ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЭВОЛЮЦИЯ ЖЕМІСІ

0 104

01-asli

Біздің еліміздің жаңа сая­си өміріндегі ең м­а­­­­­ңы­­з­­­­­­ды оқиға  «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституция­сына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануы болды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен президенттік басқару құзыретінің біршама бөлігі Үкімет пен Парламентке берілді. Сөз жоқ, тәуелсіздік жылдары қуатты президенттік басқару билігі мемлекет дамуына, әсіресе, елімізді алға жылжыту жолында аса күрделі стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде оның нәтижелі болуына мүмкіндік жасады. Демек, президенттік басқару жүйесі елмен егіз, уақытпен үндес екендігін көрсетті. Қазақстанда азаматтық қоғамды нығайтатын институттардың белсенділігі артып, саяси-әлеуметтік тұрақтылықтың сақталу жүйесі жаңаша жолға қойылды. Алайда қазіргідей күрделі кезеңде қоғамдағы талап-тілектердің артуы, өркениет әлеміндегі тың өзгерістер еліміздің Үкіметі мен Парламентіне де үлкен жауапкершілік жүктеуді талап етіп отыр.
Бүгінгі таңда мемлекет пен халық үшін ішкі және сыртқы саясатта тұрақтылықтың болуы аса қажет. Мұндай қалыпты жағдай сақталғанда ғана 2017 жылғы Елбасы Жолдауында көрсетілген стратегиялық міндеттердің орындалуына кең жол ашылады. Экономиканы дамытудағы технологиялық жобалауды шапшаңдату, бизнес-ортаны кеңейтіп, оны түбегейлі жақсарту, макроэкономикалық тұрақтылық, адам капиталының сапалық деңгейін көтеру, міне, осы талаптарды жүзеге асыру Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің сапынан көрінуіне жақсы жағдай жасайды. Бұл жетістіктердің саяси іргетасы Мемлекет басшысының дер кезінде ұсыныс жасауы мен конституциялық реформаға өзгерістер енгізу өз жемісін беретіндігіне күмән жоқ.
Қазақстан күрделі саяси модернизациялау кезеңін бастан өткеруде. Мемлекеттік институттар мен әр деңгейдегі биліктің жауапкершілігін арттырудағы жаңа бағытты қазақстандықтар толық қолдап отыр. Еліміздің Ата заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар барша қазақстандық қоғамның дүниежүзілік және аймақтық қиындықтарға берген жауабы деп те түсінуге болады. Біз бір нәрсені анық байқауымыз керек. Елбасы өзінің кейбір өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке бере отырып, қоғамға, еліміздің барлық азаматтарына мемлекет дамуына белсене атсалысуға, белсене қатысуға шақырып отыр.
Біріншіден, Конституциядағы қабылданған өзгерістер Парламенттің мемлекеттік істердегі және Үкіметті жасақтаудағы рөлін көтереді. Екіншіден, Үкіметтің халық алдында жауапкершілігі мен дербестігі артып, экономиканы басқарудағы белсенділігі күшейеді. Үшіншіден, Конституцияның жетілдірілуі негізінде құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің, сонымен қатар жоғарғы қадағалау органы болып табылатын прокуратураның соттағы мемлекет мүддесін қорғаудағы заңдылықтардың сақталуы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, конституциялық жүйеге бақылау нығаяды. Төртіншіден, конституциялық деңгейде тәуелсіздігіміздің мәңгілік өзгермейтіндігіне кепілдік беріледі. Конституциядағы өзгерістер негізінде 35 президенттік өкілеттілік биліктің басқа тармақтарына беріледі. Осылайша, конституциялық реформа идеясы Елбасы ұсынған мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу тәртібі – кемелді келешекке жетелейтін батыл шешімдер. Дегенмен Ата заңымызды қорғау, тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті сақтау, сыртқы саясатты қорғау Қазақстан Президентінің құзырында қала беретіндігі ақиқат. Сөйтіп, ең жоғарғы мемлекеттік билікті жүргізетін бір адам, ол – Елбасы ғана болмақ.
Еліміздің беделді саяси ұйымдарының бірі болып саналатын «Нұр Отан» партиясы тұрғындармен етене араласу арқылы оларға конституциялық реформаның маңыздылығын түсіндіріп, Ұлт көшбасшысының бастамаларына нақтылы қолдау көрсетуге шақыруды өзінің басты міндеті деп санайды. Бұл жерде Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылау кезінде «Нұр Отан» партиясының барлық филиалдары белсене қатысты. Аймақтарда мыңдаған кездесулер өткізіліп, жүздеген сұхбаттасу алаңдары жұмыс істеді. Барлық талап, тілектер мен өтініштер мемлекеттік билік тармақтарын бөлу жөніндегі арнайы жұмысшы тобына жүйелі түрде табыс етіліп отырылды.
«Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы 2017 жылдың 26 қаңтарынан 26 ақпанға дейін жұртшылық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оған Қазақстан Республикасының Парламенті мен мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, билік тармақтарын бөлу мен Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен талқылады.
Бастауыш партия ұйымдарында, еңбек ұжымдарында, қала жастарының арасында, өндіріс алаңдарында 350-ден астам кез­десулер өткізіліп, оған барлығы 207 896 адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында 227 мақала жарық көріп, республикалық және жергілікті телеарналардан 13 бейнекөрініс көрсетілді. Сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдерімен жұмысты жандандыру үшін «Қазақстан 2050» атты аймақтық демократиялық күштер коалициясымен кеңес өткізіліп, оған республикамыздағы 6 саяси партия өкілдері, 11 үкіметтік емес ұйымдар, барлық партия филиалдарының жетек­шілері қатысты.
Сонымен бірге, Астана қалалық партия ұйымының Саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Оған билік партиясының фракциялары мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Мұнда Елбасының халыққа Жолдауы жан-жақты талқыланды. Сөйтіп, партия активінің алдына 5 нақтылы міндеттер қойылды.
«Нұр Отан» қалалық партиялық ұйымы мемлекеттік және үкіметтік деңгейде қабылданған бағдарламаларды үнемі халыққа насихаттап отырады. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасының маңыздылығын түсіндіру жұмыстарына Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаттары, Ұлттық экономика министрлігінің, «Жилстройсбербанк» өкілдері тартылды. Осы тақырып негізінде 151 кездесу өткізіліп, оған 5000 партия мүшелері қатысты. Сонымен бірге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағытында да халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сөз жоқ, мемлекет қабылдаған жаңа бағдарламалар, ел экономикасының, әлеуметтік саланың қарышты қадаммен дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатындығына сенімдіміз. Жұртшылықпен кездесу барысында мәселенің осы жағы басты назарда болады.
Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар бәсекелестікті, тұрақтылықты, ұлттар татулығын сақтауға жақсы жағдай жасап, еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге, демократиялық құқықтық мемлекет болудың іргетасын одан сайын бекіте түсуге кең жол ашпақ. Қазір әлемдегі дамыған озық мемлекеттердің барлығының саяси жүйесі – демократиялық жүйе. Өйткені демократиялық жүйе экономикалық бостандықтарға жол ашады. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Ата заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан қоғамының өркениет әле­мі­не сай болуына септігін тигізері анық. Сондықтан жаңа қазақстандық демо­кратиялық эволюция реформасы тәуелсіз елімізді биік сатыға көтере бермек.

Еділ Мамытбеков, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 11 =