«Даусыз әлем» жобасы қанат қақты

0 20

Жоба қоғамдағы қақтығыс, жанжалдардың санын азайтуға және татуласудың тиімділігін түсіндіруге бағытталған. «Даусыз әлем» дауларды татуласу, келісімге келу, медиация арқылы және партисипативтік рәсімді қолдана отырып шешу мүмкіндігін көздейді.

Жоба шеңберінде татулас­тырушы-судья сотқа дейінгі тәртіппен реттелмеу себебінен елорда соттары қайтарған талап арыздар бойынша арыздың және ұйғарымның көшірмесін электронды түрде Татуласу орталығына жолдайды. Бұл арада тараптарға дауды шығын шығармай, татуласу арқылы шешу мүмкіндігін пайдалану құқығы қоса түсіндіріледі.
Елорда тұрғындары медиатор, адвокат және психологтың тегін кеңесін Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Тату­лас­тыру орталығында ала алады. Індет тырнағына ілінген осы уақыт аралығында азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіпті барынша төмендетуге және сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында республика соттары қашықтан жұмыс жасауға көшіп, барлық істер инновациялық технологияларды қолдану арқылы онлайн режимде қаралып жатыр.
Карантин режиміне қарамастан электронды арыз саны да, онлайн сот отырыс­тары да азайған жоқ. Жұмыс жүктемесі өзгеріссіз. Дей тұрғанымен, сотқа арыз тапсырып, кейіннен дау-дамайды ортақ мәмілеге келу арқылы шешіп жатқан тараптар да аз емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, карантин режимі енгізілген наурыз айынан бастап бүгінге дейін елордалық азаматтық істерді қарауға мамандандырылған соттарда 166 іс татуласу келісімімен, 756 іс медиативті келісімге келумен аяқталған. Ал апелляциялық сатыда 22 іс бо­йынша татуласу рәсімдері қолданылған. 4,5 айдың ішінде қала соттарында мыңға жуық азаматтық іс дауласушы тараптардың татуласуымен аяқталған.
Маңыз беріп айтуға тұрар бір мәселеге тоқталсам, заң аясында дауды шешудің баламалы тәсілдері ретінде медиативтік, партисипативтік рәсімдер және татуласу келісімі қарастырылады. Яғни екі тараптың ерікті түрде медиатордың көмегіне жүгінуімен дауды медиация тәртібімен реттеуге болады. Дауласушы тұлғалар арасында шарттары өзара келісілген азаматтық-құқықтық келісім-шарт жасасуы арқылы татуласу келісіміне келуге болады. Сондай-ақ, екі тараптың адвокаттарының қатысуларымен тараптар арасындағы келіссөздер жүргізу нәтижесінде партисипативтік рәсімді де қолдануға әбден болады.
Алайда партисипативтік рәсімді қолдану арқылы аяқталып жатқан дауларды кездестірмейсіз. Оған көрсеткіш куә. Әлеуметтік желіде де бірқатар адвокаттардың соттардың тараптарды бітімге келтіруге талпынысымен келіспейтіндігін білдіретін жазбаларын көзім шалды. Осы арада заңмен шегеленіп белгіленген, тараптардың даулы мәселені уақыты мен қаражатын үнемдеп, өзара достық қарым-қатынасты сақтай отырып шешуге мүмкіндік беретін партисипативті рәсімді қолдану құқығын неге қолданбасқа деген сұрақ еріксіз ойға келеді.
Заңнамаға енгізілген татуласу рәсімдерінің барлығы да дауларды шешудің жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Кезінде дала заңымен қара қылды қақ жарған билер де жауласқан екі жақты бір мәмілеге келуге шақырып, дауды бітімгершілікпен аяқтауға тырысқан. Дау туындаған жағдайда соттасудың жолдарын емес, моральдық және материалдық ауыртпалық келтірмейтін татуласудың мүмкіндіктерін қолданғанымыз абзал.

Ботагөз БАЯНОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы
сотының ақпараттық
қамтамасыз ету

бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 2 =