Денсаулықты жас кезден қадағала

0 35

Скандинавтық немесе нордтық жүріс деген бар. Осындай жүріспен жұмасына екі-үш рет жүремін. Сол жүрісте пайдаланатын екі таяқшаны көріп, кейбіреулер тоқтатып сұрайды «бұл таяқтардың пайдасы қандай?» деп. Содан маған ой келіп, осы білгенімді көпшілікпен бөлісейін деген көңілмен мақала жазып отырмын.Велосипедпен жүретін болсаңыз, денеңіздің кіндіктен төменгі жағының бұлшық еттері қозғалысқа келеді, ал нордтық жүрісте бақайың­нан бастап мойын бұлшық еттерінің бәрі қозғалысқа келіп, шынығады. Ал күш таяқтарға ауады да, белің дем алады. Бұл жүрістің барлық аурулардың алдын алуға көмегі бар. Таяқтар спорттық дүкендерде сатылады. Сонда пайдалану туралы нұсқауы болады.
Жалпы, денсаулық үшін де күресу керек. Қысқаша өз тәжірибеме тоқталып өтсем, жасым сексеннен асса да, күнде таңертең белгілі дене шынықтыру жаттығуымды жасаймын, содан кейін денемді дымқыл орамалмен ысқылаймын. Осының бәріне бір сағаттай уақыт кетеді. Сосын таңертеңгі асымды ішкен соң жапондықтардың ұсынысы бойынша он мың қадам жүріп келемін. Ол бес-алты шақырымдай. Жұмасына екі рет бассейнге барамын. Түскі астан кейін бір сағаттай дем алып, немеремнің оқуына көмектесемін, жаңа келген газеттерді оқимын. Қоғамдық жұмыстармен де айналысамын, мысалы, қазір атақты жерлесіміз Сағадат Нұрмағамбетовтің туған жері – Еңбек ауылының ердің атына сай келетіндей ету үшін біраз шаралар атқарып жатырмыз. Жалпы, «Қозғалыс – өмір» деген қағиданы ұстауға тырысамын.
Әрине, адамда генетикалық жолмен тараған немесе басқа себептермен пайда болған аурулар болады. Оны дәрігерге көрініп, сол кісілердің айтқан ұсыныстарын орындап, жазып берген дәрілерді ішу керек. Осы мақаланы жазудағы мақсатым өзімді көрсету емес, жастарға ақыл ретінде. Байқаймын, жас жігіттердің біразында артық салмақ бар. Ол да аурудың бір түрі. Емхана мен ауруханаға барғанда жастардың ара салмағы әжептәуір. Денсаулықты жас кезден сақтауға тырысу керек. Ол үшін ерінбей денсаулық үшін күресу қажет. Күресу деп отырғаным – жалқаулыққа бой бермеу, еңбектену. Тағы бір байқайтыным, жолаушылар көлігінде, көшеде келе жатқан балалар мен жастардың қолдарынан ұялы телефондары түспейді. Кейбір ата-аналар мен ата-әжелер балалары мен немерелеріне кішкентай кезінен есепсіз телефонмен ойнатып қояды. Осы телефондарды шығаратын ғалымдар өз балаларына бермейтін көрінеді.
Денсаулық әркімнің өзі үшін керек, сондықтан әр адам сол үшін еңбектенуге міндетті. Орыстың мақалы бар ғой: «ғасыр өмір сүрсең, сонша жыл үйрен» деген.
Олай болса, денсаулық үшін өзіміз күресуіміз керек екенін ескеріп жүрейік.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды