«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Делдалдардың дегені бола бере ме?

Риэлторларды кімнің бақылайтыны белгісіз

2 752

Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, сауда-саттық немесе қызмет көрсету ісімен айналысып, табыс тапсаңыз, құзырлы органдардың бақылауында болатыныңыз айтпаса да түсінікті. Алайда риэлторларды кімнің бақылайтыны белгісіз.

АЛАЯҚҚА АЛДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ

Риэлтор болу үшін университетте оқудың қажеті жоқ. Қаласа, кез келген қала тұрғыны риэлтор бола алады. Ол үшін адамдармен жақсы тіл табыса білсе болғаны. Кейбірі бірер күндік шеберлік сабаққа қатысып, жылжымайтын мүлік агенттігінің сертификатын алуы мүмкін. Бірақ олардың көпшілігінде бұл атымен жоқ. Адамның аласы да, құласы да болатыны сияқты риэлторлардың арасында да алаяқтар жетіп артылады. Мысалы, Қарағандыда кәсібін дөңгелеткен «Нұр-Сәт-Т» ЖШС-тің тілі майда пысықайлары банкте кепілдікте тұрған пәтерлер мен көліктерді арзан бағаға сатып әпермек болып, талайларды тақырға отырғызыпты. Бұл риэлторлық компанияға алданып қалғандардың арасында 700 мыңнан 15 млн теңгеге дейін ақша жоғалтқандар бар екен. Ал Астана қаласы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекованың мәліметінше, жыл басынан бері елордада риэлторлық қызмет бойынша 5 алаяқтық дерек тіркеліпті. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл көрсеткіш өткен жылғы бес айдың қорытындысымен салыстырғанда біршама азайғанын айтады. «Пәтер сатып алу немесе жалға алу кезінде тұрғындар алаяқтың құрығына ілігіп қалмас үшін алдымен қызмет көрсетушінің құжатын көріп, оның шын мәнінде риэлтор екеніне көз жеткізген соң ғана байланысты жалғастыру керек» дейді С.Қылышбекова.

САНЫ БАР, САПАСЫ ЖОҚ

«Риэлтор» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «делдал» деген мағынаны білдіреді. Расымен де қазіргі уақытта құжаты жоқ болса да, әйтеуір адамдар арасында делдал болып, ауадан ақша жасап жүргендер көп. Бұл тұрғыда көзімізбен көрген жайларды айтайық. Елорда іргесіндегі «Лесная Поляна» тұрғын үй алабында пәтер ақысы қалаға қарағанда 10-20 мыңға арзан. Сондықтан бұл елді мекенде қай кезде де пәтер іздеушілер қарасы қалың. Риэлторлардан көз сүрінеді. Саны көп болғанмен, көбісінің қызмет көрсету сапасы жоғары деу қиын. Танысымызға пәтер іздеп, солардың біріне хабарластық. Есімі – Жанна. Екі-үш пәтер көрсететін болды. Онымен келіскен жерге барсақ, сол пәтерді көруге бізден бөлек 4-5 адам келіпті. Оларды Жаннаның әріптесі Саша шақырған. Қос риэлтордың телефонында маза жоқ. Әлі де пәтер іздегендер бірінен кейін бірі келіп жатыр. Содан бас-аяғы 10-15 адам пәтер қожайынын тағатсыздана күттік. Бұрын жеткендер «біз бірінші келгенбіз, сондықтан бірінші көреміз» деп есіктің тұтқасын ұстап тұр. Қалғандары оларға ала көздерімен жақтырмай қарауда. Талас-тартыс болатын сияқты. Бізге бұл пәтердің бұйырмайтынын білсек те, «ақыры келген соң жай көре салайық» деген оймен тұрмыз. Жарты сағаттан соң қожайын келді. Қасында жас келіншек бар. «Мына кісі бірінші көреді, егер ол ұнатпаса сіздер қарайсыздар» деді пәтер иесі бір топ жалға алушыға. Әлгі келіншек үйге кірісімен-ақ «мен аламын» деді. Жаңағы оннан аса адам шыдамай жапатармағай үйге кіріп кетті. Айғай-шу. Қаншама уақыт күткендердің айғай шығаратын жөні де бар. Бірақ бұл жағдай үшін риэлторлар пысқырып та, ұялып та тұрған жоқ. Содан Жанна мен Саша бір топ адамды ертіп, тағы екі-үш пәтерге апарды. Негізі, көрсеткен пәтерлері үнемі жалға беріліп келгендіктен бе, көп жыл жөндеу көрмегені бірден байқалады. Тозығы жеткен пәтерлер де бағасына мүлде сай келмейді. Мысалы, 26 шаршы метрлік аядай бір бөлменің өзін қожайындары 70-75 мың теңгеге бағалайды. Оған қоса 10-15 мың теңгедей ай сайынғы коммуналдық төлемақысы тағы бар. Ал риэлтордың қызметі 15-20 мың теңге тұрады. (Жалпы, сатып алу кезінде пәтер құнының 1 пайызын, ал жалға алу кезінде ай сайынғы төлемақының 10 пайызын бір реттік үстемеақы ретінде риэлторлардың қалтасына саласыз). Дегенмен сондай пәтерлерге де, кәсіби деңгейі төмен риэлторларға да тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Ал жалдамалы пәтерге таласып жүргеннің бәрі – өзіміздің қаракөздер. Олардың осылай өз елінде баспанасыз жүріп, онымен қоймай, риэлторларға жалтақтап, жалға алатын пәтердің өзіне таласуы жүректі сыздатпай қоймады.

