Денсаулық туризмі қайтсе дамиды?

0 154

Естуіңіз болса, туризмнің мұндай да түрі бар. Қарапайым анықтамасы «сауықтыру мақсатындағы саяхат» дегенге саяды.
Қазір, қалталы қазақстандықтардың шетелге шығып емделуі былай тұрсын, құрсағындағы сәбиін шекара асып босануды сән санайтындары көбейіп кетті.

Жасыратыны жоқ, шетелдік емдеу клиникаларының жағдайы да, жарнамасы да жақсы жолға қойылған.
Мәселен, біздегілерді магниттей тартатын Малайзия, Сингапур елдерінің денсаулық сақтау саласы Азия аумағының ең үздік жүйесі ретінде танымал. Сингапур медицинасы жоғары сапалы қызмет, білікті маман, үздік технологиясы жөнінен алпауыт елдердің өзінен асып түседі. Мұнда емделудің құны да қолжетімді. Нақтырақ айтсақ, АҚШ пен Германия- да емделуден 40 пайызға, Ұлыбританияда емделуден 60 пайызға арзан.
Онсыз да туристері тынбай ағылып жататын Корея, Түркия, Тайланд елдері де бүгінде медициналық туризмді дамытуға барынша күшін салуда. Өйткені, турист демалғаны үшін бір, ем-домы үшін екі төлеп, нәтижесінде мемлекет қазынасы қыруар қаржымен толығып отыр.
Жалпы, денсаулық туризмін дамытуға біздің де таласымыз бар.
Әлбетте, мұндай қызметтi көрсету үшін алдымен, маңдайалды медицина орталығы болуы қажет.
Бұл жағынан келгенде қу шөппен ауыз сүртетіндей халде емеспіз.
Астана қаласының медициналық кластеріне кіретін клиникалар жабдықталуы жағынан әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға жауап береді. Мәселен, Республикалық нейрохирургия орталығы бүкіл Орта Азиядағы бірден-бір орталық болып есептеледі. Ал, диагностикалық орталықта орнатылған аппараттар арқылы қатерлі ісікті бастапқы сатысында-ақ анықтауға мүмкіндік бар. Кластер құрамындағы әрбір клиникада қолданылатын осы тектес технологиялардың арқасында бұрын тек шетелдерде жасалатын күрделі операцияларды қазақстандық дәрігерлер жасай алатын күнге жетті.
Статистикалық сандарға сенсек, Қазақстанның жалпы денсаулық сақтау жүйесі ешкімнен кем емес.
2005 жылдан бүгінгі күнге дейін медицинаны технологиямен жабдықтау жағы 2,5 есеге жақсарған.
2004 жылмен салыстырғанда, денсаулық саласына бөлініп жатқан қаржы төрт есеге ұлғайған.
Денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында соңғы бесжылдықта 400 медициналық нысан бой көтеріп, төрт мыңға жуық мекеме күрделі жөндеуден өткен.
Сөйте тұра, дертіне дауа іздеп, шетел асушылар легі толастар емес. Неге?
Қыруар қаржы кім үшін құйылып жатыр?
Осы орайда Астанадағы заманауи озық технологиялармен қаруланған, өркениет талаптарына сай сапалы қызмет көрсетуге қауқарлы кластер арқылы елорданы денсаулық туризмінің орталығына айналдыруға толық мүмкіндік бар екенін айта кеткен жөн.
Жалпы, Астана туристерден кенде емес. Олардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2010 жылы Астанаға келген туристер саны 464403 адамды құраса, 2011 жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 560923 адамға жеткен. Алайда олардың жартысынан көбі, яғни 76,2 пайызы іскерлік мақсатпен келіпті. Тек 21,2 пайызы ғана демалу, емделу мақсатымен табан тіреген. Бұл, аз, әрине. Ендігі міндет осы соңғы мақсаттағы топтың үлес салмағын арттыру болмақ.
Өйткені, Астананы одан әрі дамыту жайындағы биылғы жиында Нұрсұлтан Назарбаев «Астана жақын уақытта медициналық туризм орталығына айналдыру тиіс» деп жауапты жандарға нақты тапсырма жүктеді.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + twelve =