Дәрігерлер жоққа шығарған ем-домдар

0 31

Коронавирусқа шалдыққандарды емдеудің жаңа хаттамасына сай, дерттің симптомсыз және жеңіл түріне шалдыққандарды үйде емдеу туралы өзгерістер енгізілгелі мессенджерлерде қауіпті вирусты қалай жеңуге болатыны туралы кеңестер қаптап кетті. Денсаулық сақтау министрлігі соларға шолу жасай келе, үй жағдайында қолдануға болмайтын, пайдасынан гөрі қауіптілігі басым кейбір ем-дом, кеңес­терді жариялады.– СОVID-19 кезінде ас содасымен ингаляция жасаған дұрыс па?
– Дәрігерлер бұған жоқ дейді. Егер сіз ағзаңыздың сілемейлі қабықшасын күйдіріп алып, жағдайыңызды одан сайын ушықтыр­ғыңыз келмесе, мұны жасамаңыз. Себебі дәрігерлердің айтуынша, осы індетпен күресте, әсіресе вирус төменгі дем алу жолдарына түсіп кеткен пневмония кезінде бу терапиясымен емделудің тиімділігі туралы бұған дейін бірде-бір ғылыми дәлелденген факті болған емес. Қызу қатты көтерілгенде, қан қысымы жоғарылағанда, жүрек-қан тамырлары ауруларында, бүйрек қыз­метінің бұзылуында және ас содасына аллергия болса жылу ингаляциясын жасауға болмайды.
– Коронавирус инфекциясының профилактикасы ретінде сарымсақ пайдалану туралы.
– Сарымсақ қосылған сусындар мен аш қарынға сарымсақ жеу де «антикеңес» сериясына жататын болып шықты. Бұл табиғи антисептиктің микроб­қа қарсы қасиет­терінің бар екеніне қарамастан, оның коронавируспен күресте тиімділігі дәлелденбеген. Тіпті сау адамның өзі күн сайын сарымсақ тұнбасын іше берсе, гипертония немесе гипотензияға, қысымның көтеріліп немесе түсуіне, жүрек және бас ауруына шалдығуы мүмкін. Ал қайнатылған сарымсақ суы мен сарымсақ бөлігі асқазан-­ішек жолдары аурулары бар адамдарға зиян. Бұл ішектің жұмысын бұзып, қыжылға, бауырдың шаншуына әкеледі.
– Спирт буы вирус­ты өлтіреді ме?
– Медициналық спирт өкпе ісінуінде көпірікті басуға қолданылатыны рас, бірақ дәрігер белгілеп берген нақты қауіпсіз мөлшерде ғана пайдаланғанда. Ішімдік ішу, керісінше, иммундық жүйені қажытып, соның кесірінен вирус­ты тез жұқтырып алу қаупі күшейеді.
– Коронавирус инфекциясына қарсы өкпе жұмысын жақсарту үшін шар үрлеуге бола ма?
– Бұрын өкпеге тиімді жаттығу ретінде шар үрлеу ұсынылатын. Алайда коронавирус кезінде шар үрлеу ауруды одан сайын асқындыруы мүмкін, яғни өкпе ұлпаларын жаппай зақымдап, оны әлсіздендіреді. Тіпті шар үрлеу сияқты өкпеге кез келген оқыс күш түсіру өкпе ұлпасын жыртып жіберуі мүмкін, соның кесірінен оның орны ұзақ уақыт қалпына келе алмай қалады.
– Қауіпті вируста хиджама көмектесе ме?
– Жоқ. Коронавирустан емдеуде қан шығару әдісінің тиімділігіне әлі ғылыми дәлел жоқ. Әрі ол қауіпті. Әсіресе, қан қысымы төмен, жүректің созылмалы ауытқушылығы, қан жасушаларының концентрациясы аз, тамырдың кез келген және психикалық ауытқушылықтары бар адамдарға болмайды.
– Антибиотиктер вирусты өлтіре ме?
– Есте сақтаңыз: қауіпсіз антибиотик деген мүлдем болмайды. Дәрігерлердің олардан қашуды кеңес етуіне не себеп? Өйткені симптомсыз және жеңіл түріне шалдыққан адамдарда 80 пайыз жағдайда ағза вируспен өздігінен күресуге қабілетті. Ал антибиотиктерді ұзақ уақыт іше берудің салдарында антибиотикорезистенттік ахуал бой көтереді, вирустар антибиотикті де жеңіп, күш алып кетуі мүмкін. Вирусты инфекцияны антибиотикпен емдеудің еш пайдасы жоқ. Тек ауру асқынған кезде ғана дәрігерлер оны өздері тиісті мөлшерімен жазып береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 1 =