«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дау сотқа жетпей-ақ шешілсе…

0 70

2021 жылдың соңында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Без названия

Заңға енгізілген өзгерістер азаматтық процестік заңнаманы жетілдіруге, оның ішінде азматтардың сот шығындарын азайтуға, татуласу рәсімдерінің қолдану аясын кеңейтуге және дауларды сотқа дейінгі реттеу мәселесін қолға алуға бағытталды.

Нақтырақ, дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамыту мақсатында Азаматтық процестік кодекс­ке сотқа дейінгі хаттама енгізу және  істі өндіріске қабылдау сатысында тараптардың дәлелдемелерді ұсыну міндеті туралы жаңашылдық енгізілді. Бұл бағыт азаматтық даулар бойынша істің мән-жайын толық ашып, баға беруге кепілдік береді.

Яғни, Азаматтық процестік кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі.

Сондай-ақ тұлға істі сот талқылауына дайындау барысында не сот талқылауы барысында ашылған және сотқа дейінгі хаттамада көрсетілген дәлелдемелерге ғана сүйенуге құқылы.

Алайда бұл қосымша дәлелдемелер кейін мүлде қабылданбайды деген түсінік емес. Дәлелдемелерді ұсынған тұлғалар оларды істі сот талқылауына дайындау сатысында ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе, дәлелдемелер сот талқылауы сатысында және бірінші сатылы сотта ұсынылмаған  дәлелдемелер апелляциялық сатыдағы сотқа да ұсынылуы мүмкін.

Бұл өзгерістер ағымдағы жылғы 5 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіліп,  сотқа дейінгі хаттама арқылы тараптардың дәлелдемелерді келтіру жұмысы да басталып кетті.

Жаңашылдық аясындағы жұмыс тәртібіне тоқталсақ.

Сотқа арыз келіп түскеннен соң сот тараптарды заң нормаларына сәйкес татуластыру рәсіміне қатысу үшін шақырады және сотқа дейінгі хаттаманың үлгісін қоса жолдайды. Даулы мәселеге қатысты дәлелдемелер келтірілген сотқа дейінгі хаттама сотқа түскеннен кейін, татуластырушы-судья тараптарға дауды бейбіт жолмен шешудің баламалы тәсілдерінің мүмкіндіктері мен тиімді тұстарын түсіндіреді.

Егер тараптар дауды сотқа дейінгі хаттамасыз ортақ мәмілеге келіп аяқтаймыз деп шешсе, сот 10 күн ішінде істі қарауға тағайындайды. Ал дауды сотқа дейінгі хаттама толтырып, бітіммен аяқтайтын болса, сот 15 күннен кешіктірмей азаматтық істі қарауға тағайындайды.

 Жыл басынан бастап бір айдың ішінде елорда соттарына келіп түскен талап қою­лар бойынша 27 сотқа дейінгі хаттама рәсімделген және осы даулар татуласу рәсімдерін қолдана отырып қысқартылған.

Сотқа арыз жазып, кейін сол дауды ортақ мәмілеге келу арқылы шешіп жатқан тараптар да аз емес. Мысалы, 2021 жылы елорданың бірінші сатылы соттарында қаралған даулар бойынша 764 іс бейбіт  келісіммен, 3 363 іс медиация арқылы және 7 іс партисипативтік жолмен, яғни екі тараптың адвокаттарының келісімге келуімен аяқталды. Сондай-ақ апелляция­лық сатыда 24 іс бейбіт келісімге келумен, 115 іс медиативтік келісім жасасумен аяқталды.

Ботагөз БАЯНОВА, Нұр-Сұлтан қаласы

сотының баспасөз хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды