Дерттен қайтсек құтыламыз?

0 45

«Дерттен қайтсек құтыламыз?» деген сауалды қоғамдық пікір көшбасшыларына қойған едік. Жауаптары төмендегідей.Алтас БЕЙСЕНБАЕВ, зейнеткер:

– Жалпы, Үкіметтің қолданып жатқан шаралары өте дұрыс деп есептеймін. Карантиннің қайта орнағаны орынды. Әйтпесе көріп жүрміз, қарапайым маска тақпай, еркін жүргендер көп. Күнде жан-жақтан ақпараттар айтылып жатыр. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген бар. Өз басыңа, отбасыңа, Отаныңа деген қауіпті сезіну керек. Немерем Испанияда оқиды. Қазір оларда да карантин режимі орнады. Аталмыш елде бәрі қатал. Дегенмен елде отырып оларға барынша үйден шықпауын, санитарлық талаптарды сақтауын күнде айтып отырамыз. Ата-ана балаға түсіндіруі қажет. Халық арасында вирус балаға жұқпайды деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Далада маскасыз ойнап жүрген баланы көрсем айтып түсіндіріп жүремін. Бірақ оны тыңдайтын құлақ бар ма?! Ата-ананың жауапкершілігі аз болса, балаға не деп өкпелейсің? Біздің халқымызға үлкен міндет жүктеліп отыр. Барлығы айтылды, тек соны орындау қажет.Әлібек ШЫНТЕМІР, журналист:

– Менің ойымша, халық­тың санитарлық талаптарды әлі де сақтамауы – ақпараттың дұрыс жеткізілмеуінен. Ақпарат арналары індет жайлы сайттар мен әлеуметтік парақшалар арқылы ғана жұмыс істеумен шектеліп отыр. Бұл жеткіліксіз, халыққа жол сілтеу керек. Біздің халық қазір абдырап қалды, өйткені жұртты адастыратын ауадан алынған ақпараттар өте көп, Үкімет осылармен күресу керек. Атап айтсақ, бір ғана Instagram-да миллиондаған оқырманы бар қаншама сауатсыз блогерлер, желі қолданушылары жүр. Қисынсыз жеңіл дүниені, ойсыз ойындар мен адастыру ақпаратын елді дүрліктіру үшін салып отырады. Сөзіме дәлел болсын, жуырда өзге бір елдің тікұшақпен әуеден су сепкен бейнеролигін біздің елге таратып, «мемлекет вирус шашып жүр халыққа» деп дүрліктірді. Сұмдық қой! Онсыз да билік пен халықтың арасын алшақтататын дүние толып жатқан тұста мұндай ақпарат отқа май құяды. Сондықтан Үкімет осындай жалған ақпар арнасын тоқтату қажет. Одан соң халықты тек ресми ақпараттарға үйрету керек. Маска­сыз жүріп той тойлайтындарды тоғыту қиын болып тұр. Бұл тұста Өзбекстанның заңды күшін үлгі ету керек. Біз әлі де тойды тоқтата алмай келеміз, қаладан шектесе, далаға барып жасайтын ел әлі де бар. Анық ақпарат алып, індеттің қаншалықты қауіпті екенін ескерсе бұлай етпес еді.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − one =