ДЕР КЕЗІНДЕ ЕМДЕЛГЕН ДҰРЫС

0 132

ана мен бала

Жақында мынадай жайтқа куә болдым: ойнап жүріп, ернін темірге ұрып алған баласының жарақатына ата-ана алғашында мән бере қоймайды. Тіпті, дәрігерге барудың орнына өздері ем-дом жасаса керек. Бірақ, жара жазылмайды. Соның кесірінен сәбидің қанына вирус түсіп, оның соңы жаман ауруға ұласады…

Иә, кез келген адам денсаулығына бей-жай қарамауы керек. Тіпті, ұсақ-түйек жараның өзі кейін өкінішті жағдайларға ұрындыруы мүмкін. Соқыр сәуегейліктің кесірінен маңдайын тасқа ұрып жүргендер қаншама? Кез келген ауру дер ке­зінде анықталса жазылады. Ал, мең­­деп кетсе, оны ауыздықтау қиын.

Елімізде жыл сайын 30 мыңдай адам онкологиялық дертке шал­дығады екен. Соның ішінде балалар қатары артып келе жатқаны қын­жылтады. Балалардың қауіпті ауру­ларын емдейтін бірден-бір мекеме – елордадағы Ана мен бала ұлт­тық ғылыми орталығы. Былтыр осында онкологиялық сырқаттарды ем­дей­тін арнайы орталық ашылды. Сол уа­қыт­тан бері мұнда 50 бала ем қа­был­дап, оның 12-сі жазылған. Балалар ауруханадан шық­қаннан кейін үш ай сайын тек­серуден өтеді. Егер ауру 5 жыл­дың ішінде қайталанбаса, онда нау­­қас­тың құлан-таза жазылғаны.

Дәрігерлердің айтуынша, емделу­шілердің 50 пайызы – 5 жасқа дейінгі, 30 пайызы – 12 жасқа дейінгі, ал 20 пайызы 13-17 жас аралығындағы жеткіншектер екен. Онкологиялық аурудың көптеген себептері бар. Соның ішінде туабітті, тұқым қуа­лаушылық жағдайлар кездеседі. Сондай-ақ, бұл ауру шарананың іште жүргенде пайда болуы мүмкін. Ол анасының жүкті кезіндегі күтіміне байланысты болады.

Онкологиялық ауруларды емдеу елімізде тегін жүргізіледі. Дегенмен, аурудан айығып, жаны қалса да, емделу барысында қабылдаған әртүрлі химиялық қоспа дәрілердің де адам ағзасына зияны аз емес. Тіпті, зақымданған ағзалар операциялық жолмен алынып тасталуы да мүмкін. Сонымен қатар, сауығуға адамның психологиялық жай-күйі де өте қатты әсер ететін көрінеді. Яғни, емделуші өзінің құлан таза айығатынына се­ніп, ауруы жайлы көп ойламаса, он­да жазылу мүмкіндігі көп екен. Ере­сектерден гөрі сары уайымды біл­­мейтін балалар тезірек сауыға­ты­ны­ның өзі көп нәрсені аңғартса керек.

Балаға да балта сілтеп отырған  бұл аурудың құлқынында қанағат жоқ. Дені сау, есі бүтін ұрпақ әкелу үшін әр адам денсаулығына жа­уап­кершілікпен қарау керек. Кез келген жараны ұсақ-түйек деп қа­рамай, дер кезінде емделудің өзі көп нәр­сенің алдын алатынын есімізден шығармағанымыз абзал.

Әйгерім БАЛҒАБАЕВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 10 =