ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ – ДЕР КЕЗІНДЕГІ КӨМЕК

0 156

журек

Астана халқының саны жыл сайын орта есеппен 30-35 мың адамға көбейіп отыр. Ал елордалық атанған әр азаматтың денсаулығын сақтап, оларға дер кезінде медициналық көмек беру – қаланың басты міндеттерінің бірі. Өтпелі жыл да бас шаһардың денсаулық саласы үшін осал болған жоқ.

 

 

Құрт ауруы құрықталып келеді

Астана бас қалаға айналғалы басты әлеуметтік мәселенің бірі – құрт ауруы болып келген еді. Әсіресе, алғашқы жылдары елордаға ағылған адамдардың көптігінен Кох таяқшасы да өрши түскен. Бүгінде құрт ауруының «беті қайта бастады». Бұл  елордадағы туберкулезге қарсы күрес жұмыстарының нәтижесі деп білген жөн. Статистикалық мәліметтерді сөйлетсек, былтырғымен салыстырғанда, құрт ауруы 30 пайызға төмендеп, туберкулезден көз жұматын жағдайлар 50 пайызға азайды. Бұл дегеніңіз –урбанизация үдерісіндегі Астана үшін қуанарлық жайт. Құрт ауруының күрт төмендеуінің бірден-бір себебі 2011 жылдың екінші жартыжылдығында енгізілген туберкулезге қарсы күрес тұжырымдамасы­ның жүзеге асырылуы дейді мамандар. Бүгінде елордада құрт ауруын бастапқы кезден анықтау, дер кезінде емдеу шараларын жасайтын 25 фтизиатр учаскесі жұмыс істейді.  Оның 14-і  – қосымша ашылғандар болса, 7-еуі – балаларға арналған емдеу бөлімі. Ал, қаладағы жалғыз Туберкулезге қарсы диспансерде қосымша 10 дифференциалды-диагностикалық төсек орны ашылып, остеохирургиялық бөлімше іске қосылды. Бұл бөлімше омыртқа мен буынға заманауи әдістермен ота жасау арқылы туберкулезді дер кезінде анықтау жағынан алдына жан салмай тұр. Бүгінге дейін бөлімше дәрігерлері 50 ота жасап үлгерді.

Құрт ауруымен күресу жұмыстары, оның алдын алу шаралары күн тәртібінен ешқашан түспек емес.

 

Емханаға – ерекше көзқарас

Адам алғаш ауырғанда баратын жері – емхана. Тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, диагноз қоятын осы ұйымдар. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыты – емханалар көрсететін медициналық көмектің сапасын жақсартып, қолжетімділігін арттыру.

Елорданың халқы күн өткен сайын көбейіп келе жатқанын жоғарыда айттық. Тұрғындар санының күрт көбеюі қалалық емханаларға да аз салмақ салып отырған жоқ. Алайда, қала билігі де қарап қалмай, амбулаторлық-емханалық мекемелердің жүктемесін азайту үшін бірқатар шараларды қолға алды.  Олардың бірі – елордада жаңа емханалардың іске қосылуы. Айталық, былтыр желтоқсан айында Аманат көшесі бойында бір мезгілде 500 адамды қабылдай алатын №3 емханалық кешен ашылса, биылғы желтоқсанда қаланың 65 мың тұрғынына қызмет көрсететін №10 емхана іске қосылды. Бұл – «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ашылған заманауи медициналық мекеме.

Денсаулық нысандарын оңтай­ландырып, қайта құру бойынша биыл қараша-желтоқсан айларында №1 Перинаталдық орталық пен №2 қалалық балалар ауруханасы базасында бір ауысымда 250 және 150 адамды қабылдай алатын  Отбасылық денсаулық орталықтары ашылды. Бұл медициналық ұйымдар Есілдің сол жағалауы мен Пригородный, Тельман, Заречный және Промышленный тұрғындарына қызмет көрсетеді.

 

 

Балалар да қалыс қалмайды

Қалада балалардың денсаулығын қарайтын медициналық ұйымдар да көбейіп келеді. 2013 жылға дейін балдырғандарды емдейтін жалғыз  мамандандырылған клиникалық-диагностикалық емхана болды. №2 қалалық балалар ауруханасының базасында жұмыс істейтін бұл кешеннің жүктемесі тым көп еді. Сондықтан, кейбір дәрігер-мамандарға жеткіншектер айлап кезекте тұратын. Ал биыл шілде айында №1 қалалық балалар ауруханасында тағы осындай жаңа емхана ашылып, соның арқасында кезек әжептәуір қысқарды. Балалар да дер кезінде тиісті дәрігерге көрінуге мүмкіндік алды.

Бұған қоса, 350 орындық көпсалалы балалар ауруханасының ашылуы да кішкентай тұрғындарға көрсететін медициналық қызмет түрін көбейтті.

 

Сан мен сапа

Сонымен, бүгінде Астанадағы емхананың саны онға жетті. Жалпы, 2013 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, елорданың Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 34 медициналық мекеме жұмыс істейді. Соның ішінде 14-і – аурухана,  бір жедел жәрдем стансасы бар. Қалғаны – отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар.  Бұған қоса, «Оқу-клиникалық орталық» ЖШС мен медициналық колледж бар.

Тұрғындарға жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету үшін дәрігерлердің біліктілігін арттыру жұмыстарына да жете мән беріледі. Биыл еліміздің айтулы ғылыми орталықтары мен шет мемлекеттерде 2 748 медициналық қызметкер біліктілігін жетілдірсе, соның 1498-і – дәрігерлер.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 2 =