Депутат болу – үлкен жауапкершілік

0 454

Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, Астана қаласы мәслихатының депутаты

1

– Екі мәрте елордалық мәслихаттың депутаты атандыңыз. Өзіңіз сай­ланған округтегі тұр­ғындарды қандай мәсе­лелер толғандырады. Ал­ғаш­қы сөзімізді осыдан бастасақ?
– Әрине, әлем назарын аударған бас қаламыз жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Оған ерекше қуанамыз. Расында, екі мәрте қалалық мәслихаттың депутаты болып отырмын. Тұрғындар биыл екінші мәрте маған сенім артып, қайта дауыс берді. Депутат болу – ол үлкен жауапкершілік, ел сенімі. Осыған орай өзімді сайлаған №6 округ тұрғындарымен жиі кездесіп тұрамын. Олар көбінесе тұрмыстық-шаруашылық мәсе­лелерін айтады. Әсіресе, үй­лердің жоғары қа­баттарындағы пәтерлерге ыстық судың қы­сы­мының аздығынан көте­рілмейтіндігі сөз болады. Осы мәселе бойынша Жеңіс даңғылы, Ш.Уәлиханов, І.Есенберлин, Ы.Дүкенұлы, Ш.Айманов және И.Құтпанов көшелерінің тұрғындарынан шағым көп түсті. Олардың өтініштерін орындау үшін «Астана су арнасы» АҚ-на хат жолданды. Бүгінде аталған тұрғын үйлерге ыстық судың көтерілу деңгейі анықталып, нақты шаралар қолға алынды. Сондай-ақ, Жеңіс даңғылындағы 67 мекенжайдағы 16 қабатты тұрғын үйдің азаматтары 2012 жылдан бері сегізінші қабаттан жоғары су көтерілмейтіндігін жазған еді. Қазір осы мәселе де толық шешілді.

Жалпы, менің округімде өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған 3-5 қабатты ескі үйлер көп. Бүгінде олардың су құбырлары әбден ескірген, айырбастауды немесе күрделі жөндеуді талап етеді. Сондықтан бұл мәселені толыққанды шешу үшін жекеменшік пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп талқылау қажет. Көбінесе тұр­ғын­дардың пәтер иелері коопе­ративтері басшыларына көңілі толмайды. Кейбір төрағалар өз жұмыстарына немқұрайлы қарап, тұрғындардан мақсатты түрде жиналатын қаржыны тиімді пайдаланбайды. Қарапайым тазалық шараларын жүйелі жүргізбейді. Осы жағдайды Сарыарқа ауданы әкіміне жеткізіп, ПИК төрағаларының жұмыстарына әкімдік тарапынан қатаң бақылау қою туралы ұсыныс айтылды.

2012-2015 жылдары округ бойынша тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Оған мемлекеттен 600 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бүгінде кейбір үйдің аулаларындағы жұмыстар қар­жыға байланысты аяқталмай қалды. Әлі де балалар ойнайтын аула алаңдары қажет. Оны да мәселе ретінде көтеріп, қалалық әкімдікке сауал жолдадық. Оған қаржы бөлініп жатса, шешімін табады деп ойлаймын. Әрине, айта берсек, тұрғындарды мазалайтын мәселе жетерлік. Оның барлығын мүмкіндігінше шешіп жатырмыз деуге болады.

– Сіз депутат қана емес, бас қаладағы тарихы терең С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­верситетін басқарып отырсыз. Жаңа оқу жылын қалай баста­дыңыздар?
– Иә, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситеті 1957 жылы құрылған. Астанадағы алғашқы жоғары оқу орны екенін де мақтанышпен айтамыз. Алдағы жылы оқу ордасына алпыс жыл толады. Сондықтан ауыз толтырып айтатын табыстарымыз көп.
Жаңа оқу жылы да сәтімен басталды. Биыл еліміздегі жоғары оқу орындары арасында біздің университетті таңдаған талапкерлер бойынша алдыңғы орында тұрмыз. 2016-2017 оқу жылына ҚазАТУ бакалавриат мамандығы бойынша 1217 грантты жеңіп алды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 156 грантқа көп. Университет өзінің биік деңгейдегі жоғары оқу орны екендігін осылай тағы да дәлелдеді. Жаңа оқу жылында 1-курсқа 3 мыңнан астам түлек қабылданды. 800-ден аса жас маман магистратурада білім алады. Сонымен бірге, шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтасып, жаңа инновациялық ғылыми-зерттеу университетіне аяқ басып келеміз. Айталық, аграрлық-инновациялық ғылым бойынша әлемдегі алғашқы орында тұрған әйгілі Дэвис қаласындағы Калифорния университетімен екіжақты тығыз байланыс ор­наттық. Ғылыми-зерттеу уни­верситетінің бағдарламасын бірге құрдық. Бүгінде көптеген оқытушыларымыз Калифорния университетіндегі жаңа тәсілдерді, жаңа білім беру бағдарламаларын үйренуде. Олар елге келген соң, осы тәсілдерді оқу бағдарламасына енгізеді.

Біз оқуға ғана емес, студент­тердің әлеуметтік жағдайына айрықша көңіл бөліп отырмыз. Осы қазан айының соңына таман ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 800 орындық жатақхана пайдалануға берілмек. Дегенмен бас қалада барлық студентті жатақханамен қамту мүмкін емес. Сонда да қолдан келгенше барлық жағдай жасалуда. Студенттерге арналған әлеуметтік дүкен, дәріхана, емхана жұмыс істейді. Университеттің оқытушы-профессорлары және сту­денттеріне арналған асхана елордадағы бағасы арзан асхана деп айтуға болады. Таяуда ғана Есілдің сол жағалауынан университеттің магистранты мен докторанттарына және жас оқытушыларына арналған 120 пәтерлі от­ба­сылық үш жатақхана пай­далануға берілді. Осы аяқталған құрылыс нысандары университеттің игілігіне соңғы 30 жылда салынған бірден-бір ғимарат екенін айтуға болады. Осы жақсы жаңалықтардың барлығы айрандай ұйып отырған ұжымға тың серпін, соны ізденіс берді.
Бізге көбінесе түлектер алыс ауылдардан келеді. Сон­дықтан бүгінгі экономи­калық жағдайды ескере отырып, биылғы оқу ақысын былтырғы бағамен қалдырдық. Бұл да оларға жасалған үлкен көмек деп есептеймін.

– Оқу ордасында жүргізіліп жатқан жаңа жобалар жайында айтсаңыз. Студент­тердің білім мен еңбек тә­жі­ри­бесін ұштастыру ба­ғытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Университетте 37 мамандық бойынша 10 мыңнан астам бакалавр, 31 мамандық көлемінде 600 магистр білім алады. Және 14 мамандық негізінде 1548 (PhD) докторант оқиды. Оқу үрдісі кредиттік жүйемен жүреді. Елбасының Білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес еліміз­дегі жоғары оқу орындары халықаралық аккредитациядан өту керек. Бұл дегеніміз – біздің біліміміз бен біліктілігіміз әлемдік деңгейге сай болу қажет деген сөз. Мамандарымыз ішкі нарықты ғана емес, сыртқы нарықта да жұмыс істей білу керек.

Біз, негізінен, ауылшаруашылық мамандарын дайындаймыз. Бұл салада маусымдық жұмыстар көбінесе көктемде басталады. Сондықтан оқу үрдісінде үш семестрлік және тоқсандық оқу мүмкіндіктері берілді.

Елімізде дуальді оқыту жүйесі дамып келеді. Кейбір мамандықтар бойынша бізде дуальдық оқытудың элементтерін енгіздік. Студенттердің оқу теориясын өндіріспен ұштауды қолға алдық. Оған келісімшартқа отырған кәсіпорындағы жетекші мамандарды тартып, оларға қосымша ақы төлеп отырмыз. Өндірістік тәжірибенің уақытын 3 айдан 8 айға дейін ұзарттық. Үшінші курстан бастап сту­денттер өндіріске тәжірибе алмасуға барады.

Былтырдан бастап оқу мен өндіріс тығыз байланыста болу үшін арнайы тәжірибелік шаруашылық ұйым­дас­тырылды. Елорданың жанынан 1200 гектар жер алдық. Оған түрлі ауылшаруашылық дақылдарын ектік. Картоп, бидай, арпа, сұлы дақылдарын алғаш рет өз шаруашылығымызда жинаймыз. Бұл біз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Алдағы жылы ет, көкөніс өнімдерінің түрлерін арттыру ойымызда бар. Бұл кампусты заманауи техникалармен қамтамасыз етеміз әрі ғылым жолында жүрген мамандар сол жерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

– Ауыл шаруашылығы саласын жетік білесіз. Белгілі ғалымсыз. Сондықтан осы саланы одан әрі жетілдіру, дамыту туралы қандай тың ойларыңызбен бөлісер едіңіз?
– Халқымыз «Ауыл – алтын бесік» деп бекер айтпаған. Мен де ауылда дүниеге келдім. Сондықтан ел өмірі маған етене таныс. Бүгінде халқымыздың 45 пайызы ауылда тұрады. Олардың экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту – барлығымыздың да парызымыз. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында ауылды дамыту туралы жақсы айтылған. «Агробизнес-2020» бағдарламасы жұмыс істейді. Қазіргі күнде ауылда мал басы көбейіп келеді. Ол – қуанарлық жайт. Біз – аграрлы мемлекетпіз. Қазақстан келешекте көрші елдер мен Еуропа мемлекеттерін азық-түлікпен қамтамасыз етуді қолға алмақ. Бүгінде Қытай мемлекеті біздің ауылшаруашылық тауарларына қызығушылық танытып отыр. Сондықтан ауылды дамыту үшін заманауи технологиялар мен білікті мамандар қажет. Анығырақ айтқанда, өндіріске аграрлық ғылымның жетістіктерін енгізу керек. Сонда ғана ауылдың болашағы жарқын боларына сенемін.

Сұхбаттасқан:
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 − two =