Дәуір дауылпазы

0 62

Жыр алыбы – Жамбыл екі ғасырдың куәгері болып, тарих сахнасына 20-ғасырдың отызыншы жылдары айрықша жарқ етіп көрініп, өмірінің соңына дейін бүкіләлемдік деңгейдегі тұлға болып танылуын қазақ өркениетінің үлкен жетістігі деп бағалаймыз. Әрине, уақытының өзіне тән бір ықпалыменен жарыққа шығуына бір әсері болған шығар, бірақ кеңес дәуіріне дейін Жамбылдың атақ-даңқы өз ауыл-аймағынан асып, бүкіл шартарапқа, қазақ даласына танылғаны мәлім.Оның өмір сүрген дәуірі күрделі дәуір еді. Кеңес заманы қанша тізесін батырса да, еліне деген, жұртына деген махаббаттан туған жыр-күйлерін шығарып, бүгінде бізге мұра болып қалып отыр. Шығарма тақырыптарының өзі еліне, жұртына, ауылына, қазағына деген сүйіспеншіліктен туған. Кез келген өлеңінде патриоттығы, отаншылдығы көрініс беріп тұрады. Сонымен қатар Жамбыл Жабаев жырларында эстетикалық, педагогикалық қазақтың салт-дәстүрі, тәрбиесі тұнып тұр.
Боз бала шағынан бастап өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіпті көршілес жатқан қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Сол кезде оттай жалындап, жұрт ауызына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып, батасын алады. Кейін сол заманның мықты суырыпсалма ақындары Сары, Сарбаз, Құлманбет, Шашубай сындылармен және қыр­ғыздың Қатаған, Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай сияқты ақын манасшылармен айтысқа түсіп, ұдайы шоқтығын асырып отырған.
«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деп жырлаған ұлы жырау халықтың ғасырлар бойы көкейінде жүрген мұң-мұқтажын, арманын өлеңмен жеткізген еді.
Жамбылдың шабытпен дүниеге келген қанатты шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, дүние жүзіне тарады. Көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім жұртқа паш етті.
Осы ретте жеткізгім келгені: мектеп оқушыларына айтыс өнерін, жыр мектептерін, көркемсөз оқу өнерін пән ретінде қосса екен деген өз ойым бар.
Әңгімемнің төркіні, Жамбыл өлеңдерінде қаншама мән-мағына, тәрбие, астар бар. Кейінгі ұрпаққа осындай пәндер қосылып жатса, бала-шағамды оқытуға қарсы болмас едім. Тілге деген сүйіспеншілігі және сөз қоры көбейіп, келешек ұрпағымыз сүбелі сөз саптап жатса несі жаман?!

Рүстем ЖҰМАБАЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы
№2 өнер мектебінің ұстазы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × four =