Даудың басы – домофон

0 202

Қаладағы көпқабатты үйлердің есігіндегі құлып – домофонның төңірегінде бірқатар даулы мәселелер бар. Тұрғындардың көпшілігі кодты есік үшін ай сайын төлем төлейтініне және оны пайдалануға кететін энергия шығыны үйдің ортақ қажеттілігіне енгізілгеніне наразы.
Кімдікі дұрыс?

Кешегісі мен келешегі

Әңгімеміз домофонға қатысты болғаннан кейін оның тарихына да тоқтала кеткен артық болмас. Осыдан 200 жылдай бұрын дүние­ге келген «Әли баба және қырық қарақшы» ертегісін естімеген адам жоқ шығар?! Осы ертегіде Әли-Баба үңгірдің есігін ашу үшін «Сим-сим, ашыл!» деген құпия сөзді пайдаланатынын білесіз. Міне, бұл әлем­дегі алғашқы кодты есіктің аңыз-әфсанадағы дерегі.

Ал кәдімгі домофон ХХ ғасырдың ортасында пайда болды. Кейбіреулер бұл құрылғыны әуелі америкалықтар ойлап тапты десе, енді біреулер домо­фонның авторы Скандинавия деседі.

КСРО елдеріне домофон 1960 жылдары келді. Алғашында темір құлыпты кеңестік елдер кіреберісті жылы ұстау мақсатында пайдаланған. Кейін кім көрінген подъезге кіріп кетпес үшін кодты құлып пайда болды.

Ал қазіргі қолданыстағы сандық домофонды америкалық Dallas Semiconductors компаниясы шы­ғарған. Құрылғының бұл түрі елімізде 2004 жылдан бері пайдаланылып келеді.

Бүгінде домофонның небір түрі бар. Бұрын таныстарымыздың дауысын ғана естісек, енді бейнекамералы домофонмен түрін де көре алатын болдық. Енді бес жылда елімізге дауыс арқылы, көздің қарашығын сканерлеу арқылы ашылатын домофондар келе бастайды дейді мамандар.

Темір есік тұрғындарға да тиімді

Домофонның пайдасы жөнінде жұртшылық жақсы білсе керек. Қазір кіреберіс есіктің үнемі жабық тұратынына тұрғындардың көзі үйренгелі қашан. Кезінде көпқабатты үйлердің есігі ашық-шашық қалып, оған қаңғыбастардан тартып, ит те, мысық та кіріп алып, емін-еркін аунап-қунап жататын. Ал, кодты темір есік келгелі бұл жағдай түзелді. Домофонның осындай артық­шы­лығына қарамастан көпшілік ай са­йын осы құрылғының қызметіне ақы төлеуге құлықсыз. Мұны тұрғындар заңсыз деп түсінеді. Бұл мәселе елі­мізде ғана емес, көрші Ресейде де көтеріліп жүр. Ал домофон ком­па­ниялары болса, домофон да ком­му­налдық қызметтің бір түрі екен­дігін, оған тұрғындар ақша төлеуге міндетті екендігін алға тартады.

Астанада домофон қызметіне төленетін ай сайынғы төлем 250-600 теңге аралығын құрайды.

Өткен жылдары Шығыс Қазақстан облысында домофон компанияларына қатысты дау-дамай шығып, нәтижесінде тұрғындар жеңіп шық­­қан болатын. Бұдан кейін ҚР Бә­се­келестікті қорғау агенттігі елі­міздің басқа өңірлеріндегі домо­фон компанияларын да тексеріп, олардың бәсекелестікке қаншалықты адалдығын таразылай бастады. Бұл істі Астана қаласы бойынша Мо­нополияға қарсы инспекциясы да қолға алды. Олар әзірше мәліметтерді жинақтап, мәселенің мән-жайына сараптама жасаумен айналысып жатыр. «Домофон компанияларының атқарып жатқан жұмыстарын електен өткізіп, деректер мен дәйектерді нақтылап алғаннан кейін барып, біз оларды тексере бастаймыз. Алдын ала жасалған сараптамалық мәлі­­меттер бойынша, Астанада до­мофон орнату және аталмыш құ­рыл­ғыларды техникалық тексеруден өткізу, жөндеу мәселесінде бірқатар заң бұзушылықтар анық­талды. Бірақ бұл туралы тексеріс қорытындысынан кейін жариялайтын боламыз. Тексеруді келесі айдан бастамақпыз. Нақты нәтижесі екі айдан кейін белгілі болады» дейді Астана қаласы бойынша Моно­по­лияға қарсы инспекция­сының бас маманы Аяна Сенкибаева.

Жалпы, домофон дегеніміз – тұр­ғындардың меншігіне емес, тек пайдалануына берілетін құрылғы. Олай болса, домофон компаниялары бір орнатып бергені үшін өмір бойы өздерін материалдық жағынан қамтамасыз етіп, тұрғындардан ай сайын ақша жинауы дұрыс па? Бас маман Аяна Сенкибаеваның айтуынша, төлем мәселесінде тұрған ешқандай заң бұзушылық жоқ. Домофон ком­паниялары ай сайын төленетін төлем­ақы есебінен істен шыққан құ­рылғыларды ауыстырып, сынған құлыптарды, оның электрмагниттері мен шақыру панельдерін, пернелерін қалпына келтіреді. «Заң тілімен айтқанда, домофон – реттелмейтін нарық. Яғни, бұл – тек компания мен тұтынушылар арасында жүргізілетін келісім-шарт аясында жүзеге асатын қызмет түрі. Домофон орнату туралы шешім сол подъезде тұратын пәтер иелерінің көпшілік даусымен шешіледі. Сондықтан тұрғындардың келісімімен домофоннан бас тартуға, сөйтіп, ай сайынғы төлемді төлемеуге де болады. Бірақ домофонның қажет дүние екендігін еске алсақ, одан ешкім бас тартады деп ойламаймын. Ал, екі тараптың арасындағы қандай да бір келіспеушіліктер сот арқылы шешіледі» дейді Аяна Сенкибаева.

Домофонның жұмыс істеп тұруы­на жұмсалатын электр энергиясы шығыны үйдің ортақ қажеттілігіне енгізілген. Яғни, бұл шығынды да тұрғындар қалтасынан төлейді. Осы мәселені қаперге алған Астана қа­­ласы бойынша Монополияға қар­­сы инспекциясы арнайы зерттеу жүр­гізіп, домофонның қанша қуат тұтынатынын есептеп шығарыпты. Сөйтсек, домофон ай сайын бар бол­ғаны 21 кВт электр энергиясын тұтынады екен. Бұл айына – 209 теңге деген сөз (Астана қаласында электр­энергиясының орташа бағамы – 9,97 теңге/кВт*с). Енді мұны әр пәтерге бөлсеңіз, шамамен 5-10 теңгеден келеді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

«Істен шықса, тегін ауыстырамыз»

Астана қаласында домофон орнатумен айналысатын ірілі-ұсақты 40 компания бар. Солардың бірі – «Нұр-Домофон» ЖШС. 2007 жылдан бер елорданың 400-дей подъезіне домофон орнатқан серіктестіктің директоры Мерғалым Сералиновпен жолығып, бір ауыз пікірін білген едік.

– Мерғалым Серікұлы, тұрғындар домофон қызметіне не үшін ақша төлейді?
– Домофон жұрт ойлағандай, бір орнатып кете салатын жеңіл құрылғы емес. Оның да пайдалану мерзімі бар. Біз домо­фонды орнатып қана қоймай, оны жос­парлы түрде тексеріп, жөндеп, қажет болса ауыстырып отырамыз. Құрылғының бір жері істен шыққан сайын біз тұрғындардан ақша жинап жатпаймыз ғой. Дер кезінде олар да қолма-қол қаржы жинап бермейтіні анық. Міне, ай сайынғы төлемақы да осы үшін алынады. Домофон істен шыққан жағ­дайда оны тез арада тегін ауысты­рып береміз. Кейінгі кезде домофон құрыл­ғыларын ұрлау да жиілеп кетті. Бұл да біздің есебімізден қайта орнатылады.
– Ал егер заңға салып, қызметтеріңізге төленетін абоненттік ақыны алып тас­таса ше?
– Ендеше, домофон компаниялары жұ­мысын тоқтатады деген сөз. Елімізде кә­сіп­керлерді қолдауға байланысты көп­теген игі істер атқарылып жатқанын білеміз. Домофон да – кәсіптің бір түрі. Біз осы кәсіп арқылы өз-өзімізді жұмыспен қамтып қана қоймай, басқа да азаматтарға қызмет тауып беріп отырмыз. Егер біз шығынға ұшырасақ, тек елорданың өзінде шамамен 200-ге жуық адам жұмыссыз қалады.
Демек, мемлекет ондай қадамға бармайтыны анық.
– Тұрғындар тарапынан төлемақыны жаппай төлемей қойған жағдайлар ұшырасты ма?
– Иә, ондай жағдайлар болды. Біз шы­ғынға әбден батқаннан кейін әлгі тұрғын үй­ге қызмет көрсетуден бас тарттық. Бірақ бір­неше жылдан кейін олар өздері келіп, домофонды қайтадан орнатуымызды сұрады.
– Кодты есіктер қай елдің өнімі? Жа­рамдылық мерзімі қанша?
– Елордаға әкелінетін домофонның бәрі Ресейден шығарылған. Пайдалану мерзімі – 5 жыл. Осы құрылғылардың жар­­тысынан астамы сыртқы күштің әсері­нен, яғни, ұқыпты пайдаланбаудан істен шығады. Осыған байланысты бір электро­монтажшының өзі күніне 20-30 тапсырыс­ты орындауға мәжбүр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 14 =