©2020 Астана Ақшамы
Денсаулыққа ден қоялық
Күнделікті жұмыста жүргенде, он екі мүшеміз сау болғанда, денсаулықтың қадірін біле бермейміз. Аздап ауырсақ, өзіміз білетін дәрі-дәрмектерді ішіп, жазылып кетуге тырысамыз. Көпшілігінде тұрғындар салғырттық танытып, дәрігерге уақытылы бара қоймайды. Ал, денсаулыққа дер кезінде көңіл бөлсек, шын мәнінде кез келген аурудың алдын алуға болады. Ол үшін не істеу керек?
Ең алдымен, дұрыс тамақтануға, уақытында демалуға, дене қимылымен айналысуға көп көңіл бөлу қажет.
Әсіресе, жасы ұлғайған адамдарға майлы тамақтарды көп жеуге болмайды. Оның орнына сүт, көкөніс өнімдерін пайдаланған дұрыс. Демек, денсаулық сақтауда дұрыс тамақтаудың маңызы зор.
Ал, спортпен айналысу денсаулықты жақсартады.
Спорттың ең қарапайым түрі – жүгіру. Күн сайын таңертең үйдің маңайында, саябақта жарты сағаттай жүгіруе болады. Егер жүгіруге дәрігер рұқсат етпесе, таңғы таза ауада серуендеп, әртүрлі жаттығулар жасауға болады.
Денсаулық – табиғаттың ең қымбат сыйы. Сондықтан да халқымыз оны бірінші байлыққа теңеген.
Халық денсаулығы тек медицина қызметкерлерінің кәсіби тірлігі ғана емес, бүкіл қоғамның тұтас денсаулық сақтауға және нығайтуға арналған үйлескен іс-қимыл әрекеттерінің жемісі екенін баршамыз да ұғынуға тиіспіз. Қоршаған ортаны сақтай отырып, таза су ішіп, дұрыс тамақтанып, иманды және салауатты өмір салттарын тұрақты қалыптастырсақ, қандай ғажап болар еді. Елбасының Жолдауында айтылғандай, бізде барлық адамдар үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы дене шынықтыру, сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдауы қажет. Бұл жұмысты кешіктіруге болмайды. Өйткені, денсаулық – зор байлық.
Серғали САРБАСОВ,
Астана қаласы №5 емхананың рентгенолог дәрігері