«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Дәрігердің айлығы шайлығына жете ме?

0 249

Астана қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері елорданың екі бірдей денсаулық мекемесінде болып, ондағы қызмет көрсетудің сапасымен танысты. Сонымен қатар, дәрігерлердің жалақысы мен білікті мамандардың тапшылығы мәселесі қозғалды.

Алдымен сол жағалаудың тұрғындарына қызмет көрсететін №9 емханаға ат басын бұрды.
«Емхана 2015 жылы ашылды. Барлық талаптарға сай жабдықталған. Негізінде, 35 мың адамға қызмет көрсетуіміз керек, алайда қазіргі уақытта емханаға 71500 адам тіркелген. Бізде 12 бөлім, оның ішінде
диагностикалық қызмет көрсету, хирургия, психологиялық және әлеуметтік көмек беру,
3 жалпы тәжірибелік, 1 педиа­тр бөлімі мен күндізгі стационар жұмыс істейді» дейді мекеменің бас дәрігері Айгүл Жақсылықова.
Емхана қызметкерлерінің бас­ты мәселесінің бірі – жалақының аздығы. Бас дәрігер­дің айтуынша, мекемеге тір­­-
келген әр адам санына бюд­жет­тен 897 теңге бөлінеді екен.
«Мұның 85 пайызы қызмет­керлердің жалақысына жұмсалады. Дәрігерлердің орташа айлығы – 45 мың теңге. Бірақ қолдан келгенше жарты ставкадан қосып беріп, тапшы ма­мандарға үстеме қойып, олар­дың кетіп қалмауы үшін ба­рын­ша тырысамыз» дейді ол.
Белгілі болғандай, елорда емханаларында нормативтік ынталандыру компоненті қарастырылмаған, сол себепті олардың жалақысы аймақтағы дәрігерлердің еңбекақылары­нан төмен.
Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Мұстафин бұл мәселені рес­публикалық деңгейде көтеру керектігін айтты. Бас дәрігердің пікірінше, қала емханаларына бөлінетін қаржы көлемі адам басына 1200 теңгеден болса, мұндай мәселе туындамайтынын алға тартты.
Астана қаласында емхана­лардан бөлек, «Салауатты Астана» отбасылық-дәрігер­лік амбулатория жұмыс іс­тейді. «Ертегі әлемі» тұрғын үй кешенінде орналасқан жекеменшік мекеме мемлекеттік тапсырысты орындайды. Шағын амбулатория 9 мың тұрғынға лайықталған, оның 3,5 мыңы – балалар. Дәрігерлердің саны – небәрі 6.
«Мұнда күндізгі стационар, екпе салу кабинеті бар. Нау­қастарды қабылдайтын терапевт, педиатр, гинеколог жұмыс істейді. Тұрғындарға өте ыңғайлы жерде орналасқан. Бұл жоба «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Мұнда қызмет тегін көрсетіледі» дейді «Салауатты Астана» ЖШС директоры Күлжан Анасова. Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырыс аясында әр азаматқа бюджет есебінен 800 теңгедей бөлінеді.
«Оның 48 пайызы жалақыға жұмсалса, 27 пайызы диагнос­тикалық тексерулер жүргізу үшін басқа мекемелерге төленеді. Бір бөлігі мекеменің ай сайынғы жалға алу құнына жұмсалады. Шынын айтқанда, 800 теңгені жеткізу қиын. Тым болмаса мемлекеттен адам басына 1500 теңгеден бөлінсе, тәуір жалақы төлеу­ге болатын еді» дейді Күлжан Анасова.
Бұл мәселелердің барлығы ертең «Тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің жай-күйі және елорданың денсаулық сақтау жүйесін дамыту» мәселесіне арналған қоғамдық тыңдау отырысында кеңінен талқыланатын болды.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды