Дәстүрлі шара жалғасын тапты

0 62

Биыл да елордада көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан және мүмкіндігі шектеулі ұл балалардың мұсылмандық парызын өтеуге арналған «Сүндет-2020» шарасы өткізілді. 21-22 тамызда өткен шара барысында мамандар 100 баланы тегін қызметпен қамтыды.Мұсылман әдет-ғұрпын елордалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың өзі бастап берді. Ең алғаш болып ол 3 жасар Аңсар есімді астаналық баланы сүндетке отырғызды. Хирургиялық рәсімнен кейін Аңсардың ата-анасын ұлдарының нағыз ержігіт болуымен құттықтады.
– Сүндетке отырғызу мұсылман отбасынан шыққан әр ұл бала үшін есеюдің ең алғашқы кезеңі десе де болады. Баланы сүндетке отырғызып, қуанышын елмен бөлісу ата-ананың парызы болып есептеледі. Жүргізілген медициналық зерттеу жұмыстары сүндеттеудің ер адамның денсаулығы үшін көптеген пайдасы барын дәлелдеді. Міне, бүгін №2 қалалық балалар ауруханасындағы 6-операция бөлмесінде 2-3 баладан қабылданып, ер балалар сүндетке отырғызылуда, – деді басқарма басшысы.
Әйгерім есімді ана акция барысында жалғыз ұлын сүндеттеуге әкелді.
– Осы шараны қолдаған қала басшылығына, дәрігер мамандарға алғыс білдіремін. Биыл ойда жүрген шаруа еді. Себебі ұл баланы тақ сандағы жаста сүндеттейді. Биыл ұлымыз үшке толды. Неғұрлым ертерек сүндеттелсе жақсырақ болады, тез жазылады деп естідік, – дейді ол.
Бүгінде шараға қатысатын балалардың тізімі елорда әкімдігі және «Нұр Отан» партиясымен бірге жасалып қойды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай шаралар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =