Дәрігер ретінде де, адам ретінде де екпе алуға шақырамын

Тимур МҰРАТОВ, Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы

0 888

– Тимур Мұратұлы, жақында халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау басталады. Екпе алу қаншалықты маңызды және денсаулыққа қандай оң әсері бар?– Вакцинациялау – адам ағзасына вакцина, яғни арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір жұқпалы аурудың алдын алу. Былайша айтқанда, денсаулықты нығайту жолдарының бірі және оның белгілі ауруға төтеп беру мүмкіндігін көрсетеді. Індеттің таралуына жол бермеу үшін жеке басым оған қарсы екпе алуды жөн көремін. Біріншіден, мұны дәрігер ретінде кеңес етіп айтамын. Көп жағдайда екпе алудың пайдасы зор. Екіншіден, қарапа­йым адам ретінде де осыған шақырамын. Өз басым екпе салудан бас тартпаймын. Кезегі келгенде екпе алушылардың қатарында боламын. Өзімізді қорғасақ, бірігіп денсаулықты нығайту үшін өз үлесімізді қоссақ, вакцинация маңызы мен пайдасын ұғынсақ, инфекциялық ауруханаға ауыр халде баратын жағдайларды болдырмаймыз. Елордада бүгінде КВИ бойынша 230-дан астам алғаш зертханалық расталған жағдайлар тіркеліп отыр, инфекциялық стационарларда коронавируспен 300-ден астам науқас жатыр. Бұл дегеніміз – індет әлі жойылған жоқ, керісінше, өршіп барады деген сөз. Оның алдын алу жолдарының бірі – екпе салдырту.
– Халық арасында екпе алудан қорқатындар бар. Кейбіреулер бас тартып отыр. Осы жағдайға байланысты не дер едіңіз?
– Әлем бойынша кез келген вакцина екіге бөлінеді: міндетті және ерікті. Сондай-ақ бірде-бір вакцина мәжбүрлі түрде жасалмайды. Инфекцияның алдын алу мақсатында Ұлттық вакцинациялау күнтізбесі бекітілді. Екпені алу-алмау – әркімнің өз еркі. Бәріміз айтып отырған, әлі де зерттеліп жатқан коронавирус індетіне қарсы вакцина – жаңа. Оның қандай оң әсер әкелетінін әзірге мен де айта алмаймын. Бірақ нақты білетінім – ол дертпен ауырып қалған жағдайда аурудың ауырлығын төмендететіні анық. Вирус жайлап басталған кезде ағзаңыз оған қарсы тұруға дайын болады, оған күмәнім жоқ. Көріп отырғанымыздай, әлем ғалымдары, еліміздің білікті мамандары вакцина жасап, оны зерттеуде көп күш пен білімін салды. Вакцина бірнеше кезеңдік зертханалық тексерістен өтті. Қорқыныш болатыны – түсінікті жағдай. Адам баласы болғандықтан бейтаныс бір заттарға, қоршаған ортада болып жатқан құбылысқа осылай жатырқай қарау жаратылысымызда бар. Бірақ денсаулығымызды ойласақ, бұл сезімді артта қалдыру керек, бәрі жақсы болатынына сенімдімін.
– Халықты жаппай вакцинациялау қалай жүзеге асырылады?
– Жақында ДСМ коронавирусқа қарсы вакцинациялау бойынша әдістемелік ұсыныстарды бекітеді. Сонда қандай санаттағы адамдарға қалай және қандай жағдайда жасалатыны, өзге де мазалап жүрген сұрақтарға жауап беріледі. Әзірге айтатыным, 18-ден 64 жасқа дейінгі азаматтарға екпе салынады, оның ішінде медициналық қарсы көрсеткіші бар адамдар вакцинациядан босатылады. Әрине, кейбір адамдар өз еркімен бас тарта алады. Жалпы, елорда халыққа екпе салуда техникалық жабдықталуы бойынша және мамандардың дайындығы жөнінен де толық дайын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 4 =