ДӘСТYРЛI САУДА ЖОЙЫЛА МА?

0 222

1371718181_internet-magazin-odezhdy

Ұлыбританияда дүкендер саны неге азайды?

Бүгінде екінің бірі онлайн-дүкендердің тұрақты тұтынушысы болып алды. Кез келгеніміз әлеу­меттік желілер арқылы киімнен бастап, техника, азық-түлікке дейін тапсырыс беріп жатамыз. Мәселен, «lamoda.kz», «quelle.kz», «klassmag.com», «bonprix.kz», «Arbuz.kz», «Planeta.kz», «Technodom.kz» секілді сервистік сайттар өте көп.

 ACNielsen компаниясының есептеуінше, 2006 жылы жер бетін­дегі он адамның бірі интернет ар­қылы тауар сатып алыпты. Бұл деге­ніңіз – 627 миллион адам. Сондай-ақ, Ұлыбританияның 500 қаласында жүргізілген зерттеу барысында интернеттік сауда желісі дамыған сайын дәстүрлі сауда ауқымы азая түскені анықталыпты. Нақтырақ айтсақ, дәл осы жылдардың өзінде ондағы сауда дүкендері 6 пайызға азайған. Есесіне тұтынушы халық қаржы мен әр минуты қымбат уақытты үнемдеу үшін интернет-саудаға жүгінеді екен.

Интернет-дүкендер қалай пайда болды?

Интернет-дүкенді 1994 жылы америкалық Джефф Бизос ойлап тапқан. Алғашында онда тек қана кітаптар, аудио, видео таспалар мен дискілер сатып алуға болатын.  Жыл өткен сайын тауар түрі көбейе бастаған. Соның нәтижесінде, 2004 жылы әлемдегі интернет-дүкендерден жасалған сауда миллион долларды құраса, 2005 жылы ондаған миллион доллар болған. 2006 жылы жүз миллион долларға жеткен. Зерттеушілердің айтуынша, алдағы уақытта интернет сауда одан әрі дами бермек.

Халыққа бұл сауданың пайдасы бар ма?

Расында да, интернет-дүкендер тұтынушы үшін тиімді. Біріншіден, виртуалды дүкеннен ұнаған тауарды үйде отырып-ақ сатып алуға болады. Түрлі супермаркеттерге, сауда орталықтарына барудың, уақыт пен күш жұмсаудың қажеті жоқ. Кейде бірнеше  дүкенді аралап шыққанмен, қалаған затты таба алмайтын сәттер болып жатады. Ал, интернет-дүкенде бәрі оңай – монитор алдында еш қиналмай қалағаныңызды таңдай аласыз. Яғни, үйде отырып-ақ тапсырыс беріп, уақытыңызды үнемдейсіз. Екіншіден, сатып алған затты үйге немесе алуға ыңғайлы мекенжайға жеткізіп салу қызметі бар. Үшінші тиімділігі, интернет-дүкендердегі тауарлар арзанырақ түседі. Қалай дейсіз ғой? Мұның себебін түсіндіру қиын емес. Тауар дүкенге көптеген делдал арқылы жетеді, сәйкесінше баға да әр қолдан өткен сайын қымбаттап отырады. Ал, интернет арқылы тапсырыс берер болса, тауар тікелей қойманың өзінен жеткізіледі және үстеме баға тек жеткізіп беруге ғана қосылады. Бір сөзбен айтсақ, мұндай сауда же­лісіндегілер тауарды тізіп қойып, сататын орын жалдамайды. Яғни, айталық, үлкен сауда орындарынан бутик алып, оның салығын төлеп, онда бірнеше сатушы ұстап шығындалмайды. Соның арқасында тұтынушыға да төменірек бағада тауар алуға мүмкіндік туады.

Зияны қандай?

Десек те, дәстүрлі саудаға қара­ғанда интернет-дүкендердің теріс тұстары да бары анық. Біріншіден, дүкен аралау, сауда жасау – кейде адам­ның ойын сергітетін нәрсе екені ақиқат. Кейбір әйелдер, мысалы, дүкен аралап, соңғы шыққан киім үлгілерімен немесе басқа да зама­науи тауар түрлерімен танысып отыруды өздеріне хобби санайды. Жұмыстан шаршағанда, отба­сы­ның күйбеңінен бір сәт арылу­ды көздегенде бұның пайдасы барын психологтар да жоққа шығар­май­ды. Демек, сіз интернет-дүке­ннің тұтынушысы болсаңыз, осы мүм­кіндіктен айырылатыныңыз хақ.

Екінші тиімсіз жағы. Бұл монитордан дүкен тауарларына қаншама зер салып қарағанмен де, ол қолмен ұстап, киіп көргендей болмайды. Сіз таңдаған тауарыңыздың түсі, матасы, тіпті өлшемі дәл ойы­ңыз­дағыдай шығатынына  сенімді бола алмайсыз.

Үшінші тиімсіз тұсы, дүкендегі тауарды барып, сол заматта сатып алып, тұтынуға болатын болса, интернет-дүкендердің тауарларын тапсырыс бергеннен кейін күтуге тура келеді. Бұл, әрине, әр дүкенде әр түрлі мерзімге белгіленуі мүмкін. Ең тиімсіз тұсы, егер сіз алдын ала құнын төлеген болсаңыз, келген тауарды ұнатпаған жағдайда оны қайтарып, ақшаңызды алғанша біраз машақатты көресіз.

Интернет саудасы Қазақстанда қалай дамыған?

Онлайн-дүкендердің өкілдері айтып жүргендей, тауарды жет­кізіп беру қызметі қазіргі кезде тек қалалы жерлерде жақсы дамып отыр. Қазақстанда да солай. Алайда, бұл – еліміздің ауыл-аймағындағылар онлайн-дүкеннің тұтынушысы бола алмайды деген сөз емес. Шет-шалғайдағы тапсырыс берушілерге қазіргі күні «Қазпошта» қызметі арқылы тауар жеткізіліп беріледі. Осында айта кететін бір қызық мәлімет: бүгінгі күні интернет ар­қылы сауда-саттықта тасымалданатын ең өтімді тауар кітап болып отыр екен. Яғни, көпшілік қолы жетпей жүрген кітаптарын, әсіресе, шет елдерден шығып жатқан бас­па өнімдерін интернет арқылы тапсырыс беріп, алып отырған көрінеді. Одан кейін, интернет арқылы өтімді болып отырған тауар түрлері – DVD мен видеоойындар. Киім-кешек бұл қатарда үшінші орынды алады.

Уақыт көші алға жылжыған сайын бұл сала қызу қарқынмен дамып келе жатыр дейді білетіндер. Мысалға, 2012 жылғы зерттеу бойынша, 128 миллион адамның шетелдердегі және өз еліндегі онлайн-дүкендер арқылы киінетіні анықталған.

ТҰТЫНУШЫ ПІКІРІ

Жансая Әлімбаева, студент:

– Онлайн-дүкендер ірі компаниялар мен танымал брендтер тауарларын үлкен жеңілдіктермен сатады. Үйде отырып-ақ бренд киімдерді ала беремін. Көбінесе, дүкендердегі тауарлар көңілімнен шықпайды. Ондағы тауарлар дүкендегілерге қарағанда 10-15 мың теңге арзан.

 

Рая Жақсыбаева, медбике:

Қазір заман талабы жылдамдықты талап етеді, уақыт үнемдеу керек. Міне, осы кезде керек-жарағыңды тапсырыс арқылы алып отырғанға интернет-дүкен – таптырмас мүмкіндік. Бірақ, сатып алған көйлегім дәл суреттегідей болмай қалған кездер болды. Қайтарып беруге болар еді,  уақыт жоғалтып, әуре болғым келмеді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 3 =