ДАСТАРХАН БАСЫНДАҒЫ ДӘРІСТЕР

0 912

Ерте замандарда адам баласының жылы ұясы болған отбасы құндылығы бүгінде девальвацияға айналып бара жатқанын байқауға болады.

Өкініштісі сол, батыстағы елдердің көпшілігін рухани дағдарысқа ұшыратып отырған осындай салтсыздық, дәстүрсіздік біздің де қоғамымызда қылаң беріп қалады. Жасының ұлғайғанына қарамай, тұрмыс құрмай, қызмет қуып, карьера жасап жүрген қыздарымыз, қырыққа толса да үйленбей, сұр бойдақ атанып жүрген ұлдарымыз соның дәлелі сияқты.

Жуырда психолог ретінде бір отба­сына қонаққа бардым. Мені шақырған кісі отыз алты жастағы қызының тұрмыс құрмай, қырықтан асқан ұлының үйленбей жүргенін айтып, соларға ықпал етуімді сұраған еді. Алайда, асүйде жайылған дастарханға үй иелері ұлын да, қызын да келтіре алған жоқ. Олар бір-бір тәрелкеге тамақ салып алды да, бөлмелеріне кіріп кетті. Аздан соң тамақтанып болған отағасы да тұрып, өз жайына кетті. Сонда дастархан басында екі адам ғана қалдық. Мен сонда бұл үйдің қасіреті дастарханды сыйлау дәстүрінің болмауында деп түсіндім. Үй иесіне де ертеректен осындай бірге отырып тамақтану, дастархан басында асықпай, шәй ішіп отырып, әңгіме-дүкен құру, тамақтан соң ас қайырылмай, үстелден тұрмау секілді ізгі салтты сақтамағандықтан, рухани байланыс әлсіреп кеткенін айттым.

Жалпы, әр отбасының ең басты байлығы – балалары болуға тиіс. Қоғамдағы отбасы институтының негізгі міндеті де – бала тәрбиелеп, елге дұрыс азаматтар өсіріп, қосу. Алайда, бүгін материалдық жағдай мен мәнсапты бірінші кезекке қойған замандастарымыздың көпшілігі ба­ланы отбасының байлығы деп сана­майды. Сол себепті, бұрынғы атала­рымыздай баласының санымен емес, дүниемен ғана мақтануға тырысады.

Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы бұрынырақта «бесік жырын жырлай­тын келіндеріміз, ертегі айтатын әжелеріміз азайып бара жатыр» деп налыған. Міне, сол қауіп бүгін өмірдің өз көрінісіне айналып отыр. Соның салдарынан дәстүрді сыйламайтын ұрпақ өсіп келеді. Балалар да ата-ана мейіріне қана алмай келеді. Өйткені, жас отбасылардың көбі сәбилерін бала бағушыға тапсырып қоя береді. Оның шыққан тегі мен алған тәрбиесіне қарамай, кім азырақ ақша сұраса, соған баласын сеніп тапсырады. Бұл, әрине, тұрмыстық тапшылықтан болуы мүмкін. Бірақ, менің психолог ретінде айтқым келгені, баланың тәрбиесі мен оның өсіп-қалыптасуы бірінші кезекте болуы керек.

Бұл орайда, тым болмаса, аптаның бір күні отбасына арналып, ас үй бәріміздің бас қосып, емен-жарқын отыратын ортамызға айналуға тиіс. Дастархан басы толмай, үй иелерінің балаларымен басы қосыла бермейтін отбасын адамның жылы ұясы деуге келмейді. Ал, отбасында жылылық көріп, мейірге қанып өспеген баладан мейірім күтуге болмайды.

Лимана ҚОЙШИЕВА,

психологиялық дағдарыс орталығының жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 18 =