«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ДӘСТҮРЛІ ӨТКІЗІЛМЕК

Алматы ауданы – 330 мың тұрғыны бар бас шаһардағы ең ірі әкімшілік аймақтың бірі. Кеше аудан тұрғындары үшін «Ашық әкімдік» іс-шарасы ұйым­дастырылды.

0 22

Бұл ауданда 6 мыңнан аса көпбалалы отбасы тұрады. Әрине, тұрмысы төмен, әлеуметтік қорғалуы нашар отбасыларға көмек көрсету – әкімшіліктің күн тәртібінен түспейтін, күнделікті атқарылып келе жатқан шаруалардың бірі. Алайда мына қабылдаудың жөні мүлде бөлек болды. Тұрғындар мамандармен, әкімдік басшыларымен жүзбе-жүз кездесіп, ашық диалог алаңын құрды. Сан-салалы сұрақтарын қойып, кейбірінің көптен шешімін таба алмай жүрген мәселелері табан астында орындалғанына риза пейілмен аттанып жатты.
Нұр-Сұлтан қаласының тұр­ғыны, көпбалалы ана Гүлзат Әлиакпарова бізбен әңгімесінде: «Ашық әкімдік» орайы келген іс-шара болды деп ойлаймын. Талап қойып, көшеге улап-шулап шыққаннан гөрі мына қадам дұрыс қой. Өткендегі ереуілде әбден жүйкеміз тозып, берекеміз кетіп қалды ғой. Міне, енді ашық пікірлесіп жатқанымыз қандай ғанибет! Мен «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы ақпарат алуға келіп едім. Табысың белгілі мөлшерден төрт жүз теңге асып кетсе, ілікпей қалады екенсің. Сол сауалыма жауап алсам деймін» деп ағынан жарылды. Тағы бір көпбалалы ана Нұрзина Тұмақова да іркілместен ойын ортаға салып: «Мен де баспана мәселесімен келген едім. Төрт балам бар. Бесінші балаға аяғым ауыр. «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша отбасымызбен Екібастұз қаласына көшсек пе деп едім. Көшіп-қонудан әбден қалжырап кеттік. Қалада пәтер жалдау өте қымбат, әбден титықтатып жіберді. Осы бағдарламаның ашылғаны жақсы бастама болған екен. Үй-жай, жұмыс, балабақшадан орын берсе, одан артық не керек?! «Ашық әкімдік» – жақсы бастама. Табалдырық тоздырып жүрмейсің. Мамандардың барлығы бір жерде шоғырланған» деп шынайы көңілін білдірді.
Иә, «Жақсыны көрмек бар» дейді дана халқымыз. Ендігі тілек жақсы басталған іс орта жолда қалып қоймаса екен. Көп тілегі – осы. Айтпақшы, білуімізше, «Ашық әкімдік» шарасы әр жұма сайын
ұйымдастырылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды