Дәрігерге арналған көрме

0 15

Елордадағы Ұлттық музейде медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Батпеновті еске алуға арналған көрме өтті.

Көрмеге білікті дәрігердің өзі тұтынған 60-тан аса бұйымдары қойылды. Олардың ішінде наградалар, фото-суреттер мен басқа да естелік заттар бар. Сондай-ақ Нұрлан Жұмағұлұлының еңбек жолы, өнегелі өмірі туралы кеңінен мағлұмат берілген. Көрме барысында абзал азаматты жақын білетін әріптестері мен достары ол туралы сағыныш мұңы ескен естеліктер айтып, тағылымды әңгіме өрбітті.
Нұрлан Батпенов 1949 жылы Ақмола облысының Балкашино ауылында дүниеге келген. Целиноград мемлекеттік медицина институтында оқып, еңбек жолын Целиноград облыстық клиникалық ауруханасының травматологиялық-ортопедиялық бөлімінде дәрігер-ординатор болып бастаған. Әр жылдары Целиноград мемлекеттік медицина институтының травматология және ортопедия кафедрасының ассистенті, Ақмола медакадемиясының экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры, қалпына келтіру травматология, ортопедия кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2001 жылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Ол – бар ғұмырын медицина саласына арнап, саланың дамуына зор үлес қосқан қайраткер. Биылғы шілде айында 71 жасында мезгілсіз дүниеден озды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − seven =