Дауды соттан тыс реттеу – тиімді тәсіл

0 142

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы. Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мыз­ғымас сипатқа ие» деп, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажеттігін айтты. Бүгінгі сот жүйе­сінің ұтымды жақтары қандай деген сауалымызды Алматы аудандық сотының судьясы Айгүл Тағажаеваға қойған едік.– Айгүл Болатқызы, сот жүйе­сі несімен ұнайды?
– Жалпы, мен азаматтық істерді қарайтын соттың судьясымын. Судьялық заңгерлік қызметтің биік шыңы болғандығынан ғана емес, бастысы, сот жүйесі өмірдің барлық саласын қамтиды, оның бәрін көру, өткеру үлкен жетістік деп санаймын.
– Сот жүйесінің дамуы дегенді қалай түсінесіз?
– Отандық сот жүйесінде айтарлықтай өзгерістер бар. Халық­аралық форумда Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асанов: «Соңғы бір жарым жыл ішінде Жоғарғы сот 17 заң жобасын дайындады, ондаған инновациялық жобаларды жүзеге асыруда» деген болатын. 2015 жылы Азаматтық процестік кодексіне өзгерістер енгізілді, өзгерістер бойынша бір тарау толығымен татуласуға арналған болатын. Оның бірінші мақсаты – қоғамды сабырлыққа, түсіністікке шақыру. Дау туындаған жағдайда азаматтар бір-бірімен түсінісу арқылы келісімге келе алуы қажет. Заңдар бар, шешім қабылдау – біздің күнделікті міндетіміз, бірақ адам ретінде түсінісіп, өзара татуласқаны қоғамға керек. Бұл жобалардың барлығын Жоғарғы соттың судьялары зерттеп, шетел мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйе­ніп енгізген. Жобалардың ішінде дауларды шешудің соттан тыс процедурасын жасауға ма­ңызды рөл берілді.
– Келісімге келу арқылы қол жеткен нәтиже қандай?
– Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық соты арқылы 2019 жылдың 11 айында 319 бітім­гершілік келісім, 849 медиа­ция келісімі, 6 партисипативтік келісімі (барлығы 1174) мақұлдан­ған. Яғни бұл жерде өзара келісімге келу – басты орында. Азаматтар мен шаруашылық жүргі­зу­ші
субъектілер арасындағы даудың соттың шешімінсіз дербес ше­шілетіндігі қоғамның сот жүйе­сіндегі жаңа қатынастарға әзір екендігін көрсетсе керек.
– Сіздердің алдарыңызға көбіне қандай мәселе, даумен келеді?
– Нұр-Сұлтан қаласына қатыс­ты мәселелердің дені – көршілер арасындағы даулар, жер үлесін бөле алмай жатады, сату-сатып алу және басқа да шарттар бо­йынша істер, қарыз алғаны, залал өндіру туралы дау болуы мүмкін, тұрғын үй салу мәселелерінен шыққан үлескерлердің даулары, бұл жерде азаматтық істер қаралатын болғаннан кейін күнделікті өмірде жиі кездесетін мәселелер толастамайды. Құжаттарды реттегенде жер телімінің кішкентай ғана бөлігі көршінің иелігіне өтіп кеткені белгілі болады, содан дау туындайды. Көппәтерлі үйлерде су ағып, көрші пәтерге кеткенде сотта жиі дау болады. Нұр-Сұлтанда 1 млн-нан аса адам тұрады, су кеткен сайын адамдардың бәрі сотқа жүгіретін болса не болады? Оның бәрі өзара адами, мәдени-­этикалық қатынастар арқылы шешілуі тиіс. Бірақ адамдар сабыр­ды ұмытып, мән-жайға үңілмей жатып, бір-біріне ауыр сөздер айтып қояды да, мәселе ушыққасын барып сотқа келеді. Бұл – тұрғындар өздері шешуге болатын мәселе. Егер үстіңгі қабаттан батарея жарылса не кранды ашық қалдырса, пәтер иесінің кінәсі бар, астыңғы қабаттағы көрші тек бүлінген жер үшін ғана ақы талап етуіне болады, ал бізде жоғарыдағы көрші «мен оны әдейі жасағаным жоқ» дейді, төмендегісі жөндеу жұмысын талап етеді, ақыры сотқа келеді.
– Жалпы, дауды соттан тыс реттеу заңда қалай көрсетілген?
– Дауды соттан тыс реттеу тәсілдері ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 24-бабында көрсетілген. Азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын сот­қа қатысты дау (жанжал) тарап­тардың жазбаша келісімі бо­йынша, егер заңмен (баппен) тыйым салынбаған болса, медиа­ция, қатысу тәртібімен шешілуі немесе аралық сотқа жіберілуі мүмкін. Біздің мақсатымыз – тараптарды түсіністікке шақырып, татуластыру мақсатын қарастыру. Дауды сотпен шешу бізге қиындық тудырмайды. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз, сот шешімін шығарамыз, соттың шешімінде тек заңға сүйенеміз, ол жерде тек заң шешеді. Бірақ нәтижесінде қатқыл заң екі тарапқа да ұнамауы мүмкін, сондықтан өзара бір ортақ шешімін табуға тырысамыз.

Сұхбаттасқан
Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды