Денсаулық сақтау ұйымдарындағы азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеу жүйесінің үлгісін енгізу

0 186

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Астана қаласындағы денсаулық сақтау ұйымдарында еңбекақы төлеудің жаңа үлгісі енгізілді. Бұл жүйе денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруді қамтамасыз етіп, жеке медициналық ұйымдарда, жалпы экономикада еңбекақы төлеуді кешіктіруді азайтады.

Медициналық ұйымдардың жетекшілері ұжымдарда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін түсіндіру бойынша жиналыстар өткізді. Мұндай жиындарда жаңа өзге­рістер жайлы нақтырақ айтылып, ұйым қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Еңбекақы төлеудің жаңа жүйе­сі одан бұрынғы жүйемен салыстырғанда мынадай жаңа өзгерістерді ұсынады:

1. Азаматтық қызметкерлер лауазымдарының жаңа тізілімін енгізу

Бұрынғы еңбек ақы төлеу жүйесінде бір санаттағы лауазымға жетекші де, негізгі қызметкер де, әкімшілік міндеттер атқаратын мамандар да кіретін еді. Егер G4 санатын алып қарайтын бол­сақ, оған медициналық ұйым же­текшісі, халыққа қызмет көр­­сету орталығының маманы кіреді. Кәсіби міндеттерінің әртүрлілігіне қарамастан, атқа­ры­латын жұмыстың күрделілігі мен жауапкершілік деңгейі бірдей еңбек өтілі жағдайында бір санатта болды, олардың бәрі бірдей лауазымдық жалақы алды. Мұның соңы еңбекті жалпы бағалауға әкеліп соқтырып, еңбекке деген ынтаны төмендететін.

Еңбекақы төлеудің жаңа үлгісі бұрынғыға қарағанда денсаулық сақтау ұйымдарындағы азаматтық қызметкерлердің лауазымдарын біліміне, білігіне атқаратын жұмысының күрделілігі мен жауапкершілік деңгейіне қарап төрт санатқа бөледі:

– басқарушы қызметкерлер, бұлар ұйымдастырушылық басшылық қызметтерін жүзеге асыратындар (бас дәрігер, оның орынбасары, бас есепші, бас экономист және құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері);
– негізі қызметкерлер, бұлар тікелей қызмет көрсетуді және ұйымның салалық міндеттерін жүзеге асыратындар (барлық мамандықтағы дәрігерлер, меди­циналық медбикелер, фармацевтер, лаборанттар, психологтар, фельдшерлер, акушерлер, тіс техниктері, диеталық медбикелер және басқа лауазымдағылар);
– Әкімшілік қызметкерлер, бұлар әкімшілік-шаруашылық міндеттерді орындайтындар (дәріхана меңгерушісі, есепші, заң кеңесшісі, инженер, менеджер, инструктор, инспектор, механик, аудармашы, әлеуметтік жұмыстар маманы, статистикалық қызметкер, қойма меңгерушісі және басқа лауазымдар);
– көмекші қызметкерлер, бұлар техникалық міндеттерді жүзеге асыратындар (мұрағатшы, іс жүргізуші, кассир, оператор, күзетші, хатшы, тіркеуші, са­ни­тарлық қызметкер және басқалары).

2. Лауазымдық жалақыларды есептеу үшін арнайы коэффициенттік кестені енгізу

Бұрынғы еңбекақы төлеу жүйесінде коэффициент кестесі барлық сала мен лауазымдық қызметкерлер үшін бірдей болатын, салалық ерекшеліктері ескерілмеді.

Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесінде әрбір сала қызметінің негізі мамандары үшін талап еті­летін біліктілік пен еңбек өтілі қажеттілігінен туындаған арнайы коэффициенттік кесте қарастырылған: «денсаулық сақ­тау», «білім», «басқа салалар».

3. Еңбек жағдайы үшін қосымша ақы мен үстеме ақы төлеуді оңтайландыруды енгізу

Бұрынғы еңбекақы төлеу жүйесінде түрлі қосымша ақы мен үстеме ақы болған. Қосымша ақы мен үстеме ақының үлесі еңбекақының 70 пайызына дейін жететін. Азаматтық қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына қосымша ақы мен үстеме ақының көп мөлшерде болуы еңбекақы құрылымының сиқын бұзып, оның негізгі бөлігінің маңызын төмендетті.

Еңбекақы төлеудің жаңа жүйе­сінде қосымша ақы мен үстеме ақы келесі екі түрге бөлінген:

– өтемдік (мысалға қосымша жүктеменің зиянды жағына байланысты және т.с.с.);
– ынталандырушы (мысалға жұмыстың сапасына байланысты, оның нәтижесіне байланысты және т.с.с.)

Еңбек жағдайына байланысты қосымша ақы мен үстеме ақы жүйесін оңтайландыру еңбекақы мөлшерін жұмыстың сапасы мен нәтижесіне байланысты көтеруге мүмкіндік береді.

Сөзіміздің соңында ден­саулық сақтау саласындағы қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу негізгі еңбекақының мәнін көтеруге қолайлы жағдай жасады. Оны қызметтің соңғы нәтижесіне байланыс­ты тағайындауды қам­тамасыз етті. Бұл медициналық ұйым қызметкерлерінің кәсіби және лауазымдық тұрғыдан көтерілуге ынталандырады.

Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =