Дәрігерлер мәселесін қалай шешеміз?

0 35

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының алдағы отырыстарының бірінде «Депутат күні» аясында елорданың денсаулық сақтау саласының жағдайы қаралады. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған жылдың басынан елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетінін ескерсек, бұл аса маңызды іс болып отыр. Осыған орай мәслихат депутаттары қаладағы бірқатар медицина нысандарын аралап, солардың жұмысымен танысып шықты.Депутаттар барған ал­ғаш­қы нысан қалалық фтизиопульмонология орталығы болды. Бұл нысан стационарының жалпы қуаты – 320 төсек орын. Ауысымына мұнда 209 келу тіркеледі. Орталық заманға сай қондырғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, компьютерлік томография, рентген орнатылған. Компьютерлік ота бөлмесіндегі бейнекамера онлайн түрде отандық және шетелдік медицина мамандармен кеңесуге, консилиум өткізуге мүмкіндік береді.
Мұндағы басты мәселе дәрігерлерді баспанамен қамтуға тіреліп отыр. Сол себептен кадрдың тұрақтамауы, мамандардың тапшы­лығы орын алды. Осындай түйткіл №2 қалалық балалар ауруханасында да бар.
«Біздегі дәрігер мамандардың 40 пайызының басында баспана жоқ. Арасында 15-20 жылдан бері баспана кезегінде тұрған санитарлар, мейірбикелер бар. Ал реаниматолог, хирург, нейрохирург секілді қалаға нағыз керек мамандарға баспана берілер болса, оларды біз жұмысқа шақырар едік. Қазір кейбір қызметтерді аутсорсингке бердік. Сондықтан бес-алты шаруашылық бөлмеміз босап отыр. Бұл бөлмелерді адамдар тұратындай етіп ыңғайлауға болады. Соларға баспанадан қиналып жүрген мамандарды уақытша кіргізер едік. Бірақ ол үшін әкімдіктің қаулысы шығуы керек. Бұл құжат осындай бөлмелерді тұрғын үй қорына тіркеу үшін қажет» дейді №2 қалалық балалар ауруханасының директоры Біржан Досмайылов.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова мәселені шешу үшін дәрігерлерге арналған отбасылық жатақхана салу мәселесін көтергендерін айтты.
«Қалалық Білім басқармасында жатақхана бар. Олар жас мамандарымызға 16 орын берді. Бірақ бұл тым аз болып тұр. Өзімізге жатақхана салу керек. Біз тиісті жер телімін сұрадық. Бастапқыда Қарағандыға шығатын тас­жолдың бойынан жер телімі беріледі деген жауап алған едік. Алайда кейіннен бұл берілмейтін болды» деді ол.
№2 қалалық балалар ауру­ханасында медициналық қондырғылардан да тап­шылық бар. Екі рентген аппарат жұмыс істейді. Тәулігіне мұнда 300-400 адам тексеріледі. «Бұл бір емхананың айлық нормасы. Қазір рентгенге түсіру көрсеткіші жағынан елімізде бірінші орында келе жатыр­мыз. Бізге әлі компьютер томографы, МРТ аппараты керек. Науқастарды қабылдау бөлмесінің логистикасын да істесек, тамаша болар еді» деді аурухана директоры.
«Өндіріс» тұрғын алабындағы емхана мәселесі көптен бері түйткіл тудырған еді. Бұл мәселе қазір шешіліп келе жатыр. Мәслихат депутаттары сондағы «Жанұя» отбасылық денсаулық орталығына да барды.
«Бұрын №3 қалалық емхана иелігінде болған жер телімін алдық. Мұндағы емхананың өзі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналас­қан болатын. Біз жаңа медициналық орталықты өзіміз салдық. Қазір мемлекеттік тапсырыс аясында 13 мың адамға қызмет көрсетеміз. Ауысымына бізге 50 адам келеді. Жақында жедел жәрдем қызметін енгіземіз» деді орталық директоры Гүлмира Бекетова нысанды аралатып.
Депутаттар дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз ету, науқас­тарға қызмет көрсету, емдеу жағдайларымен танысты. Мәслихаттың алдағы отырысында анықталған мәселелер қаралатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =