Дауасы жоқ дерт

0 201

Елімізде АИТВ (ВИЧ) жұқпасын жұқтырғандар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Республикалық ЖИТС-тың (СПИД-тің) алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мәліметінше, 2013 жылдың 1 ақпандағы көрсеткіш бойынша, АИТВ жұқтырғандардың саны 19961-ге жеткен. Ал, ЖИТС-пен ауыратындар 1739-ды құраған. Тек елордада биылғы жылдың 1 наурыздағы жағдай бойынша АИТВ инфекциясын жұқтырған 609 адам тіркелген.

Биологиялық қару ма, әлде сырқат па?

Адам ағзасы өз иммунитетінің арқасында түрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрады. Осы иммундық жүйе әлсіреген кезде адамда небір ауру түрлері дамуы мүмкін. Ал ЖИТС дерті –қорғаныш тапшылығын жоятын қауіпті дерт. Бұл – АИТВ жұқпасының әбден асқынған түрі, дерттің өлімге әкелетін соңғы сатысы.

Күллі әлемді алаңдатып отырған ЖИТС қалай пайда болғаны төңірегінде таласты пікірлер көп. Біреулер вирус маймылдан таралған дейді. Олар африкалықтарды тістеп алған немесе қара нәсілділер олардың етін жеген-мыс.

Енді біреулер СПИД-ті адамның қолымен жасалған биологиялық қару деп санайды. Ғасыр індеті 1980 жылдың басында Америкада «ауру ойлап табатын» жасырын жұмыс істейтін медициналық орталықтардың бірінде пайда болған деседі. Биологиялық қаруды тапсырыспен жасайтын мұндай орталықтар жылына миллиардтаған табыс табатын көрінеді.

Әрине, өзара өштескен мемлекеттер дұшпандарының көзін құрту үшін дәстүрлі қарулардан басқа, биологиялық қаруды да қолданғаны тарихтан мәлім. Бүгінгі таңда да «сырқат шығарумен» айналысатын орталықтардың барын ешкім жоққа шығара алмас. ЖИТС-ті туындататын вирустың қандай дәріге де төтеп беретіндігі, түсі мен пішінінің өзгергіштігі – бәрі де оның жасанды ауру екендігін айғақтағандай. Бұл мәселе әлі толыққанды шешілмеген. «Сұрап алған аурудың емі жоқ» дегендей, қолдан жасалғандықтан қай жағынан да тұрақтылығын сақтаса керек. Зерттеушілер сондай-ақ, ЖИТС-тің адам мен оның жасын, жынысын,әлеуметтік тобын таңдайтынын алға тартады. Мысалы, АҚШ-та вирусты жұқтырғандардың 85 пайызы гомосексуалистер болса, Ресейде сырқатпен ауыратындардың 80 пайызы есірткіқұмарлар екен. Ғалымдар бір елдегі ЖИТС жұқтырғандардың көпшілігі әйелдер, енді бір елде есірткіқұмарлар, қайсыбірінде ауру жұқтырғандардың көпшілігі жас балалар екендігін анықтаған. Міне, мұның өзі ғасыр дертінің ойдан шығарылған індет екендігін аңғартса керек.

Статистиканы сөйлетсек…

ЖИТС індетінің дүниежүзін дүрліктіргеніне 30 жылдан асыпты. Кеңес одағында дерт дүрбелеңі өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғына таман басталған. Қалмақ АССР астанасы Элиста қаласындағы балалар ауруханасында емделіп жатқан науқастар әлдебір белгісіз инфекция-ны жұқтырғанын естіген мәскеулік дәрігерлер оларды тексеріп, 38 сәбиге «ЖИТС жұқтырған» деген қорқынышты диагноз қояды. Кешікпей Дондағы Ростов пен Волгоград қалаларында да осындай оқиға тіркеледі. Ауырғандар тағы сәбилер.
Ал Қазақстанда АИТВ жұқпасы алғаш рет 1987 жылы тіркелсе, Астанада 1997 жылы анықталған. Елордада өткен жылы АИТВ-ны жұқтырған 99 науқас тіркелген. Жүкті әйелдер арасында АИТВ-ны жұқтырудың 11 жағдайы анықталған. Былтырғы статистика осы сырқатқа душар болғандардың 59,6 пайызы жұмыс істемейтіндер, 21,2 пайызы жұмыс істейтіндер екенін көрсеткен.

«Науқастардың ішінде ер адамдар басым. Өткен жылы АИТВ жұқпасына шалдыққандардың көпшілігі – 20-39 (82,9%) жас аралығындағы азаматтар. Соңғы жыл­дары бұл сырқаттың жыныстық жол­мен берілу үлесі артып отыр», – дейді орталықтың эпидемиолог-дәрігері Қарлығаш Күзембаева.

Астана қаласында індетті жағдай­ға миграциялық үдерістің де айтар­лық­тай әсері бар көрінеді. Былтыр тір­келген АИТВ жұқтырғандар ара­сын­да елордада тұрақты немесе уа­қытша тұруға келген шет ел азамат­тары, соның ішінде алыс-жақын мемлекеттерден келгендер 10,1 пайызды құрап отыр.

АИТВ – үкім емес

Бүгінгі таңда ЖИТС-тың аса қауіпті ауру ретінде аталатыны соншалық, осы атаумен бірге өлім қатар жүретіндей дәрежеге жетті. Жұртшылықтың ойынша, ЖИТС жұқтырдың ба, әрі кетсе, бір-екі жылда өлуің керек. Адамдар бұл сырқатты солай қабылдайды. Әрине, бұл дерттің дауасы жоқ. Ол жазылмайды. Бірақ АИТВ жұқпасын жұқтырған алғашқы кезеңде, яғни, ауру ЖИТС (СПИД) синдромына жетпей тұрып, оны асқынтпай, тұрақты ұстап тұруға болады. Адам салауатты өмір салтын сақтаса, өзін-өзі күтсе, иммунитетін қорғай білсе, АИТВ жұқпасымен ұзақ өмір сүруге болады. «Көпшілік АИТВ-ны өлімнің үкіміндей көреді. Халыққа сырқаттың мән-жайы, сақтану тәсілдері және қандай жолдармен қалай жұғатыны жөнінде сауатты ақпарат жетпей жатыр. Біз­дің мақсатымыз – бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы жұрт­шылыққа АИТВ мен ЖИТС туралы толыққанды ақпарат беру», – дейді журналистерге арналған семинар-тренинг кезінде «ЖИТС-тың (СПИД-тің) алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МККК бас дәрігерінің орынбасары С.Мусина.
Мамандардың айтуынша, АИТВ жұқпасын жұқтырғандардың сау адамдардан айырмасы болмайды. Ауру алғаш жұққан кезде адамда тұмауға ұқсас белгілер пайда болуы мүмкін. Кейбіреулерде тіпті ешқандай да клиникалық нышан байқалмайды екен. Сондықтан да АИТВ анықталған науқастардың көпшілігі өз диагнозына сенбейтін көрінеді, тіпті, мойындамайтындар да бар. «Оларды ең алдымен қорқыныш билейді. Қоғамнан алас-татылып қаламын деп үрейленеді. Дертке шалдыққан адам ең бірінші өз үрейін жеңе білуі керек. АИТВ – ЖИТС-тің ең алғашқы сатысы. Оны ЖИТС-ке жеткізбеу үшін адам тұрақты түрде қан тапсырып, тексеріліп, дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындап отыруы керек. Сонда ғана сырқат адамның ұзақ өмір сүруге кепілдігі бар», – дейді мамандар.

АИТВ жұқтырған адамдардың құқығы сау адамдармен бірдей. Бұл ту­ралы «Халық саулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» Кодексте тайға таңба басылғандай анық жа­зылған. Оларды сырқаты үшін шет­тетуге, жұмыстан шығаруға, қыз­метке алмай қоюға, ортадан алас­татуға, мектептен шығарып жібе­руге ешкімнің де құқысы жоқ. Олар да ел қатарлы білім алып, жұмыс істеу­ге хақысы бар. Ал егер ауруды меди­цина­лық қызметкерлердің салғырт­ты­ғы­нан жұқтырса, онда сот органдарына шағымдануына болады.

Індеттен сақтанудың жолы

АИТВ жұқпасы немесе ЖИТС синдромы туралы талай айтылып, жазылып жүр. Соған қарамастан осы сырқатқа шалдыққандардың қатары көбейе түскен. Не себепті? Мамандардың пікірінше, мұндай ақпаратқа көпшілік: «маған қатысы жоқ» деген көзқараспен қарайды екен. Осындай немқұрайлылық ауру­дың тара­луына бірден-бір себеп болып отыр. «Біз әлі күнге «АИТВ жұқ­пасы есірткіқұмарлар мен жез­өкше­лерде ғана болады» деген жаң­сақ ойдан арыла алмай келеміз. Ста­­тис­­ти­каға көз жүгіртсек, керісін­ше, осы топтағы адамдарда АИТВ жұқ­­па­сы көп таралмаған. Өйткені, есірт­кі­құ­мар­лар, жезөкшелер дерт­тен сақтанудың жолын жақсы мең­гер­ген. Ал, басқалар қарапайым сақ­та­ну­дың жолын да есіне ала бер­мейді. Сон­дықтан әр адам өзін, жақын адам­дарын ғасыр індетінен қор­ға­ғысы келсе, АИТВ туралы біле жүрге­ні артық болмайды», – дейді эпи­де­мио­лог-дәрігер Қарлығаш Күзембаева.

Сонымен дерттен сақтанудың жолы қандай? Бірінші, өзіңізге жете таныс емес, кездейсоқ біреумен жы­­ныс­тық қатынас жасаудан аулақ болыңыз. Біреудің қолданған шпри­цін, қырынуға арналған заттарын қол­данбаңыз. Татуировка, персинг, мани­кюр, педикюр жасатқан кезде ине­лердің залалсыздандырылуына айрықша мән беріңіз.

Тіс емдетуге барған кезде де құрал-сай­мандардың тазалығын қадағалау­ды ұмытпаңыз.

АИТВ жұқпасы: жәндіктер шақ­қанда, қол алысып құшақтасқанда, монша, ванна, бассейн, дәретхананы бірге қолданғанда, төсек-орын, ыдыс-аяқ сынды тұрмыстық заттарды бір­ге пай­даланғанда және түшкіріп жөтелгенде жұқпайды.

Осы аурудан сақтанып, ақыл-ке­ңес алғысы келген адамдарға елор­­да­­дағы ««ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталы­ғының» дә­рі­герлері қол ұшын беруге әр­дайым әзір. Бұл орталықта Достас­тық кабинеті, Сенім бекеті, Психо-әлеумет­тік кеңес беру және жасырын тестілеу кабинеті мен заманауи құрыл­ғы­лар­мен жаб­дықталған зертхана жұмыс істейді. Мұнда АИТВ жұқпа­сын анықтауға қан тапсырып, 15 минут­тың ішінде нәтижесін алуға да мүмкіндік бар.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − seven =