ТАБЫС МОЛ, САЛЫҚ ҚАНША?

Бірақ басқа да ақпараттарға назар аударар болсақ, жаңағы риэлторлардың ісін «құмырсқаның илеуі» ме дерсің. Неге десеңіз, қалада бірнеше коттеджі немесе жеке меншік кеңсесі бар қалталы азаматтар аз емес. Ал жылжымайтын мүлікті жалға беру яки сатумен олардың өздерінің ешқашан айналыспайтыны айтпаса да түсінікті. Бұл тұрғыда риэлторлардың маңдайынан жел есіп-ақ тұр. Өйткені интернеттегі хабарландыруларға зер салсақ, Астанадағы жалға берілетін коттедждердің ай сайынғы төлемақысы 300 мыңнан бастап 2-3 миллион теңгеге дейін барады. Ал сатылымдағы коттедждер құнының ең азы 10 млн (қала сыртындағы құрылысы аяқталмаған үйлер) теңге болса, хан сарайындай зәулім үйлердің бағасы 200-300 миллион теңгеге жетіп жығылады екен. Мұндағы риэлтордың қызметін есептеп көрсеңіз, таң-тамаша болмауыңыз мүмкін емес. Мысалы, 300 миллион тұратын коттедж сатылса, жылжымайтын мүліктің қожайыны да, сатып алушы да риэлторға бір-бір пайыз, яғни 3 миллионнан 6 миллион теңге ақысын береді. Бір ғана сауда-саттықтан осыншама қомақты қаржы табатын делдал коттеджді жалға беру кезінде де есебінен жаңылмай, табысын еселей түсері анық. Сең соққан балықтай қалалықтардың көбі неге риэлтор болуға құмар десек, табысы мол екен. Бірақ олар мемлекетке салық төлеуге құлықты ма? Оны талап етіп жатқан да ешкім жоқ сияқты. Себебі риэлторлар көбіне екі тараппен де келісімшартқа отырмайды. Барлық жұмысты ауызша, сөз жүзінде атқарады. Сатушы мен алушыны жолықтырады, өзара келісіп кетпеуін қатаң бақылайды. Олар ұйғарымға келсе, сыйақысын сытырлатып санап алады. Сонымен іс бітті. Ал жалға бергені үшін қожайын да, жалға алушы да келісімшартқа отырғандықтан, қажетінше салық төлейді. Егер де коттедж немесе кеңсені уақытша иеленгендер бірнеше жылға келісімшартқа отырып, 2-3 айдан соң жалға алған орындарын босатып жатса, екі жақты байланыстырып, алдын ала ақысын алып алған әлгі риэлтор бұл үшін мүлде жауап бермейді. 

РИЭЛТОРЛАР ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК

Ресми деректерге сүйенсек, Астананың өзінде 100-ден аса жылжымайтын мүлік агенттігі тіркелген. Ал ондағы риэлтор санын есептеу тіптен мүмкін емес. «Olx», «Крыша» интернет порталдарындағы хабарландыру бойынша клиент ретінде хабарлассаңыз, жаныңызды жұлып жеп, сатылатын немесе жалға берілетін пәтерлерін оңды-солды жарнамалайтын көлеңкелі бизнеспен айналысатындарға тілші екеніңізді айтсаңыз, бірден сұхбат беруден жалтарады. Ал пікір білдіруден тайсақтамайтын, құжаты бүтін риэлторлар сирек. Солардың бірі – бірнеше жылдық тәжірибесі бар, «Za Жильем» жылжымайтын мүлік агенттігінің маманы Жасұлан Құттыбаев. Оның айтуынша, риэлторлар – ешқай құзырлы органға қарамайды, өздері басыбайлы «бөлек мемлекет». Егер қандай да бір арыз-шағым болмаса, құқық қорғау органдарының да жылжымайтын мүлік агенттіктерінің жұмысын қадағалауға құқықтары жоқ. Тек Алматыда республикалық риэлторлар қауымдастығы бар көрінеді. Бірақ бұл қауымдастық та риэлторлардың жеке ісіне шүйлікпейтін тәрізді. «Қазіргі таңда елімізде риэлторларға қатысты заң жоқ» дейді Жасұлан. Демек әлі де делдалдардың дәурені жүріп, көлеңкелі іспен айналысатын алаяқтар талайды тақырға отырғызуы әбден мүмкін. Сонымен қатар еңбек адамдарының табан ет, маңдай терімен табатын жылдық табысын жанын қинамай-ақ бір күннің ішінде қалтасына басатын делдалдар салық төлеуді қаперіне де ілмей, ары қарай да тайраңдай береді деген сөз. Сондықтан тентекті тезге салғандай ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін риэлторларды жүгендеп, алаяқтардың айылын тарту қажет. Заң шығарушы органдар осы мәселені тезірек біржақты етсе деген ұсыныс-тілегіміз бар.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

  1. Айгүл :

    Делдалдар да қулыққа көшкен. Жаны ашитынын табу қиын қысылғанда. Баспана бәріне бұйырсын.

  2. Айгүл :

    Бақылайтын ешкім болмаған соң ойларына келген бағаны айтады екен ғой.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды