©2020 Астана Ақшамы
Дәрігерлер дем берді
Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Ал, денеңізді дерт меңдеп, өміріңізге қатер төнгенде арашаға түсетін дәрігерлер десем, артық айтқандық емес. Сондықтан да, осы хатым арқылы дәрігерлерге алғыс айтуды жөн көрдім. Мен 1 қараша күні Астана қаласының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына Нұрилә атты қызымды емдетуге әкелдім. Қызыма 7 сағат бойы күрделі ота жасалды. Сонда мұнда өз ісінің нағыз білікті мамандары жұмыс істейтініне көз жеткіздім. Айтайын дегенім, мұндағы тазалық, қызметкерлердің ілтипаты, науқастармен қарым-қатынасы көңілімнен шықты. Олар науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып жүреді. Арасында маған да қызымның аяққа тұрып кететінін айтып, жұбатып қояды. Мұның өзі жанымызға дем береді. Науқастарға мейірімді болу, шамасы келсе өзгелерге жақсылық жасауға ұмтылу, үлкенді сыйлау мен кішіге өнеге, қамқорлық көрсету өте ертеден келе жатқан, ұлтымызды ұшпаққа шығаратын қасиеттер ғой. Әсіресе, Ортопедия бөлімінің меңгерушісі Болат Нағмановқа, көмекшісі Ардақ Нұрмахановқа ризашылығымды білдіремін.
Мұнда Елбасымыздың тапсырмасымен халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі іс-шаралар тиімді жүзеге асып жатыр деп ойлаймын. Кәсібиліктеріңіз үшін, адал қызмет етіп, адамдардың денсаулығы жолында жасаған ең мейірбан да абзал еңбектеріңіз үшін шексіз алғыс айтамын. Мекеме дәрігерлері осы бағыттан таймай жұмысты жалғастыратын болса, үлкен нәтижеге қол жеткізері сөзсіз. Ендеше, қиын да жауапты еңбектеріңізге табыс тілеймін! Әрқашан ел сенімін ақтап, қошеметке бөлене беріңіздер дегім келеді.
Асан Досболаев,
Оңтүстік Қазақстан облысы
Бәйдібек ауданы
Ақбастау ауылы