Дәрiнiң қадiрiн ауырған бiлер

0 84

«Ұлттың саулығы – елдiң болашағы» дегендi үнемi айтып жүретiн Елбасы Н.Назарбаев бұл салаға айрықша назар аударып келедi. Тек қана соңғы жылдары Астанада заманауи құралдармен жабдықталған ауруханалар мен емханалар көптеп ашылуда. Онда жоғары бiлiктi мамандар жұмыс iстейдi. Дегенмен, әлi де болса аурулардың саны азаймай тұр. Емханаларға баратын адам да көп.
Биыл үкiмет диспансерлiк есептегi науқастарға бiраз дәрiлердi тегiн босататын болды. Бұл, әрине, үлкен көмек. Ол үшiн рахмет айтамыз. Қалай болғанда да, дәрiнiң қадiрi мен құнын ауырған адам ғана бiледi. Менiңше, осы дәрiлердi жазып беру мен оны бо­сатуды әлi де жетiлдiруге болатын сияқ­ты. Кейде емдеушi дәрiгер жазып берген дәрi тегiн босатылатын дәрiлердiң тiзiмiнде болмай шығады. Мұндай жағдайда дәрiхана қызмет­керлерi оны тiзiмде бар басқа дәрiмен ауыстыруға болатынын айтады. Сонда қайсысының ұсынысын қабылда­рымызды бiлмей, дал боламыз. Дә­рiгер өзiнiкiн дұрыс деп есептейдi, ал дәрiхана тiзiмде жоқ деп дәрiнi босатпайды.
Мысалы, менiң жүрегiм ауырады. Соған шипалы дәрiлердi тiзiмге кiргiзуге болмай ма екен немесе дәрi­гер тiзiмде бар дәрiнi неге жазып бермейдi?
Халықта мынадай сөз бар: бұрын дәрiхана дәрiгерге қызмет жасайтын, ал, қазiр керiсiнше. Бұдан кейiн осы халықтың айтып жүргенi дұрыс шығар деген ойға келесiң.
Онымен қоса әр жылдың басында бiр-екi ай тиiстi дәрiңдi «әлi тiзiм жоқ» деген сылтаумен босатпайды. Амал­сыздан бiр қорабын сатып аласың. Сосын жартысы пайдаланылмай, үйiңдегi «кiшкентай дәрiханаңда» бостан-босқа жатады. Осындай артық дәрiлердi әрбiр үйден кездестiруге болады. Дәрiхана неге адамға қанша керек болса, сонша босата алмайды? Егер де елiмiз бойынша  дәрiлердi тұтыну есебiн жүргiзетiн болса, менiң ойымша, сатылған дәрiлердiң кемiнде төрттен бiр бөлiгi пайдаланылмай қалатынын анықтар едi. Бұл дегенiңiз – үлкен қаржы, онымен қоса, емделушiнiң босқа жiберген ақшасы. Әсiресе, жекеменшiк дәрiханалар дәрiнi бизнеске, ақша табу құралына айналдырған. Бiз қаржы жағынан бай елдiң қатарына жатпаймыз ғой. Үкiмет те, емделушi де қаржысын үнемдi пайдаланғаны дұрыс шығар. Үкiмет пен Денсаулық сақтау министрлiгi осы жағына көбiрек көңiл бөлсе, бәрiмiз де ұтар едiк.

Еркiн ДӘУЕШҰЛЫ,
қала тұрғыны

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − eighteen =