«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дәулетіне сәулеті сай келсе

0 211

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Халықаралық сәулетшілер конгресі ашылды. Үш күнге созылатын жиынды Мәдениет және спорт министрлігі Астана қаласының әкімдігі және Қазақстан Сәулетшілер одағымен бірлесіп өткізуде. Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған басқосуға әлемнің 20-дан аса елінен келген танымал сәулетшілер, урбанистер, зерттеуші-ғалымдар, отандық сәулетшілер, суретшілер, технологиялық компаниялар, девелоперлер, инженер-жобалаушылар, жобалау бюролары, жоғары оқу орнының сәулет өнері факультетінің студенттері қатысуда. Осы конгрестің шеңберінде «Қалалық орта: дәстүрі мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оның жұмысы пленарлық отырысы, екі панельдік сессия форматында ұйымдастырылды.

Астанада «ақылды» үйлер салынады

– Халықаралық сәулетшілер конгресі елордамызда осындай деңгейде алғашқы рет өтіп отыр, – деді Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова журналистерге берген шағын сұхбатында. – Біріншіден, «ақылды» қаланың ұсынған барлық жобаларын жүзеге асыруға және сәулетшілердің тек қаланы салу ғана емес, сол қаланы «ақылды» етіп бірден жобалау. Бас қалада іске асырылатын жаңа мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік жобалар туралы айтсам, «ақылды» шамдарды мысалға келтіруге болады. Маусым айының 26-сында осы жобаға тендер жарияладық. Ол 31 шілдеге дейін өтеді. Байқаудың нәтижесін шығарған соң, 2018 жылдың соңына дейін жоба толық іске асырылады. Бұл жоба қала үшін өте маңызды. Өйткені қаланың көшелеріндегі бүкіл электр шамдары 100 пайызға жаңарады. Бұл электр қуатын үнемдеуге өте тиімді. Мысалы, біздің болжамымыз бойынша, электр шамдарын қолдану 60 пайызға азаяды.
Малика Ерланқызы «ақылды» ауданның Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы аудандарының қиылысында орналасатынын хабарлады. «Қазір ол «Жастар» шағын ауданындағы Бараев көшесінде жүзеге асырылуда. Ол – қанатқақты жоба. Сол себептен қала бюджетінен бір тиын да жұмсалған жоқ. Ол, анығырақ айтсақ, отандық және шетелдік компаниялардың «ақылды» қалаға қатысты ұсыныстарының барлығын қарастырдық. Сынақ мерзімі ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін созылады. Ерекшелерін атап айтар болсам, қауіпсіздік жобалары. Мысалы, «ақылды» шлагбаум, «ақылды» автотұрақ, «ақылды» шамдар және тағы басқалары. Электр желілерін қалай үнемдеп қолданудағы жаңа модульдердің бәрі осы «ақылды» ауданда игеріледі. Яғни ұсынылған технологияның шын мәнісінде жұмыс істейтіні немесе істемейтіні жарты жылда белгілі болады. «Шынында, ол өте қолайлы ма, әлде оған балама болатын жоба бар ма?» деген сауалға жауап іздедік. Неліктен сәулетшілер конгресіне «ақылды» қала тақырыбын таңдадық? Себебі Астананы салу тоқтаусыз жүргізіле береді. Бірақ ол тек құрылыс деген сөз емес. Бұдан әрі біз электр қуатын үнемдейтін ғимараттар саламыз. Оған алдыңғы қатарлы технологиялар, энергия үнемдейтін материалдар қолданылады. Сонда ғана нағыз «ақылды» үйлер бой көтереді» деп түсіндірді Астана әкімінің орынбасары.

 

«Ақылды» домофон

Тәуелсіздік сарайындағы көрмеде бірнеше компаниялардың өз өнімдерін жарнамалап тұрғанын көрдік. Соның ішінде ерекше назарымызды аудартқан жоба – «ақылды» домофон. Жобаны ұсынған отандық «Ритм» компаниясының директоры Тимур Ахунжановты әңгімеге тарттық. Ол «ақылды» домофонның бірегейлігін, ТМД елдері аумағында теңдесі жоқ жоба екенін дәлелдеуге тырысты. Айта кетерлігі, қазіргі кезде бұл жоба Бараев көшесіндегі бір үйге орнатылған. Алдағы уақытта 8 кіреберіске орнату жоспарланып қойыпты. Таңғаларлығы, қаншама қызметі бар домофонның бір айлық төлемақысы – 500 теңге. Ал кәдімгі домофонға ай сайын – 395 теңге, ал бейнекамераға 390 теңге төлейтінімізді ескерсек, әрине, арзан.
«Бұл кәдімгі қарапайым домофоннан өзінің көп функциялығымен ерекшеленеді. Мәселен, әр домофон сандық бейнекамерамен жабдықталған. Ол 24 сағат бойы үйдің кіреберісінде не болып жатқанын түгел түсіреді. Сөйтіп, барлық мәліметтерді жедел әрекет ету орталығына жібереді. Ол жерде отыр­ған оператор кіреберістегі жағдайды көзбен көріп, бақылай алады. Оператор үйден қай уақытта кімнің шыққанын немесе кіргенін, кімнің күл-қоқыспен ластағанын, кімнің автокөлікке зақым келтіргенін түгел көріп отырады. Тура осы көріністі әлгі үйдің тұрғындары өздерінің ұялы телефонынан да көре алады» деді ол.
Аталған жобаның екінші қызметі – төтенше жағдайларда жедел хабар берудегі тиімділігі. Барлық домофондар Төтенше жағдайлар департаментіне тікелей жалғанады. Ал қандай да бір қауіп туындаған жағдайда, орталық операторы күллі домофондарға дауыс зорайтқышпен хабарлама жолдайды. Хабарлама ешбір тұрғын домофон тұтқасын көтермесе де түсе береді. Яғни домофон тұтқасы дауыс зорайтқышқа айналады. Мысалы, үйдегі қандай да бір пәтерден өрт шыға қалса, жұрттың бәрін жедел сақтандыруға мүмкіндік бар. Тіпті хабарламаны бір үйге ғана емес, күллі қала аумағына жіберуге болады. «Бұл жүйенің тағы бір қызметі – ақпарат алмасу. Қала басшылығы мен үйдің тұрғындары арасындағы телекоммуникациялық көпір іспетті. Әкімшілік «17 шілде күні суық су беру тоқтатылады» деген қысқа хабарлама жіберуі мүмкін. Яғни тұрғындар әрқашан өзіне керекті ақпаратты жедел алып отырады» деп түсіндірді Тимур Ахунжанов.
Оның айтуынша, «ақылды» домофонда «әлеуметтік дауыс беру» жүйесі де бар. Аталған үйдің тұрғындары кіреберістен-ақ домофон панеліне жақындап, қала әкімшілігінің ПИК туралы сауалына жауап береді. Мысалы, «Сіз өзіңіздің ПИК-тің жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сауалға «Иә» десеңіз, «1» санын басасыз, «Жоқ» десеңіз, «2» санын басасыз. Барлық жауаптарды бір жерге жинаған әкімшілік әр тұрғынның ой-пікірін біліп, шешім қабылдайды. «Бүгінгі нарыққа талдау жасай отырып, біз негізгі тренд – жеделдік екеніне көз жеткіздік. Сондықтан домофонды басқаратын «мобильді қосымша» жасап шығардық. Яғни мобильді қосымшаның көмегімен әр пәтердің тұрғыны өз үйіне кімнің келгенін, кімнің кеткенін, қашан домофонның тетігін басқанын көріп отырады. Бұл жерде қоңырау мобильді қосымша арқылы түседі. Мәселен, тұрғын домофонға кімнің келгенін көріп, онымен телефоны арқылы сөйлесе алады. Егер есікті ашқысы келсе, ашады. Сонымен қатар, әр домофонда «SOS» деген тетік бар. Бұл тетік арқылы кез келген азамат құқық бұзушылық әрекеттің куәсі болған жағдайда хабар береді. Тетік басылғанда қалалық ІІД-ге хабарлама түседі. Сөйтіп, кезекші полицей хабарлама жіберген адамның бейнесін көреді. Қажет болған жағдайда, құқық қорғау қызметкерлерін жібереді. Бұл жерде бейнекамера полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді» дейді Т.Ахунжанов.
Ал бұрынғы домофоннан бас тарту үшін әр үйдің тұрғындары жиын өткізеді. Сол жерде жеке-жеке «Ритм» компаниясының арнайы бланкілерін толтыруға міндетті. Алайда бір үйдің кіреберісіндегі барлық пәтерлердің қожайындары бір мәмілеге келіп, таңдау жасауы тиіс. Сол кезде «Ритм» компаниясы әрбір кіреберіске құны 200 мың теңгелік «ақылды» домофондарды орнатып береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды