Дерттен қайтсек құтыламыз?

0 54

Елімізде карантин режимі қайта орнаса да, тәртіпке әлі де бағынбай жүргендер бар. Бүгінгі таңда мобильді топтардың тексеру нәтижелері көрсеткендей, қоғамдық орындарда азаматтар бетперде кимейді, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды. Таңнан кешке дейін ойын алаңдарында алаңсыз, бетпердесіз ойнап жүрген балаларды күнде көріп жүрміз. Бұған кім жауапты? Әлде адамдар өз өмірлеріне немқұрайлы қарай ма? Бәлкім, жұртшылыққа санитарлық талаптарды сақтау туралы ақпарат жетпей жатқан болар? Аталмыш сұрақтарды еліміздегі қоғамдық пікір көшбасшыларына жолдап, жауаптарын білдік.

Жандарбек Мәлібеков, Елтаңба авторы:

– Бұл жағдайда әр адам өзінің емес, өзгенің амандығын ойлауы қажет. Үйдегі әке-шешесі мен балалары, жалпы жақындары үшін санитарлық талаптарды сақтағаны дұрыс. Осындай жағдайға жеткізген адамдардың бойындағы парасаттылықтың аздығы. Өз өмірін ғана ойлап, қалғанның бәріне немқұрайлы қарайды. Өзімшілдік басым. Үкімет бір жақта, халық бір жақта. Насихат айтылып жатыр, тек ақпарат жүзінде. Сөйлегенде халықтың санасына сіңіріп, сөзін сүйектен өткізер идеология таратушылар аз. Билер, ауыл ақсақалдары секілді халықтың тұрмыс-тіршілігін, жанын түсінетін, әрі оларға түсіндіре білетін шын жанашырлар керек. Құлдық сананың кесірінен осындай деңгейге жетіп отырмыз. Рухани жаңғыру жаңғырыққа айналып жатыр. Шаралар іс жүзінде жүзеге асқанмен, қарапайым халыққа түсіндіріліп жатқан жоқ. Айтылғандарды тұрмысқа, күнделікті тіршілікке енгізу керек. Жалпы қазаққа сана архитектурасы қажет. Сонда карантинге бағынатын болады деп ойлаймын. Мен өзім үйден шықпай, барынша оқшауланып отырмын. Сабырлық танытып, тәртіпке бағынсақ жағдайымыз оңалады.

Тұрғын Сыздықов, Мәжіліс депутаты:

– Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Бізге осындай сын сағатта бірлік қажет. Арамызда арандатушылар да жоқ емес, жан-жақтан. Халық өз денсаулығы үшін ондайға ермеуі қажет. Үкімет тарапынан барынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар атқарып жатқан істер қыруар. Дәрігерлердің еңбегі орасан зор. Ешқайсысының жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Жалпы, мінсіз ештеңе болмайды. Арасында қателіктер де болады. Дегенмен оның орны толтырылады. Біз бар назарымызды осы індетпен күресуге жұмсауымыз қажет. Бұл үкіметке де, қарапайым халыққа да қатысты. Билікте отырғандар да періште емес, пенде. Дәрі-дәрмектің дұрыс жеткізілмеуі, дәріханалардағы дәрі тапшылығы мен бағасының шарықтағанын көрдік. Олқылықтар кездеседі, оны басты назарға алып кінәліні жерден алып, жерге салу емес, вируспен күресуіміз қажет. Сын сағатта жұмыла көтерсек жүк жеңіл болады. Біздің қазақтың басынан не өтпеді? Бұдан да өтеміз. Коронавирустан құтылған соң, ол мәселелерге де қайта ораламыз. Сол кезде екінші деңгейлі мәселелер өз шешімін табады. Менің байқауымша, қазір тұрғындар барлық санитарлық талаптарды сақтап жүр, көпшілік жерде бетпердесін тағып, ал адам аз жерде шешіп қояды. Ол да дұрыс шығар, өйткені таза ауамен тыныстап тұру қажет.

Арман Шораев, кәсіпкер:

– Ұят болады деп, індетті ушықтырып жібердік. Сол бір ұяттың кесірінен қаншама жұрт жаназаға баруын тоқтатпай келеді. Қалада байқалмайды, ауылда ада сол аурудан қайтыс болып жатса да, жаназада жиналып жатқандар жетерлік. Айтылып жатыр, бірақ жақынымыз ғой ертең ұят болады, міндетіміз дейді. Ол жерде әлеуметтік арақашықтықтың сақталуы екіталай. Өз басым ешқайда бармаймын, банктік картасына қажетті қаражатын аударамын. Барлығымен алыстан сыйласамыз. Ең қиыны, сол ауыл адамдары көптеп ауырып жатыр. Неге? Себебі дәрі жоқ. Қалада амалын тауып, таныстары арқылы қажетті дәрі-дәрмекті табады. Ал ауылда өте қиын. Бұл жағдайда бізге үлкен жауапкершілік қажет. Карантин талаптарын күшейту керек. Екіншіден, насихат жетіспейді. Үкімет, құқық қорғау орындары тарапынан қатаң шаралар қажет, тәртіпке бағынбағандарға іс жүзінде айыппұл салу керек. Қазақтар бізге жоламайды, не болса да Үкімет өзі шешсін деп жүр әлі. Далада алаңсыз ойнап жүрген балаларға келсек, оларды қашанғы үйде қамап отырамыз, сондықтан далаға шығып жаттыққандары, ойнағандары оң. Ал егер маскасыз, алаңсыз жүрсе, онда олардың ата-аналары кінәлі. Немқұрайлылық бізді өлтіреді.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 2 =