ДӘРІС

0 101

Кеше Президент елордадағы №64 мектеп-лицейде оқу озаттарымен кездесті. Жаңа оқу жылы басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық олимпиада, интеллектуалды ойындар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарына «Жаңа қазақстандық патрио­тизм» тақырыбында дәріс оқыды.

 

Мемлекет басшысының дәрісін тыңдауға елордалық мектептердің 11-сынып оқушылары қатысты. 22 оқушының бәрі – оқуда, спортта және шығармашылық жұмыстарда үздік көрсеткіштерге қол жеткізген шәкірттер.

Биылдан бастап мектеп бағдар­ламасына «Қазақ елі» атты пән енгізілгені белгілі. Пәннің бірінші сабағы патриоттыққа арналуда. Сонымен, През­идент тәуелсіздік жылдарында туып өскен оқушыларға арнап алғашқы патриоттық сабағын бастап кетті. «Бүгінде елімізде 7700 мектепте 2,5 млн бала тәлім-тәрбие алуда. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі қыруар жұмыс атқарылды. 1 қыркүйекте 77 жаңа мектеп, соның ішінде 5 Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды, ал жыл соңына дейін тағы 82 оқу орны берілетін болады. Мұндай жағдай бұған дейін Қазақстанда болған емес. Биыл тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл толады. Сендер тәуелсіздік жылдарында туып-өскен бақытты ұрпақсыңдар» деген Президент өз сөзінде тәуелсіздік ұғымының қаншалықты қымбат екенін түсіндірді.

Елбасының айтуынша, тәуелсіздік жылдарында елімізде 6 млн бала дүниеге келген. Тәуелсіздіктің алтын бесігінде, азаттықта туып-өсіп, енді мектеп бітіргелі отырған түлектерге: «Сіздер арқылы барлық Қазақстанның оқушыларымен кездесіп отырмын деп есептеймін. Биылдан бастап енгізілген «Қазақ елі» пәні аясындағы патриоттық сабақтың бірінші дәрісін сендермен өткізіп отырмын» деді Н. Назарбаев.

Шүкір, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімізді ауыз толтырып айтуға болады. Мемлекет басшысы Қазақстанның табыстары жөнінде айта келе, алдағы мақсат-міндеттермен де бөлісті. «Былтыр Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын жарияладым. Бұйыртса, 37 жылдан кейін сол уақытта сендердің нағыз жұмыс істейтін кездерің болады. Осы жылдардың ішінде біз ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіміз керек. Қазір Қазақстан орташа дамыған елдердің қатарында. Жалпы ішкі өнім бір адамға шаққанда 12 мың доллардан асады. Басқа мемлекеттерде, мысалы, Германия, Жапония, АҚШ-та 60-70 мың долларды құрайды. Әрине, тек осы көрсеткішпен саналмайды. Олардың қатарына кіру үшін алдыңғы қатарлы білім, ғылым, денсаулық жүйесі болу керек. Біз алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз. Сіздер осы мақсатқа қол жеткізуге үлес қосасыздар» деген Елбасы бұған дейін елдің қиын жағдайда өмір сүргенін, Кеңес одағынан бөлініп шыққан кезде экономикамыз тұралап қалғанын, зейнетақы, жалақы төлеуге қаражат болмағанын, «Қазақстан ел бола алмайды, өзі көпұлтты, түк шықпайды» деген сарапшылардың сан саққа жүгірткен болжамын жоққа шығарып, бірліктің, қажырлы еңбектің арқасында Қазақстанды танытқанымызды оқушылардың есіне салды. Міне, отансүйгіштік – еңбектен басталады. Президент «Отансүйгіштік» дегеннің неше түрлі түсінігі бар. Әркім әртүрлі түсінеді. Тек қана отанына еңбек еткен адам – патриот. Жұмыс істемейтін жалқаулар патриот бола алмайды. Сендер үшін Отанға қызмет ету – оқып, білім алу» деді.
Білімнің қаншалықты рөл ойнайтынын Президент шетелдердегі жағдаймен пайымдап берді. Мәселен, жерасты табиғи байлықтарынан мақұрым Оңтүстік Корея, Швейцария, Сингапур секілді елдер – бай мемлекеттер. Өйткені, озық технологияның, ақыл-ойдың, ғылымның дамуы арқасында көптеген елдерді басып озды. Бүгінде медицинаның соңғы жетістіктері аталмыш елдермен тікелей байланысты.

Нұрсұлтан Назарбаев сабақ барысында оқушылардан «патриоттық» сөзін қалай түсінетінін сұрады. Аталмыш мектептің оқушысы Нұрболат Сансызбай: «Шынайы патриотизм еңбек арқылы қалыптасады. Бұл ойды сіздің «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақалаңыздан ұқтым. Сонда сіз еңбек адамы мемлекеттің ең басты байлығы болатынын жаздыңыз. Мен үшін отаншылдықтың ең басты көрінісі – туған елді өркендету үшін еңбек ету деп түсінемін. Нағыз отаншылдықты сіздің еңбегіңізден көреміз. Біз де болашақта Сіз сияқты халқымыздың перзенті болуға ұмтыламыз» деп жауап берді. Мадияр Бақытжан есімді оқушы «Пат­риотизм – ертеңгі еліңнің игілігіне жұмсалатын білім жинау» екендігін айтты.

– Сіз «Болашақ» бағдарламасы арқылы жылдар бойы Қазақстан жастарын әлемнің ең белді деген жоғары оқу орындарында оқыттыңыз. Назарбаев университетін ашып, дәл сондай білімді Астанада алуға жағдай жасадыңыз. Менің ойымша, Қазақстанның әрбір жас түлегі Назарбаев университетінде оқуды армандайды. Патриотизм дегеніміз – өз еліңнің жасампаздығы мен мүмкіншілігіне сену, оны арттыра білу, – деп сөзін одан әрі жалғастырды. «Менің ойымша, нағыз отаншылдық – ұрпақтың болашағын өз қолыңмен жасап, олардың балалық шағын бақытты ету. Еліміз бойынша жүздеген мектептер салынып, олар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Астанамыздағы оқушылар сарайының өзі қандай керемет!» деген Дильшат Ахмет Президентке алғысын білдірді. Оқушылар Елбасының сабағында үндемей қалуды жөн көрмеді, бар білетіндерін жарыса ортаға салды.

Олардың ой-пікірін тыңдаған соң, Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айтқан жаңа қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Елдегі әр саладағы шаруалардың жай-күйін баяндады. Туған елге деген сүйіспеншілік, қазақстандық патриотизмнің негіздері туралы айта келе, «Сендер патриотизмнің өз жеріңе, туыс-туғандарың мен жақындарыңа, халық пен ел игілігі үшін жұмысқа деген сүйіспеншілік ретіндегі түрлі ұғымын ашып бердіңдер. Отанға деген сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Мемлекеттік Ту халқымыздың дәстүрлерін айшықтайды. Сондай-ақ, алға қойған барлық мақсатымыз бен міндетімізге қол жеткізуге деген жас ұлттың ұмтылысын бейнелейді. Жұлдызды шаңырақ бейнеленген Елтаңба біздің ортақ үйіміздің символын білдіреді. Бұл – бейбітшілік пен туған жерді қауіп-қатерден қорғаудың ежелгі үлгісі. Айта кеткен жөн, патриотизмнің ерекше көрінісі ретінде еліміздің табысты дамуының символы болып саналатын елордамыз – Астананың орны бөлек» деді. Елбасы Астана туралы да сүйсіне айтты. Сонымен қатар, жас буынға патриоттық тәрбие беруде өз еліміз бен туған өлкенің тарихын оқыту маңызды екенін атап өтті.

«Өмірде алға қойған мақсатыңа, табысқа жету үшін денің сау болуы керек. Денсаулықты жас кезден сақтаған жөн. Денсаулығың болмаса, бұл өмірде ештеңе керек емес» деген Президент өзінің күн тәртібімен де таныстыруды ұмытпады.

Елбасының күн тәртібі таңғы алты жарымда жаттығу жасаудан басталады екен. Бір сағат таңертеңгілік жаттығуды ауыр фитнеспен аяқтайды. Содан соң суға шомылып, жұмысқа барады. «Мүмкін, маған бұл керек емес шығар, бірақ осы тәртіпке үйреніп алдым. Жексенбіде бір күн демаламын. Мұндай тәртіпке дағдыланғаннан кейін, онсыз өмір сүре алмайсың» дей келе, Президент балалардың білімін жетілдіруде Толстой, Чехов, Бальзактың шығармаларын оқуға кеңес берді. Әлеуметтік желілерде отырмай, кітапқа көңіл бөлу керектігін аталық ақылмен жеткізді.

Сонымен, бір сабақтың ішінде біраз нәрселер айтылды. Саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалдан бастап, тіл, салт-дәстүр, тарих мәселесі де шет қалмады. Елбасынан дәріс алған оқушылар бүгінгі күннің жауаптылығын ұғынды. Жаңа қазақстандық патриотизмнің қандай болу керектігін Президенттің өз аузынан естіді. Сабақ соңында оқушылар Елбасының сөзіне жазылған «Менің елім» әнін шырқап, естелікке суретке түсті.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 10 =