«Дауасыз дерт» дендеп тұр

0 20

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті «Қылмыстық істегі сот-психологиялық сараптаманың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісін өткізді.

Қазір отбасы-тұрмыстық саладағы суицидтің жиілеп кеткені мәлім. Осы жайтты негізге ала отырып, полиция қызметкерлеріне сот-психологиялық сараптаманың көмегімен шешілетін мәселелер туралы тәжірибесі мол, кәсіби-білікті мамандармен кездесу ұйымдастырылды. Оған ЖПҚБ бастығы, полиция полковнигі Арман Айтмағамбетов, Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Гумар Шыныбеков, Қазақстан психологтар одағының сарапшысы, психолог Нұргүл Сүйіндікова мен жеке құрам қатысты.
Бұл ретте суицидтің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан да психолог Нұргүл Молдабайқызы адамды суицид жасауға итермелеген факторлар назардан тыс қалмауы үшін сот-психологиялық сараптама жасаудың маңыздылығына тоқталды.
– Біздің елде өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу және ерте кезеңде өзіне-өзі қол жұмсау қылықтарының пайда болуын анықтау бойынша мақсатты жұмыс жүргізе алатын білікті мамандардың болмауы өкінішті. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері үшін суицид жасауға бейім адамдармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдық сипаттағы іс-шаралар жүргізілмейді. Жүргізілген күннің өзінде мұның жағымсыз жақтары да бар. Мәселен, бойында суицидтік бейімділігі бар әйелдер құқық қорғау органдарымен, білікті мамандармен және психологтармен байланысқа түспейді. Сонымен қатар жәбірленушілер жасалған әрекеттердің нақты себебін толық ашпайды. Бұл – олардың жеке өмірі. Ол туралы бөтен адамдармен сөйлескісі келмейтіндігін көрсетеді, – деді.
Қазіргі қоғамның дауасыз дертіне айналған отбасы-тұрмыстық саладағы суицид рухани апат қана емес, ел болашағы үшін де үлкен шығын. Өйткені өз-өзіне қол жұмсау – елдің болашақтағы белсенді азаматтарынан айырылып, сордың соңы демографияға салқынын тигізбей қоймайтыны белгілі.
Сондықтан да әйелдерге қатысты және отбасылық-тұрмыстық қатынастарда құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары учаскелік және ювеналдық полиция инспекторларымен бірлесіп, тұрмыстық қылмыстың, әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың өсуіне жол бермеу бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп келеді.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × three =