректерде көп айтылатын Дешті Қыпшақ даласында тұрмыз. Дешті Қыпшақ даласының құдіретін, тарихи мәнін осы қалаға сіңіруіміз керек.

Мемлекеттік қызметкерлерден Күлтегін
тасындағы жазуларды білуін де талап ету керек

– Біз Күлтегін ескерткішін әкеліп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына қойдық. Бастапқыда «Күлтегіннің көк тасы келді» деп бәріміз сүйіншілеп жаздық, телеарналарда айттық. Астанаға келген қадірлі қонақтардың бәріне біз қандай елдің ұрпағы екенімізді көрсету үшін осы Күлтегін тасына ертіп апарып, тәу еттік. Қойдық. Ал қазір Күлтегін деген сөзді онша естімейтін болып барамыз. Осы тас ұмытылып бара жатқан жоқ па?


– Расында, ұмытылып бара жатыр. Білім және ғылым министрлігі тапсыратын Күлтегін атында сыйлық, яғни медаль, сосын Еуразия университетінде білім күніне орай он күн өткізілетін декада – Күлтегін оқулары болмаса, мүлдем ұмытып кетердей болдық. Бірақ Күлтегін оқуларында да қазір Күлтегін туралы сөз болып жүрген жоқ. Біз Күлтегіннің атын алып, мазмұнын ала алмай отыр­мыз.
Күлтегін тасын әкелдік, қаншама ақша жұмсалды. Ол ақша біздің еліміздегі тарихи сананы жаңғыртуға, «Мәңгілік ел» идея­сына қызмет ету керек қой. Бізде, өкінішке қарай, олай болмай отыр. Ал негізінде, осы тастың айналасында көне тари­хымызды, тек қана көне тарихымыз емес, біздің мемлекеттігіміздің тарихы тереңде жатқанын айтып, ұрпақ санасына сіңіретін кереметтей іс-шаралар тұрақты өтіп тұруы керек. Ғылыми кон­ференциялар өткізілуі қажет.
Бізге бабаларымыздан қалған екі үлкен тарихи құндылық бар, ол екеуі де мемлекеттілігіміздің негізі. Біреуі біздің имандылығымыз, ислам болса, екіншісі – біздің елдік тарихымыз. Имандылығымыз Құраннан, елдік тарихымыз көне түркілер заманынан басталады. Біздің ата-бабаларымыз бүгінгі ұрпақтың жадына әсер ететіндей керемет туынды қалдырған. Сондықтан имандылығымыз­дың негізі Құран десек, елдігіміздің негізі сол Күлтегін ескерткіші болуы керек. Ескерткіште бөтен сөз айтылмаған. Ол ата-бабамыздың төл сөзі және тек елдік, мемлекеттік мәселесі айтыл­ған. Көне түркі мемлекетін қалай құрды, қалай сақтады, қалай дамытты, қалай аяқастынан жолдан жаңылып, жат жұрттардың отарына айналып қалды, сол отаршылдық кезінде қандай бейнет шекті және соңынан қайтадан қалай тәуелсіздік алды, бүгін енді сол тәуелсіздіктің қадірін білуіміз керек деген мәселе жеріне жеткізіп айтылған. Қарасаңыз, Күлтегін заманында ел басынан өткізген тарих ХХ ғасырда қазақтың басында тағы да қайталанған сияқты. Біз де қазір тәуелсіздік алып отырмыз. Енді осыны баянды ету үшін неден сақтану керек дегенге мән беруіміз қажет. Біздің бабаларымыз көп сөйлемеген, аз сөзбен-ақ көп нәрсені тасқа жазып қалдырып кеткен. Сондықтан біз осы тасқа қайта-қайта оралып тұруымыз керек.
Қазір, байқасаңыз, біз дінге көңіл бөліп жатырмыз. Көңіл бөлгеніміз сонша, әсіре діншілдер пайда болды. Ал енді мына тасқа неге көңіл бөлмейміз? Қазір тарих қайталанып жатыр. Төніп тұрған қатер көп. Тәтті сөзімен алдап, жібегімен арбап отырған сыртқы жау бар айналамызда. Дендеп кіріп те барады ішімізге…
– Күлтегін заманынан келе қалған елдік, мемлекеттік сананы, отаншылдық рухты бүгінгі қоғам азаматтарына да сіңіру үшін, рухани сабақтастық үзілмеуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Меніңше, мемлекеттік қызметке алынатын азаматтардың бәріне осы тастан болмағанда төрт-бес сұрақ қойылуы керек. Әсіресе, мемлекеттік жоғары лауазымға баратын адамдар бірінші имандылық сынағынан, екінші елдік тарихи сана сынағынан өтуі керек. Таста жазылған мәтіннен сұрау керек. Оның мағынасын сезіндіру қажет.
– Медицина мамандарынан қабылданатын Гиппократ анты секілді ме?
– Иә, сол сияқты тесттің ішінде көне түркі заманына, Күлтегіннің айтқан сөзінің ішіндегі мазмұнға қатысты сұрақтар болуы қажет. Әйтпесе, қазір біздің шенеуніктер осы тастың барын да білмейді. Тіпті кейбір тарихшыларымыз да білмейтін сияқты, студенттерімізді былай қойғанда. Өйткені тарих факультетінде көне түркі тарихы оқытылмайды. Мен «көне түркі дәуірінен сабақ беремін» деген бір ұстаз көрген емеспін. Түркология бар, ол тастағы мәтіннің тілін оқытады. Ал жалпы түркі тарихы, көне мемлекеттер тарихы пәні жоқ.
Жалпы, тарихымызды ешкім кешенді түрде, толық білмейді. Біреуі орта заманды, бірі ерте заман­ды, бірі осы заманды зерт­тейді. Көп тарихшылары­мыз осылардың бәрін бай­­­ланыстырып қарай алмайды. Сол секілді бүгінгі заманды зерттеп жүрген тарихшыларымыз тым көп. Ал бүгінгі заманды айта бергеннен не шығады? Арғы жағыңды білмесең, терең тамырыңнан қол үзсең, тамырыңды бекемдемесең, қазіргі мемлекеттік санаң түкке тұрмайды.

Тарихи сана қалыптастырудың бір жолы –
тақырыпты көркем шығармаға арқау ету

– Сіз Күлтегін туралы «Мәңгітас» шығармасын жаздыңыз. Идея қалай туды?
– «Мәңгітасты» жазуға өзім тікелей көзіммен көрген нәрселер себеп болды. Күлтегін тасының Астанаға әкелінуі рухани тұрғыда үлкен оқиға болып еді. Ол тарихи сананың сілкінуі, рухани жаңғыруымыздың басы болатын. 2001 жылы 18 мамыр күні Күлтегіннің көк тасы Моңғолия жерінен Қазақстанға әкелінді. Әрине, түпнұсқасы емес, түпнұсқадан айнытпай Жапонияда жасалған кө­шірмесі. Моңғолия түпнұсқа тастың өзін бермейді ғой. Солай Жапонияда жасалған Күлтегін тасы – Сеулге, Сеулден Алматыға жеткізіліп, Алматыдан Астанаға дейін пойызбен әкелінді. Онда да күзет қойып отырып, қастерлеп алып келді. Астананың игі жақсылары вокзалда алдынан шығып қарсы алды. Университетке әкеп қо­йылғаннан кейін Президент өзі келіп, тұсауын кесті. Сол кезде көпшілік қатты қуанды. Профессор Қаржаубай Сартқожаұлының жетекшілігімен осы көне түркі ескерткішін жан-жақты зерттеу жасалды. Соның нәтижесінде «Орхон мұралары», «Орхон атластары», «Көне түркі жазуының генезисі» деген керемет кітаптар жарыққа шықты. Олардың бәрі ғылыми дүниелер еді. Бұл оқиға маған ерекше әсер етті. Себебі бұдан 1300 жыл бұрынғы көне бабаларымыздың өз қолымен жазған, ешқандай бұрмаланбаған төл сөзі біздің ортамызға келіп отыр. Не айтылған екен деп қарасақ, мемлекеттілік туралы, елдік туралы айтылған екен. Және солардың бәрі бүгінгі мемлекеттігімізбен байланыс­ты сияқты. Бізге айтып отырғандай. Сондықтан мен көне түркі бабаларымыздың тарихы туралы іздене бастадым, мақсатым осы романды жазу еді. Екі жыл уақытымды арнап, жазып шықтым.
– Сіз жазушысыз әрі ғалымсыз. Осыдан үш-төрт жыл бұрын алған сұхбатымызда тарихты насихаттаудың бірнеше жолын айтып едіңіз.
– Иә, тарихты насихаттаудың бірнеше жолы бар. Әрине, «Мен таза ғалыммын, менің жазғанымды өздері оқып алсын» деп отыра беруге болады. Бірақ сенің қатаң тілмен жазған тарихи еңбегіңді жекелеген ғалымдар ғана оқиды. Жалпы ел оқығанымен, түсінбеуі мүмкін. Сондықтан мен тарихты әртүрлі жолмен оқырман­ға жеткізу керек деп ой­ла­дым. Мысалы, мен кө­не түркі дәуірі туралы екі монография жаздым. Бі­реуі – Күлтегін тасы ғылыми тұрғыда талданған «Күлтегін ескерткіші», екіншісі «Көне түркі ескерткіштеріндегі қы­тай жазбалары» деп аталады. Екеуінің де тілі ауыр, өйткені таза ғылыми еңбектер. Олар онша оқылмады. Ал «Мәңгі­тас­ты» жазғанымда алдыңғы кітапта айта алмаған нәрселерімді, яғни тарихты тіл бітіріп, жан бітіріп, халыққа тіке жететіндей етіп жаздым. Ол әдеби-көркем шығарма болғандықтан көбірек оқылды.
Ал жалпы тарихты жеткізудің бірнеше формасы бар: қатаң ғылыми стиль, әдеби стиль, үшіншісі – қазіргі замандағы түрлі кинофильмдер, анимациялық жанрлар арқылы жеткізу. Осының бәрінде халық өз қажетін алады. Бәрі де халықтың тарихи санасын өсіруге қызмет ете алады.
– Қойшығара Салғараұлы бір сұхбатында өзінің ертеден жазушы болуды армандағанын, бірақ бертінде досы Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Сен екеуміз де отызға таяп қалдық. Жазушы болсақ, әрі кетсе ортаңқол жазушы болармыз. Одан да қазақтың жоғын түгендейік. Ұмытылып бара жатқан тарихын, салт-санасын жазып, ұрпаққа жеткізейік» дегенін, сол досының кеңесімен тарихқа көбірек ден қойып кеткенін айтып еді. Ал сіз жазушы болуды бала күннен армандадыңыз ба? Тарихты көркем шығарма арқылы жеткізуді қай кезден ойладыңыз?
– Мен әуелі Шыңжаң университетінің тарих факультетінде оқыдым ғой. Бірақ әдебиет факультетіне ауысқым ке­ліп, факультет басшысына өтініш жазғанмын. Деканымыз ұйғыр кісі еді. Мені шақырып алып: «Әдеби талантыңыз болса, ол – өзіңізде бар талант, неменеге әдебиет факультетінде оқымақсыз? Одан да тарихи білім алып алмайсыз ба, ол сізге тіптен көмектеседі» деді. Содан соң «әдебиет факульте­тіндегінің бәрі тарихты жақсы оқып шығады деп айта алмаймын, ал тарих­ты жақсы білген адам жақсы жазушы да бола алуы мүмкін» деді. Сол сөз маған әсер етіп, мен тарих факультетіндегі оқуымды жалғастырдым. Біраз тарихи білім алып алдым.

Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды