Денсаулық басты назарда болуы тиіс

0 15

«Нұр-Отан» партиясының кезектен тыс XX съезінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басты мақсат – қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 75-ке дейін ұзарту керек деп атап өтті. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімнің бес пайызынан кем болмауы белгіленіп отыр.

Менің өз басым бұл меженің орындалатындығына сексеннің сеңгеріне шығып отырған қарт ретінде кәміл сенемін. Олай дейтінім, егемендік алғаннан бері медицина саласын дамытуда қыруар шаруалар атқарылып жатыр. Тек қана жаңа астанамызда бірнеше медициналық ғылыми-зерттеу институттары құрылып, дүниежүзілік емдеу саласының жетістіктері енгізіліп, қазақстандықтардың ешқандай шетелдерге ем алуға бармай, өзімізде емделуіне жағдай жасалуда. Солардың бірі де бірегейі – кардиохирургия­лық ғылыми-зерттеу институты. Осы мекеменің шапағатын көрген азаматтың бірі өзіммін. Бұдан он үш жыл бұрын гипертония ауруының салдарынан бітелуге таяу қалған жүрек-қан тамырларын білікті маман кардиохирург Ю.Пяның жетекшілігімен жасалған отаның арқасында осы жасқа келіп отырмын. Бұл тек қана ірі шаһарларда ғана емес, өңірлік медицинаны дамыту үшін біздің еліміздің барлық облысында жиырма заманауи медициналық орталықтар салынбақшы. Аудандық ауруханалар, ауылдық емдеу мекемелері барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілмекші.
Адам баласы дені сау болып, ұзақ ғұмыр сүру үшін негізгі төрт қағиданы орындауы қажет. Олар – дұрыс тамақтану, сапалы ұйқы, тазалық және денешынықтыру спортпен айналысу. Алғашқы үшеуін үй жағдайында орындауға болады. Ал соңғысын орындап жүру үшін белгілі бір жағдайлар жасалу керек. Оған үкімет, жергілікті атқарушы органдар спорттық орындар ашуы қажет. Бір мысал, таяуда ғана қаламызда жеңіл атлетика сарайы ашылды. Осыған дейін бірнеше спорттық ғимараттар жұмыс істеп тұр. Бұл тек қана астанада ғана емес, барлық облыстарда, аудандарда, елді мекендерде қолға алынуда. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ақмола облысының Ақкөл ауданын алайын. Астанадан жүз шақырымға таяу Еңбек ауылында көл жағасында спортпен айналысып, дем алатын алаң жұмыс істеп тұр. Мәдениет үйі биыл күрделі жөндеуден өтті. Онда да спорттың бірнеше түрінен жаттығулар жасауға болады. Кішкентай Амангелді ауылында дем алып, денешынықтырумен айналысуға болатын алаңды қоршап, ағаш отыр­ғызып біраз жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Бұған ауылда кәсіпкер Сағындық Әбдрахманұлы көп көмек жасап жатыр деп естимін. Мектептің спортзалы келушілерге есігін айқара ашып отыр. Осындай мысалдарды жергілікті жерлерден көптеп келтіруге болады. Президентіміз өзінің халыққа Жолдауында да кәсіби спорттан гөрі халыққа қажет бұқаралық спорт түрлерін дамытудың қажет екендігін атап өткен. Веложолдармен, жүгіру жолдары салынуда. Спорттық тренажерлар орнатылуда.
Қанша айтқанмен де егде адамдар, ұзақ жыл еңбек етіп, денсаулықтарын сақтай алмағандықтан, әртүрлі ауруларға ұшырап жатады. Оларды санаторийларға жіберіп, емдеп отыруды қажет етеді. Оған да үкімет көңіл бөліп отыр. Бір ғана мысал: Әйгілі Бурабай курорттық аймағында, қалың орманның ішінде, көлдің жағалауында Қатаркөл сауықтыру орталығы біраз жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бұл зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған. Он төрт күнге жолдама құны 56 мың теңге ғана. Бұл дегеніңіз басқа санаторийлардан үш еседей арзан. Жақсы ем алып, демалысты көңілді өткізуге болады.
Жоғарыда айтылғандардың жалғасы ретінде әрбір елді мекендерде ардагерлердің қоғамдық кеңестері біраз шаруалар атқаруда. Бас қаламыздың ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есболат Дүйсеновтің айтуы бойынша есепте 105 мыңнан астам зейнеткерлер бар көрінеді. Олар төрт ауданның 360 бастауыш ардагерлер ұйымына біріктірілген. Қала бойынша алты тұрақты комиссия жұмыс атқарады. Ардагерлер кеңесінің жұмыстарының бағыты – зейнеткерлерге жайлы жағдай жасап, бос уақыттарын сапалы, көңілді өткізуге бар күштерін салу. Әсіресе, әлеуметтік жақтарына баса көңіл бөлуде. Қысқа қарай арзан көмір әперу, зейнетақыларын еріктілер арқылы үйлеріне жеткізіп беру, мерейлі жастарымен құттықтау, соңғы сапарға құрметпен шығарып салу, тегін газеттер жазғызып беру, Ардагерлер ауруханасына жатқызып, сапалы ем қабылдауларына мүмкіншілік жасау, жеңіс мейрамы, қарттар күні сияқты күндері мейрамдық дастархандар жасап, көңілдерін көтеру сияқты т.б. шаралар жүргізілетін көрінеді. Есболат Қасымұлы осы шаралар ардагерлердің алаңсыз ұзақ ғұмыр сүрулеріне зор әсер етеді, – дейді.
Сөздің реті келгенде айта кетейін, астанада Ақмола облысының дамып, өркендеуіне зор үлес қосқан ардагерлер тұрады. Облыс әкімдігі жылда қазан айында оларға құрмет көрсетіп, мүмкіндігінше материалдық көмек көрсетіп отырады. Ақкөл ауданының ардагерлер ұйымы төрайымы Айжан Кенжебайқызының басқаруымен біраз ұтымды шаралар өткізіп жатады. Ауданда жаңа аурухана жұмыс істеп жатса, су бассейні жыл бойы ардагерлер мен тұрғындарды қабылдауда, мәдениет үйі мәдени шаралардың орталығына айналған, қыста шаңғы тебуге қолайлы жағдай жасалған, спорттық ғимараттарда есіктерін спортпен айналысқысы келетіндерге әр уақытта ашық.
Өзім есепте тұратын Байқоңыр ауданының ардагерлер кеңесі туралы бір-екі ауыз сөз. Аудан салыстырмалы түрде жас аудандардың қатарына жатады. Кеңес басшысы Кенжеболат Бәпішевтің басқаруымен ардагерлерге біраз әлеуметтік көмек көрсетілуде. Аудандағы 24300 зейнеткердің 157-сі әлеуметтік көмекке мұқтаж. Құрбан айт кезінде азық-түлік пакеттері берілді. Әсіресе, осы пандемия кезінде «Біз біргеміз» қоғамдық қорымен бірігіп, тұрақты түрде материалдық көмектер көрсетілуде. Ауданда жеті шағын орталық жұмыс істеп тұр. Соңғы конференцияда аудан әкімінің орынбасары қатысушыларды толғандыратын сұрақтарға нақты жауаптар берді.
Осы жоғарыда айтылған істердің бәрі – егемендігіміздің арқасында. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің басты байлығымыз – адам. Әрбір қазақстандықтардың бақытты ұзақ ғұмыр сүруі үшін Үкіметіміз барлық мүмкіншіліктерді пайдалануы тиіс.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
еңбек ардагері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =