©2020 Астана Ақшамы
Дауасыз дерттен сақтан
Ғасыр дерті саналатын СПИД-ке ( ЖИТС – жүре пайда болған иммундіктапшылық синдромы) шалдығу өлім жазасына кесілгенмен бірдей. Себебі, жер бетінде бұл дертке шипа боларлық дәрі әлі жасалған жоқ. Одан сақтанудың бір ғана жолы – сақтану, алдын алу.
Біз көп жағдайда СПИД-тен келетін қауіп пен оны тудыратын негізгі әдеттер жайында ашық айта бермейміз. Бүркемелеп жатамыз. Ал, халықтың ондай әдеттерден хабарсыз болуы салдарынан дертке шалдығушылар саны да азаймай отыр.
Мәселен, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер ауруды таратушы негізгі топтың бірі болып табылады.
Бүкіл әлемдегі ВИЧ (АИТВ – адамның иммундық тапшылық вирусы) жағдайларының 5-10 пайызы ерлер мен ерлер арасындағы жыныстық қатынастың әсерінен таралады екен. Ал, Халықаралық ЮНЕЙДС ұйымының мәліметі бойынша, Солтүстік Америка, Австралия, Жаңа Зеландия және Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 70 пайызды құрайды. Ал, Астана қаласында мұндай жандардың саны 2430-ға жетіп отыр. Жыл сайын осындай адамдар арасында эпидемиологиялық қадағалау жүргізіп отырамыз.
2012 жылы жүргізілген эпидемиологиялық қадағалау қорытындысы бойынша ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлердің 1 пайызы ВИЧ жұқтырған 2 пайызы мерез тасымалдаушысы болып шықты.
ВИЧ адамның ағзасына түскен кезде, бізді аурулар мен инфекциядан қорғайтын ағзаның иммундық жүйесін бұзады.
Міне, өздеріңіз байқағандай, жыныстық жұқпалы аурулар әдепсіз жыныстық өмiрдің нәтижесінде туады. Сондықтан, СПИД ауруына жол бермеу үшін жыныстық жұқпалы аурулармен тек таяуда ғана ауырғандарды ғана емес, бұрын ауырғандарды да тексеру қажет. Себебi, олар жыныстық жұқпалы аурулардан айыққанымен, СПИД ауруының алғашқы жасырын кезеңiнде болуы мүмкiн. Олардың сексуалдық жұптарын да анықтап, тексеруден өткізу керек.
М. ӘБУҒАЛИЕВА,
Астана қаласы ЖИТС орталығының дәрігер-эпидемиологы