Демалыссыз демалыс

0 53

Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда балалар мен жеткіншектердің 91 пайызы жазғы демалысын 11 мыңнан астам түрлі үлгідегі сауықтыру кешендерінде өткізеді екен.Ал жазғы лагерьлерде кезең-кезеңімен демалатыны белгілі. Биыл да Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасы Ақмола облысында орналасқан балаларды сауықтыратын 4 лагерьге 2250 балаға жолдама беруді жоспарлаған еді. Алайда елдегі жаппай таралған вирустан сақтану үшін жазғы лагерьлер жұмысы тоқтап тұр. Десек те жылдағы демалыс дәстүрін енді қашықтан қолға алуға білім ұйымдары белсенді кірісті. Өйткені 90 күндік каникулдың бала үшін маңызы зор. Әсіресе, көпбалалы отбасындағы әр әке мен ананың бас уайымы – осы. Сондықтан Білім басқармасы тарапынан жазғы лагерьлерден бөлек, оқушылар үшін демалыс ұйым­дастырудың бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаның өзге жылдармен салыстырғанда жөні бөлек. Өйткені бұл жазда балалар жүзбе-жүз кездеспей, ғаламтор арқылы жаздың қызықтарын тамашаламақ. Биыл жазғы кезеңде оқушылардың бос уақытын қамту мақсатында Білім басқармасымен қашықтық іс-шаралар жоспары жасалды.
Жоспар көркемсурет, эстетика, музыка, спорт, техникалық шығармашылық, туризм, өлкетану, экология және т. б. бағыттардағы интернет-байқаулар, челлендждер, эсселер және ойын түрінде ұйымдас­тырылып, өткізіліп жатыр. Негізгі шаралар 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде басталып та кеткен болатын. Мысалы, маусым айында интернет-іс-шаралар аясында мынадай қалалық онлайн-конкурстар ұйымдас­тырылды.
– «Менің спорттық жазғы кезеңім» плакаттар мен суреттер байқауы, «Жаттығумен басталған әр күнің – сәтті күн!» спорттық челленджі, «Спортпен дос болу – денсау­лық кепілі» спорт туралы әндер мен өлеңдер байқауы, «Я, ты, он, она – мы спортивная страна!» эсселер байқауы, Қазақстан Республикасы Конституция­сының 25 жылдығына арналған «Мен өз құқығымды білемін» балалар шығармашылық байқауы, Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абайдың ізімен» балалар шығармашылық байқауымен қоса, «Барлығы балалар үшін» республикалық онлайн-конкурс та нәтижесіз болған жоқ.
Бүгінге дейін интернет іс-шараларға астана мектептерінен 6 мен 16 жас аралығындағы 532 оқушы қатысқан. Қызықты әрі танымдық жағынан балаларды дамытуда, әсіресе, елордадағы Оқушылар сарайы, балалар музыка мектебі, өнер мектебі, көркемсурет мектебі, шығармашылық, спорт, туризм, өлкетану бағытындағы қосымша білім беру орталықтары белсенді жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ өткізілген іс-шаралар мен олардың нәтижелері Білім басқармасының Instagram парақшасында #ns_bilim_holiday хештегінде орналас­тырылып келеді, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы Айдын ­Билалова. Осы орайда елордалық тұр­ғындармен де қашықтан тілдесіп, балаларының жаз­ғы демалысы жөнінде пікірлерін білдік.

Алёна ПРИХОДЬКО,
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Қызым М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы «Лимпопо» театрландырылған студия үйірмесіне қатысады. Қазір ол қашықтан өтіп жатыр. Мұғалімі – Анна Петровна. Ұстаздың тапсырмасы бойынша гимнастиканы отбасымызбен жасап, видео жібереміз, балаларға өлең жаттатады. Анна Петровна қашықтан оқытуды сан алуан тәсілдермен түрлендіріп отырады. Сөйтіп театрландырылған студия сабағын қызықты етіп өткізуге барын салады. Әрине, ғаламтордың кейде дұрыс жасамауы кезінде кемшіліктер болды. Соған қарамастан, әртүрлі жануарлар кейпіне еніп, образдарын өзгертіп, баланы сергітуде керемет тәсілдер қолданады. Біз үйірме жетекшісіне ризамыз. Алайда орталықтың өзіне барып қатысқанға не жетсін! Онда балалар бір-бірімен ойнайды, таласа оқиды, достарын көреді. Ал планшетпен тек үйде отырып қана қатынас жасайды, сол кейде балаға қиын. Бірақ Анна апайымыз бәрін керемет түсіндіреді. Қызымның айтуынша, достарымен планшет арқылы емес, үйірмеде, көшеде кездескен әлдеқайда артық. Жазғы демалыс бұрынғыдай болмағанмен, осылай өтіп жатыр. Баланың іші пыспау үшін ата-ана ретінде өзіміз де атсалысып, жаздың жарқын өтуіне көмектесеміз.

Еркен СҰҢҚАРБЕКОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Үш тамаша баланың әкесімін. Үлкен екі балам Назерке Сәбитова (11 жаста) және Нариман Сәбитов (9 жаста) қаладағы №86 орта мектебінің қолдауымен жасалған үйірмелерге (домбыра, бейнелеу, шахмат және қытай тілін оқыту) қатысады. М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы оқытушыларын өте шебер мамандар деп есептеймін. Сабақтан тыс уақытта балаларым өздерінің шеберліктерін көрсетуде. Домбыра үйірмесіне беру себебім – өсіп келе жатқан жас ұрпақ өзінің мәдени тарихын сыйлай білу, ұлттық аспапты қадірлеу және онымен күй шерте білуі талап. Мектепте оқыған кезімде өзім де музыкалық мектепте домбыра сыныбына қатыстым. Сондықтан мұғалімнен кейін балалардың ойнау сапасын жоғары бағалаймын. Енді қазір елдегі карантин жағдайына байланысты М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сара­йының ұстаздары сабақты мектепте емес, онлайн режимде өткізуді бастады. Онлайн режимде топпен сабақ өткізеді. Олардың атқарған істеріне ризамыз. Қазіргі уақытта балалар Өскемен қаласында апасының жанында жер үйде демалып жүр. Сол жақтан онлайн үйірмелеріне қатысады. Демалыс күндері саябаққа барып, жеміс-жидек жинайды. Жыл сайын балалар лагеріне жолдайтынбыз. Ал қазіргі ахуалға байланыс­ты жібермейміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + thirteen =