©2020 Астана Ақшамы
№2 қалалық балалар ауруханасында балалар травматологиясы, ортопедиясы мен қайта бейімдеу мәселелері бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Осы мекемеде 7-11 сәуір аралығында литвалық «Santariskiu klinikos» клиникасы мамандары шеберлік сабағын өткізіп, дәрігерлер өзара тәжірибе алмасты.
Баспасөз мәслихатында Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Сегізбаева, «Жұлдызай» қоғамдық қорының директоры Г. Исабаева мен Литва Республикасы медициана саласының және №2 қалалық балалар ауруханасының мамандары қатысып, қазіргі таңда жас балалардың жарақатттануын емдеуде заманауи тәсілдерін пайдалану маңыздылығы мен шетелдік мамандармен жиі тәжірибе алмасу қажеттігі туралы мәселені талқылады. Жиында литвалық мамандардың шеберлік сабағынан өткен бірқатар дәрігерлерге сертификат тапсырылды.
Іс-шара Астана қаласының педиатриялық қызметін дамыту тұжырымдамасын тиімді іске асыру үшін қалалық Денсаулық сақтау басқармасының медициналық мекемелерде тәлімгерлік көрсету және мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып отыр. Бағдарлама аясында травматолог-ортопед, нейрохирург, комбустиолог және реабилитолог сынды шетелдік жетекші мамандар шақырылып, олар науқасты емдеу арқылы қазақстандық мамандарды оқытып, тәжірибелерімен бөлісуде.
2013 жылы №2 қалалық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне әртүрлі жаратақаттармен 25 мыңнан астам бала жеткізілген. Олардың көпшілігіне травматологиялық бағытта көмек көрсетіліп, үш мыңнан астамына ота жасалған.
Қазіргі таңда балалар арасындағы өлім-жітімнің басым көпшілігі нейрохирургиялық патологиясы бар аурулар арасында байқалады. Сондай-ақ, сала мамандары нейрохирургиялық дертке шалдыққан балаларды диагностикалау мен емдеудегі инновациялық әдістерді қолдану өзекті болып отырғандығын атап өтті.