Дастарқанның берекесін берсін!

0 205

 Көп жылдардан кейін қайта жаңғырған мерекенің қуанышы бөлек болатын. Өйткені кеңес заманының күйіп тұрған кезінде де наурыз көже қайнататын қара қазанын оттан түсірмеген әжелеріміздің мерекені жоғалтпаған еңбегі қайтты. Сол күндерді еске алсақ, шағын ауылымыздың ақ жаулықты аналары табақтарына түрлі тамағын салып, әжемізге алып келетін. Оның шикісі қазанға түсіп, піскені дастарқанды толтыратын. Осылайша бас қосып, наурыз көжеден дәм татып, мәре-сәре болатын. Балалар да мәз-мейрам болып үлкендердің аяғына оратылып, мерекенің ортасында жүретін.

Осыдан көп жыл бұрын сол ауылға наурыз күндерінде жолым түсті. Бұрынғы дәстүр ұмытылмаған, ең бастысы әжелеріміздің замандастарының үшінші-төртінші ұрпақтары бас қосыпты. Үлкен қара қазан ошақта қайнап, көже пісіріліп жатты. Жиналған қауым көктемнің шуағына жылынып, қауқылдасу­да. Жас балалар өнер көрсетіп, сыйлығын алып жатты. Мен болсам мол жайылған дастарқаннан әжемнен қалған асты із­дедім. Ет тағамдарын тү­гендеп болып, сүттен жа­салатын құрт, ірімшік, қауынқұрт, балқаймақ, сүзбе, қатық, сары май сияқты тағамдарды, дәннен жасалатын майсөк, жентті іздедім.
Құдайға шүкір, бұл та­ғамдарды қалай жасауды жас келіндер ұмытпапты. Қайта кейбірінің құрамын түрлендіріп жеуге сүйкімді етіп жасайтын болыпты. Дегенмен ұлттық тағамдар неге тек қа­на наурыздың мерекелік дас­тарқанына қойылады? Құнарлы, адам ағзасына пайдалы тағамдарды күнделікті пайдалануымызға не кедергі болып жүр? Аз насихатталады ма, әлде бағасы қымбат па?
Соңғы кездері Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасының нұсқауы­мен өлікті ақтық сапарға ат­тандырудың тәртібі жарияланды. Халық та мүфтияттың сөзіне құлақ түріп, белгіленген шеңберден асып кетпейтін болды. Тіпті марқұмның садақасына жайылған дастарқанның ас мәзірін реттеп, тағамдардың тізі­мін жасапты. Оның ішінде жоғарыда аталған сүйікті тағамымыз түгел келтірілген. Бұл да жақсы шығар. Алайда күндер өте келе осы тағамдар тек мәзірдің асы болып қалып, жайшылықта желінбейтін дүниеге айналып кетеді ме деп қорқамын. Оған жеткізбес үшін ұлттық тағамдарымызды дәрумендер мен ақуыздарға бай, жоғары калориялы, құнарлы, маңызы зор тағамдар ретінде лайықты насихаттау керек. Көп бейнет пен таза табиғи өнімдерден жасалатын өнім болғандықтан, базардағы бағасы да арзан емес. Осы өнімдердің кейбірі өндірістік тауарға айналмағаны себепті, ұлт тағамдарын арнайы сататын бөліктерінде келілеп қойып, шетінен өлшеп беріп жатады. Та­уарды тартымды ететін оның орауы болса керек. Егер ұлттық тағамдарды лайықты насихаттағымыз келсе, оны да ескерген жөн. Онсыз да тағамның берекесі кетіп, аналары­мыз­дан қалған ас күнде­лікті дастарқаны­мызда емес, тәтті елес болып қалуы да әбден мүмкін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =