Денис Тен турнирі мәреге жетті

0 68

28-31 қазан аралығында елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial Challenge атты ІІ халықаралық турнир өтті. Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Денис Тен қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырған жарысқа 16 елден келген  100-ден астам спортшы қатысты. Соның ішінде биылғы әлем чемпионатының жүлдегерлері, ақ Олимпиадаға жолдама алған мәнерлеп сырғанаушылар бар.

DSC_8667

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатысқан гала-қойылымда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сөз сөйледі. Министр Денис Тен ел спортында есімі алтын әріппен жазылған, қысқа ғұмырында жарқын із қалдырған спортшы екенін айтып, оны еске алуға арналған бұл турнирдің орны бөлек екенін, жарыс биыл Халықаралық конькишілер одағының «Челленджер» санатына қосылғанын жеткізді.

Турнирде Халықаралық конькишілер одағының (ISU) жоғары санатты 36 төрешісі қызмет етті. Ерлер арасындағы жекелей сында – Рахат Бралин, Михаил Шайдоров, Диас Жиренбаев, әйелдер арасында – Анастасия Лобанова, Богдана Рақышева мен Ясмина Текик, ал жұптық сында Гауһар Наурызова/Боянсангур Датиев және Максим Уэзерби/Темірлан Ержанов жұбы ел намысын қорғады.

Жарыста Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Украина спортшылары жүлделі орындарды иеленді.

 Баян АСЫЛБЕКОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 1 =