Дендеген дерт

0 42

«Әлемде коронавирустық пандемия таралу шегіне жеткен жоқ, инфекция­ны жұқтырушылар саны әлі артуда. Африкада Эбола безгегімен салыстыр­ғанда коронавирустан көп адам көз жұмды». Бұл туралы Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымы мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, әлем бо­йынша COVID-19 инфекциясын жұқтыр­ғандар 12 миллионнан асып, 550 мың адам осы аурудан қайтыс болды. Індеттің ілмегіне ілінген 6,5 миллион адам сырқатынан айықты. Ал Қазақстанда індет жұқтырғандар саны 54 мыңнан асып, 282 адам қайтыс болды. 35 мың адам емделіп шықты.Қытайда анық­тал­ған коронави­рус инфекция­сынан ең қатты зардап шеккен ел – АҚШ. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, қазірге дейін елде вирус жұқтыр­ғандар саны 3 миллионнан асып, 132300 адам қайтыс болды. Індеттің асқынуына байланысты елдегі жұмыссыздық деңгейі де жоғарылап, жыл басында жұмыссыз­дық көрсеткіші 3,5 пайыз болса, сәуірде – 15 пайызға, маусымда 20 пайызға өскен.
АҚШ билігі індеттің асқынуына Қытай мен ДДҰ-ны кінәлап отыр. Атап айтқанда, Қытай әу баста вирус жағдайын жасырып, әлемдік апат тудырса, ДДҰ Бейжіңнің айтқанынан шық­пай, коронавирус инфекциясының таралуына немқұрайды қараған және өте баяу әрекет жасаған. Осы жағдайға байланысты АҚШ жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатынын ресми түрде хабарлады.
COVID-19 індеті Брази­лия мен Үндістанда да өршіп тұр. Бразилияда 1 миллион 716 мың адам індет жұқтырып, 68 мың адам қайтыс болса, Үндістанда індет жұқтырған 750 мың адамның 20 мыңы бақилық болды. Осылайша Үндістан індет жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың саны жағынан Ресейден асып түсіп, індет өршіген елдердің алдыңғы үштігіне енді. Дегенмен Үндістан індет жұқтырғандардың санын жасырып отыр деген пікірлер де бар. Кей сарапшылардың айтуынша, 1,3 миллиард халқы бар Үндістанда вирус жұқтыр­ғандар мен одан қайтыс болғандар саны бұдан көп болуы мүмкін деген пікірде. Ал Ресейде 700 мың адам індет жұқтырып, 11 мыңға жуық адам «Ухань обасынан» опат болды.
Мексикада ауруға шалдыққандардың жалпы саны 275 мыңнан, қайтыс болғандар саны 32 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш бойынша Мексика Еуропаның індеттен ең қатты зардап шеккен ел – Испаниядан асып түсті.
Дүние жүзінде коронавирус жұқтырғандар көбейгеннен кейін Еуропаның бірнеше елі жақында вирусқа қарсы күрестің жаңа шараларын жариялады. Грекия, Косово, Испания мен Ирландия аймақ деңгейінде шектеу енгізді, өзге елдерден туристердің келуіне уақытша тосқауыл қойды. Сербия астанасында коронавирус өршіп кеткеннен кейін Грекия бұл елден 15 шілдеге дейін ешкім қабылдамайтынын ескертті. Косовода түнгі жүріс-тұрысқа тыйым салынды. Испания теңіз жағалауындағы 70 мың адам тұратын аймақта локдаун енгізді. Ирландия билігі шетелден келетіндерге карантин шектеуін босаңсыту туралы жоспарын 20 шілдеге дейін ысыра тұратын болды. Ал Франция COVID-19 індетінің екінші толқынына дайындалып жатыр.
Иранда өткен аптада коронавирус пандемиясы басталғалы бір тәулікте бұрын-соңды болмаған өлім көрсеткіші тіркеліп, індеттен 163 адам қайтыс болды. Аталған елде індет тарағалы бері, ресми мәлімет бойынша, 248 мың адам вирус жұқтырып, 12100 адам қайтыс болды. Өлім жағдайының күрт көбеюіне биліктің сәуірде енгізген бірқатар шектеулерін алып тастағаны себеп дейді мамандар. Шектеу шаралары алынып тас­талғаннан кейін халықтың да қырағылығы төмендеп, топтық шаралар өткізу жиілеген, қоғамдық орындарда беттұмшасыз жүргендер көбейіп, санитарлық талаптар сақталмай қалған. Алдағы уақытта індеттің тіпті өршіп кетуінің алдын алу үшін ел президенті Хасан Рухани азаматтардың мемлекеттік мекемелерге беттұмшасыз кіруіне тыйым салды.
Көрші Өзбекстан мен Қыр­ғызстанда да дерт дендеп барады. Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мә­ліметінше, елде коронавирусқа шалдыққандар саны 11259 адамға жетіп, 47 адам осы індеттен қайтыс болған. Осы жағдайға байланысты өзбек елінде 10 шілдеден бастап карантин шарасы қайта күшейтілді, халықаралық әуе рейстерінің саны екі есе қысқарды. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілер коронавирусқа тест тапсыруға міндеттелді. Қырғызстанда 7 шілде күні коронавирустан және пневмониядан 57 адам көз жұмды. Бұл – аталған елде індет таралғаннан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Қыр­ғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазірге дейін 112 адам COVID-19 індетінен көз жұмып, 7 мыңға жуық адам індет жұқтырған.
Қазақстанда да індеттің таралуы барған сайын қарқын алып бара жатқаны байқалады. Жағдайдың асқынуына байланысты елде қатаң карантин енгі­зілгенмен, індет жұқтыру көрсеткіші төмендейтін түрі жоқ. Мәселен, соңғы үш аптада тәулігіне 15000 адамнан індет анықталса, 8 шілде күні елімізде 1962 адамнан аты жаман індеттің инфекциясы табылды. Бұл да біздің елдегі рекордтық көрсеткіш. Өлім-жітім де күн сайын молайып барады. Ресми дерек бойынша қазірге дейін індеттен 282 адам көз жұмды. «Жұт жеті аға­йынды» дегендей, соңғы кездері елімізде өкпенің жедел қабыну ауруы (пневмония) да асқынып тұр. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиниятқызының айтуынша, өткен 6 айда 98 адам пневмониямен ауыр­ған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,4 пайыз көп. Медицина саласының мамандары бұл дертті де коронавирус инфекциясы қоздырып жатқанын айт­қанмен, Денсаулық сақтау министрлігі пневмониядан қайтыс болғандарды індеттен қайтыс болғандардың қатарына қосқан жоқ. Тек өкпе қабынуына шалдыққандар коронавируспен ауырғандардан 2-3 есе көп екенін мәлімдеген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2020 жылдың соңғы алты айында өкпе қабыну науқасынан 1172 адам бақилық болғанын айтып, халықты сақтыққа шақырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 6 =