«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Денсаулық саласын қалай жақсартамыз?

0 56

Ұзақ жылдан бері денсаулық саласында қызмет істеген менің қазіргі әріптес­терге айтылып жатқан орынды сыны мен халықтың пікірі арқама аяздай батады. Осындай байлықтың үстінде отырып, мемлекеттің денсаулық саласына бөліп отырған қыруар қаржысы жемқорлардың аузында қартайған қарттарға, сәбилерге, мүгедектерге тиімді жетпей, салғырт әріптестердің сапасыз іс-әрекетіне қамығып, қолыма қалам алдым.

shutterstock_371374753

Денсаулық саласының қауқарсыздығы кешегі індет кезінде сынықтан тұралап қалғанымыз айғақ. Өткен кеңес өкіметі уақытында денсаулық сақтау саласындағы тәжірибеден өткен үлгісін бәрін сызып тастамай, шаш ал десе бас алмай, тиімді жағын қалдыру керек еді. Қазір қай саланы алсаң да: әскери, білім, техника, медицина жоғары оқу орнын бітіріп шыққан жас маманның тіпті «қызыл дипломмен» ағылшын тілін біліп шыққанмен, кәсіби деңгейі, адаммен қарым-қатынасы өте төмен, логикалық ойлау қабілеті «шикі», себебі көбі онлайн бітірген білімі трафаретті. Әлемдегі ең асыл, ең қымбат адам жанының арашашысын сапасыз дайындау – қылмыс. Қазіргі болашақ дәрігер оқытып жатқан басшылар, ректорлар сол білім беріп жатқан болашақ дәрігер-студентке емделуге барар ма еді? Жоқ, бармайды. Олар шетелге мойын бұрады, себебі өздері дайындаған маманның білімі саяз, іскерлігі төмен. Мемлекет екі жақтан ұтылып отыр: қаншама қаржы бөліп студентті оқытады, өзі оқытқан маманға емделе алмай, қыруар қаржы бөліп шетелге емделеді.

Нарықтық кезең жастарды теріс жолға салды. Қазір көп жас дәрігердің жеке дәріханасы бар, жас дәрігер келген сырқаттың дертін анықтап, толық емделіп шығуына емес, қалтасының толуына ынталы, ол дәрігер жеке дәріханасындағы дәріні келген сырқатқа ешқандай таңдаусыз тықпалайды. Кеңес уақытында мединституттың алғашқы үш жылында студенттер сыр­қатпен жете танысып, сырқат тарихын, дерт тарихын, қалай, қашан ауырғанын, неден ауырғанын, оның мамандығы, тұрған аймақ ерекшелігіне қанық болатын, міне, осы тәсіл қазіргі жас мамандарда жеткіліксіз. Жас дәрігер сырқатпен сөйлесуге көңіл бөлмейді, оған «робот» сияқты қарайды, сырқатпен жылы-жылы сөйлесу, сырласу, Алла берген мимен саналап, ойлап, тыңдап, сипап көру жетіспейді. Тағы да айтамын, бұрынғы клиницист дәрігерлер қабылдауға келген сырқатты осындай тәсілмен 70-80 пайыз дертін анықтап, тек соны анық дәлелдеу үшін ғана қарапайым құрылғымен ішкі ағзаны зерттейтін еді. Ал қазір дәрігерге барсаң, аты-жөніңді білгеннен кейін ешқандай тыңдау, тексерусіз, компьютерге шұқшиып неше түрлі соңғы үлгідегі керекті, керексіз техникалық құрылғыға жолдама береді. Осындай қызмет үшін мединститут бітіру қажет пе? Міне, біздің мемлекет халық денсаулығына араша болуға сеніп тапсырған дәрігердің деңгейі. Сырқатты жылы сөзбен аз да болса сырқатын дәрісіз бәсеңдетуге болады, ал дөрекі сөзбен сырқатты «өлімші» етуге болады. Егер дәрігерге көрінгеннен кейін сырқатқа жеңілдік болмаса, ол – дәрігердің кәсіби білімсіздігі, тәжірибесінің төмендігі. Ертеде Ішкі істер министрі К.Сүлейменов мырза өз құзырындағы мамандардың жұмысын қадағалауға, тексеруге алдын ала ескерусіз қарапайым киіммен шыққанда, көп қолайсыз жағдайға қанық болып, келешекте сол кемшіліктен арылуға себеп болды. Біздің Денсаулық сақтау министрлігі осындай тәсілді жиі іске асырса артық болмас еді. Өкінішке қарай, соңғы кезде өз мамандығына салғырт қарайтын дәрігерлер көбеюде, одан да өкініштісі, сол білімсіз мамандар «көкелері» арқылы жоғары басшылық қызметке барып, тиімсіз жоспар жасап, мемлекет қаржысын ысырапқа салатын жобаларды құптауда.

40 жылдан астам бір салада тәжірибем бар маған бас қалада әр уақытта сағат 10.00-де тепсе темір үзетін екі азамат ішім ауырады деп қабылдау­ға келді, жедел, қарапайым тәсілмен ешқандай құрылғысыз қарағанда, екеуінде де жедел соқырішектің белгісі бар екенін анықтап, жедел жәрдеммен Нұр-Сұлтан қаласының қалалық ауруханасына жолдама бердім. Өкінішке қарай, екеуі де екі реттен піскенде келесің, қатты ауырса түнде жедел жәрдем шақыр деген желеумен қайта-қайта келді. Үшінші рет «қайрап, қайрап» қайта жібердім, бақытына қарай, басқа кезекші оташыға кездесіп, тек 18.00-де ғана жатқызып, асқынған жағдайда ота жасалды. Міне, сапасыз, тәжірибесіз оташы қызметінің бір көрінісі, егер табандылық көрсетпесем, осы екі азаматтың тағдыры не болар еді? Осындай қаншама сырқат зардап шегіп, мүгедек болса, дәрігерге деген халықтың наразылығы орынды.

Балаларды емдеу ісін қазіргі уақытта жалпы тәжірибелі дәрігердің мойнына жүктеді, ол шалғайда, мамандар жетпей жатқан аудандарда бұрын да болған, ол дұрыс шығар, ал енді ірі қалаларда, көпсалалы ауруханасы бар жерде ол тәсіл зиян, балаларға деген қастандық. Ересектер емдейтін дәрігер, әсіресе оташы балаларды балалар дәрігеріндей, балалар оташысындай, әсіресе жаңа туған нәрестені сауатты емдей алмайды. Нәрестенің, жас баланың жасына қарай өз ерекшелігі болады, алатын дәрілерінің де мөлшері әрқалай. Ересектер емдейтін дәрігердің балаларды емдеуі қателік деп ойлаймын, сондай қызметтің нәтижесінде балалар өлімі төмендемеуде.

Жүкті әйелдерді қадағалау, оларға тиімді кеңес беру, олардың табиғи жолмен босануына, босанғаннан кейін де жанашырлықпен қадағалау ісі де оңып тұрғаны шамалы. Бас қаланың бір перзентханасындағы бірнеше жүкті әйелді құтқара алмағанымыз, кеше ғана Павлодар қаласындағы қайғылы жағдай – соның куәсі. Соңғы жылдары жүкті әйелді босандырудың жеңіл тәсілі – «кесарь тілігі» жиі болып кетті, себебі босану кезеңінде ауыртпашылыққа акушердің де, әйелдер дәрігерінің де кәсіби тәжірибесі төмен, жауапкершіліктен қашады, көп ойланбастан «кесарь тілігіне» көшеді, ол тәсіл, әрине, жеңіл, бірақ ол әйел келешекте жүкті болып босанса, қиындық туғызады, көк етте жарық болуы мүмкін. Бұл жағдайда әйелдер дәрігері өз әлсіздігін көрсетуде. Бұрынғы тәжірибелі әйелдер дәрігері болсын, акушер болсын, аса шеберлікпен ірі нәрестені де, көлденең келген баланы да табиғи жолмен босандырып алатын.

Сырқаттың алдын алу, әсіресе жұқпалы аурулардың алдын алу жүйесі де «ақсап» тұр, оның нәтижесін кешегі індет көрсетті. Қазіргі кезде әр шаштаразда, сән салонында, демалыс саяжайында сауысқандай қаптаған денеге сурет салатындар. Олар келген адамға сапасыз залалсыздандырылған бір инемен өнерін көрсетуде. Оларды ауруханадағыдай қатаң қадағалап отыр­ған құзырлы мекеме дәрменсіз. Осылай адам ағзасына өте қауіпті, мүгедектікке әкелетін бауыр вирусының таралуына жол береміз. Оларға тыйым бола ма? Жылына дүниеге келген қаншама нәресте іштен туа бауыр беріші – бауыр циррозымен тууда. Оларға донор табылған жағдайда өте қымбат операция қажет. Тәжірибелі, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын дәрігер болмаған соң, дәрігерге көңілі қалған сырқаттар амалсыздан адам құрылысын шала білетін, бірақ сырқат жүрегін жаулап алатын «халық» емшілеріне барып, дертінің асқынуына жол береді.

Қазір интернет дамыған заманда адамдар интернеттен қарап өз-өзін емдеуге көшті, бұл жақсылыққа әкелмейтіні анық. Менің ойымша, денсаулық саласында осы тығырықтан шығу үшін:

  1. Зейнет жасындағы қуа­ты бар, әр саладағы кәсіби маман-дәрігерлерді, қымбат жалақы берсе де, олардың өмірден алған аса қымбат тәжірибесін жас маманға пайдалану керек.
  2. Денсаулық сақтау минис­тр­лігі жоғары оқу орындарының басшыларымен, әр саланың «жіліктің майын шаққан» тәжірибелі ғалым, басшыларымен бас қосып, денсаулық саласында, болашақ дәрігер оқыту саласында түбегейлі реформа жасағаны абзал.

Қалған ғұмырда денсаулық саласының қызметкерлері ақ халатты былғамай, халыққа алған табысына сай адал, сапалы қызмет жасаса, сырқаттарымыз шетелге сабылмай, отанымыздың білімді, білгір дәрігерлеріне емделсе деген тілегім бар. Лайым солай болғай!

 Серік ОРАЛ,

денсаулық саласының

ардагері, «Шапағат»

медалінің иегері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды