©2020 Астана Ақшамы
Денсаулыққа дер кезінде мән берген дұрыс
Астанадағы Сембинов көшесінің бойына орналасқан №8 қалалық емхана 2008 жылдан бері осы маңдағы тұрғындарға кепілдендірілген көлемде алғашқы медико-санитарлық және мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. Сейсенбі күні оқырмандарымыз аталмыш мекеменің бас дәрігерімен тікелей тілдесіп, №8 емханадағы қызмет көрсету сапасы туралы және басқа да өздерін толғандырған мәселелер төңірегіндегі сұрақтарға жауап алды.
Айгүл ҚАСЫМОВА, Астана қаласы №8 емхананың бас дәрігері
– Қайырлы күн. Мен ревматоидты артрит диагнозымен сіздің емханада диспансерлік есепте тұрамын. Стационарлық емдеу алуға құқым бар ма?
– Олай болса, аурудың асқыну кезеңінде емдеу курсын алу үшін стационарлық госпитализациялау бюро порталы арқылы ем алуға мүмкіндігіңіз бар.
– Мен Арқалық қаласының тұрғынымын. Астанаға немереме қарайласайын деп уақытша келгенмін. Өзім көп жылдан бері артериалдық гипертониямен ауырамын. Сіздің емханадан жеңілдік рецептерін алуыма бола ма?
– Медициналық бақылаудан өту үшін алдымен өзіңіз тұратын маңдағы емханаға тіркелуіңіз қажет.
– Осы емханаға жақын маңда тұрамыз.
– Онда учаскелік дәрігерге қаралып, сырқатыңыз бойынша диспансерлік есепке тұрыңыз. Сонда ғана сіз кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемінде тиісті дәрі-дәрмектерді тегін ала аласыз.
– Айгүл Құбашқызы, мені учаскелік медбике скринингтік тексеруден өтуге шақырды. Бұл міндетті ме?
– Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының азаматтары арасында қант диабеті, жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, колоректальдық обыр, су қараңғылықты, В және С вирустық гепатиті аурулары түрін ерте анықтау үшін мақсатты жас мөлшері тобына скрининг жүргізіледі. Бұл біздің мемлекетіміздің халық денсаулығын сақтау үшін жасаған қамқорлығы болып табылады. Сондықтан, дәрігеріңіздің шақыртуына немқұрайлы қарамаңыз.
– Сәлеметсіздер ме! Мен невропатологта диспансерлік есепте тұрмын. Күндізгі стационарлық ем-дом қабыл-дауыма бола ма?
– Әрине, сіз жылына бір рет күндізгі стационарда ем қабылдай аласыз. Ол үшін невропатолог дәрігерінен жолдама алуыңыз керек.
– Біз Қостанай қаласынан көшіп келдік, қазір Иманов көшесі №26 үйде тұрып жатырмыз. Мектепте оқитын ұлым ауырып қалды. Қайда қаралғанымыз жөн?
– Сіздердің тұрғылықты мекен-жайларыңыз, аумақ бойынша №8 қалалық емханаға қарайды. Сондықтан біздің емхананың тіркеу орнына келіп жолығуыңыз қажет, сол жерде сізге жасөспірімдер дәрігеріне жолдама береді.
– Жеке клиникаға көрініп едім, маған екпе тағайында-ды. Осы емді сіздердің емханаларыңыздан алуыма бола ма?
– Әрине, егер сіз аумақ бойынша біздің емханаға тіркелген болсаңыз, дәрігерлік ем тағайындау қағазын көрсету арқылы емделе аласыз.
– Рахмет, ал сіздердің емханаларыңыздың электрондық мекенжайын білгім келеді. Сондай-ақ, арнаулы мамандар қабылдауына қалай кіруге болады?
– Біздің электрондық адресіміз: www 8poliklinika@mail.ru. Өздеріңізді толғандырған барлық мәселелер бойынша осы мекенжайға хабарласу арқылы білуіңізге болады. Ал, арнаулы мамандар қабылдауына АМСЖ жолдамасы бойынша кіре аласыз. Ол үшін алдын ала тіркеу орталығына келіп, жазылуыңызға болады немесе 37-63-11 телефоны арқылы да мамандар қабылдауына жазыла аласыз.
– Англияда оқитын ұлым – Қазақстан Республикасының азаматы, қазір осында демалыста жүр. Балам сіздердің емханаларыңыздан медициналық тексеруден өтейін деп еді. Бұл мүмкін бе?
– Әлбетте, Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан, сіздің ұлыңыз еліміздің кез келген медициналық орталығында тексерілуге құқылы.
– «Мейірім» жекеменшік клиникасына қаралып жүрмін, дәрігер маған мастопатия деген диагноз қойды. Енді маммологтың кеңесі қажет болып тұр. Сіздердің емханаларыңызда маммолог маман бар ма?
– Біздің емханада бұл мәселе бойынша медицина ғылымының кандидаты, Астана медицина университеті онкология кафедрасының доценті Иманбаев Халел Айханұлы қабылдау жүргізеді. «Мейірім» клиникасының берген қорытындысы бойынша, біздің емханаға келіп тіркелу орнына жазылуыңызға болады.
– Бес жастағы баламның қаны аз. Мұны дәрігерлер анықтады. Тегін дәрі-дәрмекті қалай алуымызға болады?
– Алдымен сіз балаңызды учаскелік педиатрға қаратуыңыз қажет. Егер балаңыздың қан аздығы анықталған жағдайда, сіз тегін дәрі-дәрмек рецеп-тін ала аласыз.
– Менің егіз қызым бар. Бір айдан бері балаларым сүтке жарымай, жылап жүр. Қыздарыма қосымша тамақ берейін деп едім. Балалар қоспасын сіздерден тегін ала алам ба?
– Иә, балаларыңызды қолдан тамақтандыруға көшіруіңізге болады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша учаскелік дәрігердің нұсқауымен сізге қоспа тамақтардың тегін рецепті беріледі. Сондай-ақ, біздің емханада сау балаларды қабылдау күні бар. Сол күні сіз емханаға келіп, бөпелеріңізді екпе алдында тексеруден өткізе аласыз немесе профилактикалық және диспансерлік тексеруден өткізуге мүмкіндігіңіз бар.
– Сәлеметсіз бе, Айгүл Құбашқызы! Мен Қарағандыдан туыстарыма қызыммен қонаққа келгенмін, қазір Иманов көшесіндегі №41 үйде тұрып жатырмын. Егер балам ауырып қалса, учаскелік дәрігерді үйге шақыра аламын ба?
– Иә, балаңыз емхана аумағында болса, тұрғылықты немесе уақытша болса да дәрігер шақыртуға және толық көлемде медициналық көмек қызметін алуға мүмкіндігіңіз бар.
– Жасым 36-да, атым – Райхан. Жақында дифтерияға қарсы екпе жасаттым, енді оны қай кезде алуым керек?
– Райхан, денсаулығыңызға алаң-дайтыныңыз көрініп тұр. Бұл, әрине жақсы қасиет. Кез келген адам өз денсаулығына сіз секілді аса зор жауапкершілікпен қарайтын болса, елімізде асқынған аурулар көп болмас еді. Ұлттық күнтізбе екпесіне сәйкес, дифтерияға қарсы екпе 10 жылда бір рет қайталанады.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