Дәрігерлер еңбегі – ерлік

0 36

Әлемді алаңдатқан ауыр індетпен күресіп жатқан елордадағы ақ халатты абзал жандарға қандай қолдау көрсетіліп жатқаны жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Сәуле ҚИСЫҚОВА айтып берді.– Қазір ауыр індетпен күрестегі алғы шепте медицина мамандары жүр. Осындай қысылтаяң кезде оларға қандай қолдау көрсетілді?
– Мемлекет басшысы төтенше жағдай жариялағаннан бастап коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлерін қолдауға тапсырма берді. Елордада наурыз айында коронавирус инфекциясы анықталған науқастармен тікелей байланыста болып, жұмыс істеген дәрігерлерге екі лауазымдық мөлшерде жалақы төленді. Провизорлық ауруханалардың мамандары, қалалық жедел медицина көмек көрсету бригадасының қызметкерлеріне бір лауазымды мөлшерде сыйақы берілді. Сондай-ақ шаһардағы ауруханаларда жұмыс істейтін медицина мамандарына өздерінің алып отырған жалақысына қосымша үстемақы төленді. Тағы бір айта кететін жайт, аталған инфекцияны медицина қыз­меткерлері жұқтырған жағдайда сақтандыру төлемі екі миллион теңгені құрайды.
– Бұл барлық дәрігерге емес, санатқа байланыс­ты. Соны таратып айтасыз ба?
– Коронавирус инфекциясына қарсы іс-шараға қатысқан медицина мамандары үш топқа бөлінген. Бірінші – «қауіптілігі аса жоғары» тәуекел тобы. Бұл топтағылар коронавирус анықталған науқастармен тікелей байланыста болып, жұмыс істейді. Олар: дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, инфекциялы аурухана мен реанимация орталығының мамандары. Бұл кісілерге 850 мың теңге төленеді.
Екінші – «қауіптілігі жоғары» топқа карантиндік және провизорлық аурухананың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері кіреді. Олар 425 мың алады.
Үшінші – «қауіптілігі орташа» топқа карантинде стационарлық байланыс­тағы адамдармен тікелей жұмыс істеген дәрігерлер, орта және кіші медицина мамандары, жедел жәрдем стансалары бригадаларының жүргізушілері, ауруханалардағы жедел респираторлық вирус­тық инфекциялар және пневмония белгіленген науқастарды анықтайтын қызметкерлер кіреді. Сондай-ақ емханалардағы бірінші көмек көрсететін фильтр кабинеті мен ауруханалардағы жедел қабылдау бөлімінің медицина мамандары да осы топқа жатады. Яғни үшінші топқа кіретіндерге 212,5 мың теңге беріледі. 13 сәуірге дейін елордадағы бірінші топтағы – 400, екінші топтағы – 955, үшінші топтағы 543 медицина мамандарына үстемақы төленді.
– Медицина қызметкерлері бұл төлемақыны қанша уақыт алады, мерзім белгіленді ме?
– Бұл төлемақы мамандардың жұмыс уақытына байланысты беріледі. Өткен айда қанша уақыт істеді, соған төленді. Әр ай сайын Мемлекеттік комиссияның отырысы бар, сонда шешім шығарылады. Мерзімін нақты айту қиын, біз екі-үш ай деп жоспарлап отырмыз, әрі қарай уақыт көрсетеді.
– Ақ халатты абзал жандар жеке қорғаныс құралдарымен қаншалықты қамтылған?
– Елордадағы медицина қызметкерлеріне жеке қорғаныс құралдарын қамтамасыз етуге қажетті қаржы бөлінген. Қазір мамандар қорғаныс құралдарымен қамтылған деп айта аламын. Оны басшылар да қатаң бақылауға алған. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде күндіз-түні індетпен алысып жатқан дәрігерлердің еңбегін ерлік деуге болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 2 =