«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

DAS IST FANTASTISCH! ФАНТАСТИКАЛЫҚ ЖЕҢІС!

0 200

Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының маусымның 22-сіндегі кештен 25-сіндегі түнге дейінгі есепті кезеңінде 9 матч ойналды. Оларда 34 доп қақпаға түсіп, әр матчта орта есеппен 3,77 голдан соғылды. Бұл – осы мундиальдағы ең жоғары көрсеткіш! Бұл аралықта 1 хет-трик, 4 дубль жасалды. Сондай-ақ бір ойыншы (Жером Боатенг) алаңнан қуылып, 28 футболшы ескерту алды. Тағы 5 пенальти белгіленіп, олардың 4-і жүзеге асырылды. Осымен бірге 2-турдың ойындары ойналып бітті. Командалар кеше кешке шешуші, үшінші турдың ойындарын бастап кетті. Чемпионаттың топтық турнирі дүрбі жолға түсті…

Бұл шынында фантастикалық ойын болды. Германияның ең берілген фанаттарының өзі матчтың соңғы ысқырығы естілгенше, оның 2:1 есебімен алмандар пайдасына шешілетінін дөп басып, дәл тауып, айтып бере алған жоқ. Күпшекті күшпен, жілікті жігермен өткен кездесудің нәтижесі ақырында әлем чемпиондарының мундиальмен ерте қоштасуын тоқтатты.
Бәлкім, 1-турда күтпеген жерден Мексикадан ұтылған германиялықтар бөдіретіне жүктелер міндеттің өте жауаптылығынан шығар, бұл ұшырасудың алдында оған қатысты айтылған болжамдарда да есеп болған жоқ. Солардың бірі – немістің танымал «Bild» газеті жаңа ойынға шығатын ойыншылардың кімдер болатынына көріпкелдік жасап бағыпты. Бірақ басылым байыбы  түгел тура келмеді.
Кезінде Сочидің өзіміз көрген «Фишт» стадионында жанкү­йерлерінің кең қолдауына көмілген Германия сосын ойынның басынан соңғы секундына дейін қарсы қақпа жаққа қарай лекілдете шапқылады да тұрды. Немістер бұрын тап осы кездесуде орын алғандай қолайлы сәтті тиімді пайдалана алмаушылықты бастан кешпеген шығар. Сол жойқын жорықтар барысында Себастьян Руди жарақат алып қалды да, бапкер оның орнына Илкай Гюндоганды қоюға мәжбүр болды. Соның артынша шведтер шабуылшысы Ола Тойвонен есеп ашып үлгерді. Сөйтіп, немістер ойламаған жерден жағдайды нашарлатып алды. Олар бұл доптың қарымтасын келесі тайм басталған бойда қайтарды. Бұған ойынның екінші бөлігінде Юлиан Дракслердің орнына шыққан Марио Гоместің қатысы болды. Ол алдымен Тимо Вернерден пас қабылдап, Марко Ройсқа асырды. Қапталдан келген допты шабуылшы сосын қақпаға бағыттай салды. Есеп осылай теңесті.
Немістер бұдан кейін қақпа алдындағы қауіпті сәттерді қаптатты. Бірақ бір жағдайда шабуылшының шеберлігі жетіспей жатса, тағы бір кездерде сәттілік айналып кетіп, доп тордың аумағына бармай қойды. Осы мәуріттерде Германия өзінің шын мәнінде үйіріп соғатын толассыз шабуылмен әдіптелген әлеуетін танытса, сол қолайлы мүмкіндіктерді голға айналдыра білмеуімен әлі бабына жете қоймағанын көрсетіп алды. Бұл мезетте шведтер шабуыл дегеннің не екенін ұмытты. Олардың оқта-текте бір қарсы жаққа ұмтылған қадамдары алаңның ортасынан әрі аса алмады. Соның артынша бундестим дауылды дүрбелеңге көшіп, скандинавтар қорғаған қақпаның апшысын қуырып тастап тұрды.
Германиялықтар осы тұста қарсыластарының осал тұстарын да тауып алды. Ол қорғаныстың оң қапталы екен. Сондықтан осы қанатпен жөңкіліп алға шыққан неміс жасағы қақпа алдындағы кезекті қауіпті сәттерге ерік беруге кірісті. Бұл қанатта Вернер шведтердің қор­ғаныс шебін қайта-қайта ту-талақай ете берді. Ұзаққа созыл­ған үздіксіз шабуылдар ара­сында тыныс алған мезгілдер бол­маса, ойын бір қақпаға бағытталған қалпынан ажыраған жоқ. Бірақ 74-минутта Швеция құрамасы құрамында алаңға Джимми Дурмаз шыққаннан кейін жағдай біршама өзгерді. Қапталмен құйғытып өткенді жақсы көретін жүйрік ойыншы келесі қанаттағы Эмиль Форсбергпен септесіп, екеуі ұзамай немістер дарбазасын алыстан кезектесіп атқылауға көшті. Немістер сосын өздері үшін қолайсыз бұл көріністі шектеуге күш салды. Сол дүрбелең барысында қорғау­шы Жером Боатенг швед Маркус Бергті арт жағынан тебемін деп, екінші мәрте «сары қағаз» алып қалып, алаңнан қуылып кетті. Бұл «манншафт» үшін оңай тиген жоқ. Соның ізінше кипер Мануэль Нойер айып добы ұрылған кезде сүрініп құлап, тура келген допты соңында ғана қайырып үлгерді.
Дегенмен, немістер ұжымдық ойынды бір қорғаушының кемдігіне қарамастан, тез қалпына келтіре білді. Алаңға 87-минутта шыққан Юлиан Барндт бірден екі керемет соққы жасап, қатарға тез қосылды. Бұдан әрі бундестим тағы «әткеншек тебуді» қайта жалғастырды. Қапталда Тимо Вернердің қайтпас қайсарлығы арқасында тағы бұрыштама белгіленді. Оны беруге келген Марко Ройс пен Тони Кроос қулықтарын асырып кетті. Алдымен Марко допты ақырын жылжытып, дәл қасындағы Тониге бере қойды. Өз кезегінде Кроос оны парашют тәріздес етіп ұшырып, шведтер қақпасының сол жақ бұрышына солқ еткізіп тастай салды. Гол! Есеп осылай 2:1-ге жетті.
Сөйтіп, F тобындағы Германия 2 матчта 3 ұпай жинап, Швеция­мен ұпай теңестірді. Ал бірінші орында 6 ұпайы бар Мексика келеді. Енді бәрін үшінші турда Корея – Германия, Мексика – Швеция арасында өтетін ойындар шешеді.

 

Қысқа-нұсқа

* Маусымның 25-не дейін чемпионатта 32 матч ойналды.

*  Бұл ойындарда ең көп кездескен есеп – 1:0. Ол 10 рет тіркелді.

* 32 матчта 85 гол соғылды. Әр матчқа орта есеппен – 2,65 доптан.

* Осы аралықта 2 футболшы алаңнан қуылып, 97 рет ескерту берілді.

* 32 матчты 1 407  671 адам көрді. Бұл – әр кездесуде орта есеппен 43 987 көрермен болды деген сөз.

* Жанкүйерлер «Лужникиде» ойналған Ресей – Сауд Арабиясы, Германия – Мексика, Португалия – Марокко арасындағы ойындарды 78 011 адам тамашалады.  Бұл – ең жоғарғы көрсеткіш.

* Ең аз көрермен Екатеринбургте өткен Египет – Уругвай арасындағы кездесуде тіркелді. Оған
27 015 адам жиналды.

* Осы кезге дейін қақпаға 16 пенальти белгіленіп, олардың 13-і голға айналды. Бір допты қақпашы қағып алды, екі футболшы қақпадан биік жіберді.

* Чемпионатта 2 хет-трик, 8 дубль жасалды,  5 автогол соғылды.

 

Турнир таблосы

2-тур

22 маусым

Санкт-Петербург. Бразилия – Коста-Рика 2:0  Голдар: Филиппе Коути­ньо (90+1), Неймар (90+7)
Волгоград. Нигерия –Исландия 2:0Голдар: Ахмед Муса (49, 75)Салынбаған пенальти: Гильфи Тор Сигурдссон (83, қақпадан жоғары)

23 маусым

Калининград.

Сербия – Швейцария 1:2Голдар: Александар Митрович (5) – Гранит Джака (52), Шердан Шакири (90)
Мәскеу, «Спартак». Бельгия – Тунис 5:2 Голдар: Эден Азер (6, пенальти, 51), Ромелу Лукаку (16, 45+3), Миши Батшуайи (90) – Дилан Бронн (18), Вахби Хазри (90+3)

Дондағы Ростов.
Корея – Мексика 1:2 Голдар: Сон Хын Мин (90+3) – Карлос Вела (26, пенальти), Хавьер Эрнандес (66)

24 маусым

Сочи. Германия –Швеция 2:1 Гол: Марко Ройс (48), Тони Кроос (90+5) – Ола Тойвонен (32)

Нижний Новгород.Англия – Панама 6:1  Голдар: Джон Стоунс (8, 40), Гарри Кейн (22, пенальти, 51+2, пенальти, 62), Джесси Лингард (36) – Фелипе Балой (78)

Екатеринбург.

Жапония – Сенегал 2:2 Голдар: Такаси Инуи (34), Кейсуке Хонда (78) – Садио Мане (11), Мусса Ваге (71)

25 маусым

Қазан. Польша –Колумбия 0:3Голдар: Ерри Мина (40), Радамаль Фалькао (70), Хуан Куадрадо (75)

Мергендер көші

Гарри Кейн (Англия)
Криштиану Роналду (Португалия)
Ромелу Лукаку (Бельгия)
Динис Черышев (Ресей)
Диего Коста (Испания)

Артём Дзюба (Ресей)
Миле Единак  (Австралия)
Лука Модрич  (Хорватия)
Филиппе Коутиньо  (Бразилия)
Ахмед Муса  (Нигерия)
Эден Азар  (Бельгия)
Джон Стоунс  (Англия)

Бұдан бөлек, 51 ойыншы бір-бір голдан соқты

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды