Дерттен қайтсек құтыламыз?

0 48

«Дерттен қайтсек құтыламыз?» деген сауалды қоғамдық пікір көшбасшыларына қойған едік. Жауаптары төмендегідей.Динагүл Баешқызы, инфекционист-дәрігер:

– Бұл мәселеде халықтың білімсіздігі мен тәртіптің жоқтығын айтуға болады. Мен 5 айдан бері аурудан қалай сақтану керегін айтып келемін. Бес айдың ішінде халықтың денсаулығы үшін 100-ден аса ақысыз түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ал жұртшылық әлі де бейғамдық танытады. Сенбейді күні бүгінге дейін. Оған кінәлі – халықтың қараңғылығы. Ауыр тиетіні, жұрт осы ауруды мен әкелгендей, маған неше түрлі негативті пікірлер жазады. Не үшін? Мен инфекционист­пін, мен сараптама жүргіздім. Халықты сақтап қалуға барымды салып жатырмын. Надан адамдар өзін де, өзгені де адастырады. Эпидахуалдың ушығуы – осы надандықтың кесірінен. Қазір карантинге қарамастан жұрт бір-бірімен емін-еркін кездесіп жүре беретін болса, 2 аптадан кейін ауырғандардың саны артады. Бір-біріне жұқтырып, соңында 60-тан асқан адамдар арамызда қалмайды. Біз қандай карантин жасасақ та, қаншама дезинфекция жүргізсек те, тіпті басымыздан аяғымызға дейін бүркеніп жүрсек те, егер үйден шығып, әр жерге барып жүре берсек, біз бұл ауруды жеңе алмаймыз. Сол үшін сауатты, халыққа жанашыр жандар, журналистер мен ел адамдары, продюсерлер бірігіп, халыққа қарапайым тілде түсіндіру қажет. Осылай ғана сақтана аламыз, басқа амал қалмады.Айбек Қосан, журналист:

– Бұл – ақпараттық саясаттың дұрыс жүргізілмеуінен туындаған мәселе. Індет енді басталып жатқанда Денсаулық сақтау министрлігі, Үкімет тарапынан халықты ақпараттандыру жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Емханаларда расымен ауырып жатқан азаматтарды көрсетіп ашықтық таныту қажет етеді. О баста коронавирусты аты бар заты жоқ сияқты дүние деп ойлап жүрді халықтың дені. Екіншіден, балконға шығып тұру қажет, бір қолыңда жеке куәлігіңді ұстап тұр, сол арқылы барлығымыздың температурамызды өлшейді деген сияқты фейк ақпараттарға сүйеніп, соны бір-біріне таратып жүргені – халықтың әлі де сауатының төмен екендігінің дәлелі. Тығылып той жасап, маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау дегенді міндетсінетін азаматтар бар. Бұл халықтың өз денсаулығына немқұрайлы қарайтынын көрсетеді. Тұрғындардың күні кешеге дейін жаппай демалыс орындарына, қонаққа баруы сол адамдардың білім деңгейінің, ой санасының төмендігін көрсетіп отыр.

 

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =