Дәрігерлерге қандай қолдау бар?

0 80

Пандемия кезінде індетпен күреске жұмылдырылғаны үшін медицина қызметкерлеріне бұған дейін берілген үстемақы биыл 1 қазаннан бастап жойылады. Соның орнына аталған күннен әрі қарай олардың жекелеген санаттарының ­жалақысын көбейту жоспарлануда. Ол санаттарға анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, педиатр, пульмонолог, патолого­анатом, вирусолог және басқа да аса тапшы кадрлар жатады. Осылайша дәрігерлерді қаржылық қолдау тұрақты сипатқа ие болады.

Бұл туралы жақында бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбат берген Денсаулық сақтау вице-министрі Әсем Нүсіпова толығырақ түсіндіріп берген. Жаз бойы «қызыл аймақтан» шықпаған елімізде қыркүйектің басынан індеттің беті қайтып, аурудың күші азайды. Осыған орай, оқушылар мен студенттердің білім ошақтарына қатынап оқуына рұқсат етілді және коронавируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлерінің үстемақысын төмендету туралы шешім қабылданды. Вице-министрдің айтуынша, бұл шешімді ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия биыл 28 мамырда-ақ қабылдаған. Олардың үстемақысын кезең-кезеңімен төмендету туралы сол кезде айтылған, яғни тамыз бен қыркүйекте 50 пайызын алып тастаса, 1 қазаннан бастап толықтай алынады.
– Індетпен күресетін ақ халаттыларға үстемақы беру мәселесі Қазақстан медицинасы пандемияға дайын болмаған кезде көтерілді. Ол кезде вирус әлі зерттелмеген, емдеу хаттамалары қайта-қайта өзгеріп отырды. Емі белгісіз беймәлім вирустан ел ішін үрей биледі, тіпті медицина қызметкерлерінің өзінде қорқыныш басым еді. Сол тұста коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істеген әрбір дәрігерге қатты қолдау қажет болды. Сөйтіп қауіптің ең жоғары тобында жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне – 850 мың теңге, екінші топтағыларға – 425 мың теңге, үшінші топтағыларға 212,5 мың теңгеден төленіп келді. Бірақ ахуал біртіндеп өзгерді. Індетпен күрес барысында қорғанудың тиімді жолдары пайда болып, персоналдың ауру жұқтырып алу қаупін азайтуға мүмкіндік беретін хаттамалар жасалды. Ал биыл дерттен толық айығып кетпесек те, оны жеңіл өткеруге мүмкіндік беретін вакцинация науқаны басталды. Қазақстан Президентінің кешегі Жолдауында да: «Еліміздің қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес» дегенін білесіздер. Бірақ бұл біз қауіпті дертпен бетпе-бет келген ақ халаттылардың еңбегі бағаланбайды деген сөз емес, – дейді Ә.Нүсіпова.
Оның айтуынша, эпидемияға қарсы шараларды жүргізуде қызметкерлерге төленетін үстемақыны беру үшін 2020 жылдың наурыз айынан осы жылдың шілде айына дейін 250,7 млрд теңге жұмсалған. Тамыз бен қыркүйектегі сома 22,5 млрд теңге болған. Ал қазан-желтоқсан айындағы еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне 33,3 млрд теңге қарастырылуда. Жылдық есеппен бұл 133,2 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар елдегі вакцинация жұмыстарына 96 млрд теңге бөлініпті. Бұл – инфекцияның өзін емдеу, дәрімен қамтамасыз ету, қауіпсіздік құралдарын алу және басқа да шығындар есебін қоспағандағы сома.
– Биыл 1 қазаннан бастап індетпен күрестегі медицина қызметкерлеріне берілетін үстемақыны алып тастағандықтан, біз олардың кейбір санаттарының жалақысын көтеруді ойластырып отырмыз. Мәселен, қалалық жерде жұмыс істейтін, 13-16 жыл еңбек өтілі бар, 1-санаттағы дәрігер инфекционистің жалақысы 2021 жылдың 1 қазанынан бастап 368,7 мың теңге болады, сөйтіп олардың бұрынғы айлығына 157 мың теңге қосылады, – дейді вице-министр. Бүгінгі таңда бұл қаулы жобасы Қаржы министрлігіне мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлу бойынша республикалық бюджет комиссиясының қарауына жіберілді. Одан бөлек, министрлікте денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеріп, 2023 жылы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе көп болатын деңгейге жеткізу тапсыр­масына сәйкес жұмыстар жалғасуда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + five =