«ДЕРТ бермесін, дәрігер, қолыңызға»

0 286

Ардагерлер госпиталінен арнайы репортаж

Сонау сұрапыл соғыс жылдары майданда миллиондаған адам көз жұмды.  Еліне аман-есен оралған қарттарымыздың қатары да сиреп барады. Оларға қамқорлық көрсету, денсаулығын нығайту – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Астана қаласында Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь бар. Емдеу мекемесІнің тыныс-тіршілігімен танысып, директоры Әділхан Абдулинмен әңгімелесіп қайтқан едік. 

Сәкеннің тапаншасы табылған ғимарат

Госпиталь орналасқан ғимаратты тарихи мекен деуге әбден болады. Құрылыстың іргетасы 1914-1918 жылдары көпес Моисеевтің тапсырысымен қаланған деседі. Азамат соғысы басталған тұста мұнда төңкерістің әскери кеңесі орналасқан екен. 2007 жылы госпитальге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде құрылысшылар ғимараттың шатырынан тапанша тауып алған. Қаруды жан-жақты зерделеген тарихшылар оны «Сәкен Сейфуллиннің тапаншасы» деген байлам жасапты. Тарихи жәдігер ақынның Астанадағы мұражайына табысталыпты. Ал медициналық құрылым жағына келсек, бұрын мұнда кеңес партия активіне арналған емхана және аурухана жұмыс істеген. 2000 жылдан бастап соғыс ардагерлері ем қабылдай бастады. Бұрын госпитальда тек солтүстік өңірлерде тұратын ардагерлер емделсе, бүгінде республиканың түпкір-түпкірінен келетіндер көп. Мұнда, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінен басқа, Ауған соғысы ардагерлер, Украинадағы Чернобыль АЭС-дағы апатты жоюға қатысушылар мен 1949-1991 жылдары Семей ядролық сынақтары жасалған полигон аумағында тұрған азаматтар емделеді. Республикада бұл санатқа жататын барлығы 800 мың адам бар. Астанада олардың саны – 2 950. Госпитальға емделушілер өздері тұрып жатқан өңірдегі жергілікті денсаулық сақтау басқармалары арқылы келеді. Жолдама ардагерлерге тұрғылықты жерінен сырқаты мен денсаулық жағдайына қарай беріледі.

Госпитальдің директоры туралы да айтпай кетуге болмас. Әділхан Абдулин туралы жұртшылықтың пікірі жаман емес. Естуімізше, ол өте ұлтжанды азамат. Өзі басқаратын мекемесі бастан-аяқ қазақ тіліне көшуі де оның ұлтжандылығын аңғартса керек.

2008 жылы Астанаға көшіп келгелі бері осы госпитальды басқарып келеді.

Қазір госпитальда 146 адам жұмыс істейді екен. Шипажай үлгісіндегі емдеу мекемесінде бассейн, минералды ванна, массаж, балшықпен емдеу, физиологиялық емдеу және тағы басқа да көптеген қызмет түрлері көрсетіледі. Материалдық-техникалық базасы да толыққанды. Мұнда ем қабылдаушылар екі апта мерзімге келеді екен.

Жалпы емхана жоспар бойынша 14 облыстан келген науқастарға қызмет көрсетеді. Ай сайын мұнда 140-145 адам келіп, денсаулығын түзеп шығады. Күндіз-түні тынымсыз қызмет атқаратын емханада науқастарға арналған кітапхана, жаттығу залы, асхана бар. Жағдайы мүшкіл, жүріп-тұруы қиын қарттарға асты бөлмелеріне әкеліп береді.

Емханада 200 адамға орын қарастырылған. Бір бөлмеде 2-3 адамнан жатады. Жаттығу залы да кең екен. Емделушілер жаттықтырушының кеңесімен жаттығу жасайды.

Дерт дауасы – ара

Сырқатты арамен емдеу тәсілін қолданатын бірден-бір мекеме – осы госпиталь. Астанада енді қолданыла бастаған бұл ем түрімен танысу мақсатында арнайы жабдықталған бөлмеге келдік. Біз барғанда бір азаматқа ара қойып жатыр екен. Өзін Ауған соғысының ардагері Берік Билиязов деп таныстырған ол арамен ем қабылдап жатқанына бесінші күн болғанын айтады.

– Ем-шараға көңілім толады. Мұнда небір ем түрі бар. Өзім қан қысымым көтеріліп болмаған соң келіп едім. Арамен емдеу – біз сияқты қан қысымы тұрақсыз жандарға өте пайдалы екен. Қазір денсаулығым жақсарып қалды, – дейді Берік.

Апитерапевт-дәрігер Әсет Жанатұлының айтуынша, емнің құрамына араның балы, прополис (ара желімі), ара уы, гүл тозаңы және емдік әсері күшті сүт кіреді. Ал ара уының құрамында адам ағзасына пайдалы түрлі ферменттер мен аминқышқылдары және милитин бар екен. Милитиннің құрамындағы 12 түрлі аминқышқылы, оның ішінде серотонин мен гистамин ферменттері қан құрамына өтіп, қабынуға қарсы әсер етеді. Адам ағзасында кездеспейтін кейбір биоорганикалық қышқылдарды да ара уынан алуға болады. У ағзаның ауруға қарсы иммунитетін күшейтеді. Жалпы, ара уы көптеген ауруға, оның ішінде полиартрит (буындардың қабынуы), артрит (шорбуын), ревматизм (сарп), жүйке аурулары, остеохондроз, остеопороз, псориаз, ішкі құрылыс, буын аурулары, колит, асқазан жарасы, холецистит секілді ауруларға бірден-бір ем. Бұдан өзге, гинекологиялық, тыныс жолдары ауруларын емдеуге болады.

Ара уымен шақтыру арқылы емдейді. Ара ұясын бұзып ашуландырғанда немесе ұстап алған кезде болмаса, басқа уақытта адамды шақпайды. Шаққан күннің өзінде араның өзі бір-екі сағаттан кейін өліп қалады.

Ара уын емдік мақсатқа қолданғанда ағзаға оның белгілі бір мөлшері жіберіледі. Бір күнде он екі арадан артық шақтыруға болмайтын көрінеді. Егер адамды бір күнде жүзі шағатын болса, уланып қалуы мүмкін.

–Бұл емді қабылдауды ниет еткен науқасты алдымен медициналық тексеруден өткіземіз. Өйткені адам ағзасына байланысты ара уы аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Сондықтан емге келген азамат қан және несеп сараптамасынан өтіп, бауыры мен бүйрегін тексертеді. Егер аталған ағза мүшелерінде кінәрат болса, ем жүргізуге болмайды. Инфекциялық және туберкулез ауруымен ауыратын науқастарға да ара уы қолданылмайды. Ара уында ақуыз көп болатындықтан, жұмыртқаға, сүт тағамдарына аллергиясы бар жандарға ем кері әсерін тигізеді, – дейді дәрігер.

Ара дененің кез келген жеріне емес, белгілі бір нүктелерге салынады. Шаққаннан кейін оның тұмсығындағы шанышқы инесі денеде қалып қояды да 15 минутқа дейін уытын ішке жібереді. Сонан соң арнайы қысқышпен ине алынып тасталынады. Шаққан жері қызарып ісуге, шымырлап ауырады.

Ем жүргізбестен бұрын науқасқа алдымен сынама жасалады. Егер бір-екі сағаттан кейін араның шаққан жері 5 сантиметрден асып қызарса, ем жүргізуге болмайды.

Емдеудің бір курсы — 12-15 күн.

Сүлік – денсаулық биофабрикасы

Дәрігермен әңгімелесіп отырғанымызда, есікті қағып, тағы бір емделуші келді. Ол сүлікпен емделіп жүр екен.

– Менің бел омыртқам ауырып, қан қысымым жоғары болған еді. Қазір жағдайым жақсарып қалды. Алғашында сүлікпен емдейміз дегенде, сәл жүрексінген едім. Ал, қазір ем қабылдауға қуана келіп жүрмін, – дейді Өмірзақ Оразбаев ақсақал.

Медициналық сүлік – тұщы суда тіршілік етеді. Ұзындығы 8-12 сантиметр болады. Оның сілекейінде гирудин және гиалуронидаза деген заттектер бар. Гирудин қанның ұюына кедергі келтіреді, гиалуронидаза дене талшықтарында зат алмасу процесіне әсер етеді. Гирудиннен дәрі-дәрмектер жасалады.

Сүліктің сілекейі қабыну процесіне қарсы күресу, иммундық жүйені күшейту, қан тамырларының склероздық процесін азайту, қан ұю үрдісін болдырмау және ұйыған қанның түйіршіктерін үгу қасиеттеріне ие.

Сүлік салуды гирудотерапия деп атайды. Қазіргі таңда гирудотерапия – кардиология, офтальмология, дерматология, хирургия, гинекология, урология, неврология және герентология саласында кеңінен қолданылатын, күретамыр, қан тамыры, тері ауруларына, өкпе, бас сақинасы, инфаркт, инсульт, глаукома тәрізді сырқаттарға өте шипалы. Ең ғажабы, кейбір адамдар сүлік салудың көмегімен арықтайды.

Сүлік адамның арам қанын сорып алады, сөйтіп, қан айналысын жақсартады, сүліктің сілекейі биологиялық белсенді заттарға бай, осы түрлі ферменттерден тұратын сүлік сілекейі адамның қанын тазартып, иммунитетін күшейтіп, ағзасын жасартады, түрлі ферменттермен бірге қанның ұюына тосқауыл қоятын гирудин және 100-ге жуық биологиялық пайдалы заттар-сүлік сілекейінің басты ерекшелігі.

Сүлікті науқас адамның жүрек қызметі нашарлап, бауыры ұлғайғанда, тромбофлебитте, миокарда инфарктінде, жүректің ұстамалы ауруында (стенокардия), ми-қан тамырларының қысылуында қолданады. Сүлік салып, емдегеннен кейін сырқаттың дене қызуы қалпына келеді, қан қысымы, қандағы қант мөлшері төмендейді, ұсақ қан қатпарлары жойылып, ісікке қарсы, ауырсыздандыру тетіктері іске қосылады. Әсіресе, сүлік салу операциядан кейін тез жазылуға әсер етеді.

– Медициналық аш сүлік бір сорғанда 10 мл. қан сорып, оған тойған соң адам денесінен өзі сыпырылып түсіп қалады. Егерде адам денесіне 8-10 сүлікті қоятын болса, олар 300-400 мл. қанды сорып алады және де сорған жерінен қан өздігінен алты сағаттан бір тәулікке дейін аға береді, – дейді Әсет Жанатұлы.

Сүлікті қолданғанда тәндегі өзгерістердің қатерлі болып кетуі мүмкін болғандықтан, оны аллергиялық ауруы бар сырқатқа, қансыраған адамға, қан қысымы төмендерге, қан ұю процесі нашарлаған ауруға пайдалануға болмайды екен.

ФизиотерАпияның да пайдасы мол

Бұдан кейін госпитальдің физиотерапия бөлімшесіне келдік. Мұнда физиотерапиялық ем-шаралар арқылы адам ағзасын барынша сауықтыру, аурудың алдын алу мен ағзаның күш-қуатын қалпына келтіру шаралары жүзеге асырылады екен. Адам ағзасына пайдалы магний сульфаты тұздарымен толтырылған ванна, су ағыны арқылы ағзаға әсер ететін құрғақ гидромассаж, жүрек-қантамыр және тірек-қозғалтқы ауруларына жасалатын массаж креслосы, қанайналымды жақсартатын, ауруды басатын, қабынуға және ісінуге қарсы лазерлік терапия, магниотерапия, балшықпен емдеу, дәрілік шөптердің қайнатпасымен емдеу сынды ем-шаралар осында.

Біз кірген сәтте физиокабинеттің медбикесі Гүлнар Сүндетқызы ваннаға ыстық суды толтырып, науқасқа массаж жасап жатыр екен.

Бұл емнің өзіне дәрігердің арнайы рұқсаты керек. Судың температурасы 38 градус. Ваннаны науқас 10 күн бойы қабылдайды. Емделушілерге ерекше ұнайтын булы бөшке де бар. Оны 50 градуста қыздырып, науқасты отырғызады. Жарты сағаттан соң душ қабылдайды. Ванна, судағы массаж, булы ағаш бөшкесін қан қысымы жоғары адамдар қабылдауға болмайды.

Ардагерлер көзайымы болған көрме

Госпитальдің қабырғасына ілулі суреттер ерекше көз тартады. Директор Әділхан Абдулиннің айтуынша, бірнеше жыл қатарынан госпиталь қабырғасында жас суретшілердің көрме-конкурсы өткізіліп келеді екен. Бұған дейін жеңістің 67 жылдығы және Л.Н.Гумилевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Қаhармандарға-тағзым» атты жас суретшілердің халықаралық сурет көрмесі ұйымдастырылған. Биыл «Фашизмды жеңіп шыққан жауынгерлер алдында басымызды иеміз!» атты бірегей суреттер көрмесі ашылыпты. Онда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері мен оқытушылары, мектеп оқушылары сыйға тартқан жұмыстар қойылған.

Биыл фотосуретшілер арасында «Бейбітшілік бақыт әкеледі»тақырыбында байқау ұйымдастырылған. Оған мыңнан астам сурет түсіп, арасынан ең үздік деп танылған 68 фотосурет Жеңістің 68 жылдық мерекесіне тарту есебінде іріктелген. Бір айта кетерлігі, фото-көрмеде бәйге алған суреттердің барлығын жеңімпаздар госпитальға сыйға тартады екен.

Жыл сайын ұйымдастырылатын шараның мақсаты – ұрпақ бойына туған ел, туған жерге деген махаббатын оятып, жүрегіне патриоттық сезім ұялату. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен аға ұрпақтың ерлік істерін қастерлеуді мақсат еткен госпиталь ұжымы ардагерлерге барынша қамқорлық танытып, жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуді парыз санап келеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =